Оқулық – балаларға білім мен тәрбие беруде маңызы зор, ықпалды идеологиялық құрал. Стратегиялық мәні терең. Сондықтан алысты көздеген әр мемлекет оқулық арқылы жаңа буынды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды үйлестіре отырып, ізгі ұрпақ қалыптасуын жіті назарда ұстайды.
Қазақстандағы оқулықтарға қатысты сын да, мін де азаяр емес. Сонда біз қай жерде келеміз?.. Кемшіліктер қай тұста? Ілгерілеу ше?
Осыған сәйкес, Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Болатханұлынан сұхбат алған едік. Оқыңыздар, танысыңыздар, ой бөлісіңіздер…
– Белгілі бір оқулықты жасауда, өзгертуде әкімшілік нұсқаудың орны зор ма, әлде қоғамның, мұның ішінде мұғалімдердің, ғалымдардың айтқан, жазған сындары, ескертпелері басты назарға алынып, өзгеріс соның негізінде жүре ме?
– Оқулық сараптаудың бес кезеңі бар. Кезеңдердің өту шарттары олардың таза, әділ өтуіне бағытталған. Десе де, заңды сұрақ туады: ойдағыдай өтетін болса, онда оқулықтың кемшілігі неден?
Бұл сұраққа жауап берерде мен мектеп оқулықтарының сапасы бірқатар салалардың дамуына байланысты екеніне назарыңызды аударғымкеледі. Атап айтқанда, педагогика мен психология ғылымдарының, баспа ісінің, IT саласы мен мемлекеттік сараптама жүйесінің тиімділігіне және ондағы мамандардың біліктілігіне. Қазіргі қолданыстағы 600-ден астам мектеп оқулығы аталған салалардың даму деңгейінің көрінісі десе болады.
Педагогика мен психологияға қатысты аспектіні алып қарайық. 2015 жылы сала ғалымдары мен сарапшылары білім мазмұнын жаңартамыз дегенде, әлемдегі дамыған елдер үшін ортақ білім беру философиясын қоғамымызға әкелейік деген мұрат көзделді. Ғаламдық үрдістерді дәстүрлі іс-тәжірибелермен байланыстыру әдетте қиынға соғып, ұзаққа созылатыны белгілі. Оның үстіне білім саласы өзге салалардан гөрі консервативті келетіні тағы бар. Сондықтан білім беру мазмұнын жаңарту аясында идеологиялық жағынан орныққан стереотиптер шекарасынан асу қиын болды. Дейтұрғанмен, 2015 жылды орта білім беру бағдарламаларының Тәуелсіздік тарихымыздағы әлемдік қауымдастықпен ықпалдасу бағытындағы алғашқы да, түпкілікті бетбұрысы деп атар едім. Себебі, бағдарламада әзірлеушілер әлемдік психология мен педагогикаға сай мұғалімнің жаңаша рөлі, оқушының белсенді таным субъектісі ретіндегі орны, білім мазмұнын құндылықтар мен тәптіштелген оқу мақсаттарынан туындатып шығару сынды заманауи көзқарастарды, әдіс-тәсілдерді және айтарлықтай түрленген пәндік фактологиялық материалды тұжырымдауда батылдық танытты.
Оқу бағдарламаларының осыншама өзгеруі оқулықтардың да өзгеруін талап етті.Осы заманғы мықты педагог білім мазмұнын баланың қызығушылығы мен қажеттілігіне бағыттап, оқулықтан бөлек сырттан ресурстардыкөптеп алып пайдалануы керек деген педагогикалық принцип айтыла бастады. Дегенмен оқулық әзірге әлемнің көптеген еліндегідей Қазақстан педагогтерінің де негізгі оқу құралы ретінде қалып отыр. Өйткені мұғалімдердің кәсіби ұстанымына жаңалық әкелу,оны орнықтыру – ұзақ та, ұдайы өзін-өзі іскери дамытуды қажет ететін перспективалық жұмыс. Олқысқа мерзімді шабытпен, жанкешті бірлі-жарымды іс-шарамен жүзеге аспайды.
Қоғам жағымды өзгерістердің, соның ішінде ұлттық мектеп оқулықтарының тез арада, әрі қалың қауымға ұнамды болатындай өзгергенін қалайтыны түсінікті. Оқулық мазмұнына жүргізілетін мемлекеттік сараптамаға жауапты Орталығымыздың ұжымы да соған мүдделі. Алайда түпкілікті өзгерістер белгілі бір уақыт алады. Бүгінде мектептің 1–11-сыныптарында 600-ден астам оқулық қолданылады. Оларды мыңдаған маманнан құралатын авторлық ұжымдар жазады, екі мыңнан астам маман мемлекеттік сараптама кезінде тексереді.
Мемлекеттік сараптама жүйесіне келер болсақ, оқулықтардың сараптау жүйесіне биыл 17 жыл толды. Белгілі бір тәжірибе жинақталды. Жүзеге асқан да, іске аспай тұрған ой-идеялар да кездеседі.Мемлекет 2004жылыоқулықтарды әзірлеу жұмысын жекеменшік, бәсекелі ортаға берді. Бүгінде оқулық жазумен айналысатын қырыққа жуық баспа үйі бар. Соның ішінде Оқу-ағарту министрлігінің тізбесіне іліккені – жиырма шақты. Мұның ішіндегі ең ірі баспа үйлері: Мектеп, Атамұра, Алматыкітап және Арман-ПВ. Оқулық аталымдарының 72%-ін аталған баспа үйлері әзірлеп, жарыққа шығарады. Баспа үйлері саланың үздік әрі беделді ғалымдары мен практик-ұстаздардың ішінен авторлар ұжымын қалыптастыруға тырысады, оқулықтың құрылымдық, мазмұндық және полиграфия-техникалық тұрғыдан барлық міндетті талаптарға сай шығуын, тексеруден өтуін үйлестіреді. Соңғы жылдары баспа үйлері оқулықтарда IT шешімдердің кеңінен енгізілуіне мән беруде.
Оқулық басуға қатысты соңғы үш жылда мемлекеттік сараптамада болған елеулі өзгерістерге келсек, бүгінде баспаның жауапкершілігі арттырылды. Айталық, безендіру, корректорлық және редакторлық жұмыстан басқа баспаішілік сараптама ұйымдастырады. Оған сырттан мамандар тартуға міндетті. Сонымен бірге, оқулық авторы мен сарапшы арасындағы бағалау критерийін түсінудегі алшақтықты, субъективизмді азайту үшін баспа есебінен авторларды оқыту курстары өткізіледі. Министрліктің № 91бұйрығына сай, бірінші оқу жылы ішінде оқулықта немесе оқу-әдістемелік кешенде (ОӘК) полиграфиялық ақау анықталған жағдайда баспа үйі оны өз қаражаты есебінен ауыстырады. Аталған жаңалықтар мен Орталықтың кәсіби ұстанымдары оқулық мазмұнын бағалап, олардың ішінен үздіктерін мақұлдауға бағытталған рәсімдерді мейлінше объективті, ашық және оқушылар мен мұғалімдердің сұранысына бағындыра отырып өткізуге бағытталған.
– Оқулыққа түзету керек болды дейік. Түзегенге дейін оқу үдерісінде қатесі бар оқулық қолданыста қала бере ме? Жедел шешу тетіктері жоқ па?
– Егер бірінші оқу жылы оқулықта немесе ОӘК-де белгілі бір полиграфиялық және т.б. ақау баспаның қателігінен кеткен болса, түгел ауыстырылады. 2020жылдан бастап арнайы нормативтік құқықтық актіге енгізілген осындай міндеттеме бар. Егер оқулықта қайсыбір қате кейінгі жылдары анықталатын болса, Орталығымыз баспа үйінің мамандарымен бірге мұндай олқылықтың орнын толтыруға шара қабылдайды. Атап айтқанда, баспа үйінің есебінен қолданыстағы оқулықтарға арнайы жапсырмаларды желімдеу, оқулықтың түпнұсқа файлында қажетті түзетулерді енгізіп, жергілікті атқарушы органдар сатып алатын қосымша таралымды өңделген нұсқада басып шығару. Бұдан басқа Оқу-ағарту министрлігінің сайтына ілінген оқулықтың электронды нұсқасына қажетті түзетулер тез арада енгізіледі.
– Қандай да бір оқулықты жасаудың министрлік бекіткен арнайы мерзімі бар ма?
– Оқулық әзірлеудің арнайы мерзімі белгіленбеген. Бұл неге байланысты? Оқу бағдарламалары мен жоспарларының өзгеруіне қарай. Егерөзгеріс енсе, ол жөнінде баспа үйлеріне хабарланады. Баспа үйлері оқулық әзірлеуге орташа есеппен бір жылдай уақыт жұмсайды. Мұнда баспа үйлері Орталығымыздың оқулықты бағалаудағы критерийлерді, сонымен қатар 2022-жылдың сәуірінде бекітілген Оқулықтың құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар туралы Министрліктің бұйрығын басшылыққа алады.
Әзірленген оқулықтардың құрылымы мен мазмұны мемлекеттік сараптаманың 5 кезеңінен өтсе, шамамен 30%-ке өңделеді. Демек, сараптамалық рәсімдердің нәтижесінде мектептер үшін үздік оқулықтар сұрыпталумен қатар, тиісті өңдеуден өтеді.
– Аймақтарға әріптестеріңіз сынақ жасау үшін барғанда, қандай пәндерге қатысты оқулықтарда сын-ескертпелер жиі кездесті немесе жақсырағы қайсы болды?
– Пәннің оқу бағдарламасына тың өзгерістер енген жағдайда осы пәннің оқулықтары пилоттық мектептерде сынақтан өтеді.Ол кезде апробатор-мұғалімдер мен оқушылар оқулыққа қатысты өз ой-пікірлерімен бөліседі және сабақ үстінде оқулықты пайдаланып көреді. Бұл үшін Орталығымыздың әріптестері былтыр 7 аймақтағы(Ақмола обл., Жамбыл обл., Павлодар обл., СҚО, Қарағанды обл., Нұр-Сұлтан қ. және Шымкент қ.)қала, ауыл мектептеріне барып, алаңдық зерттеулер өткізіп келді. Сіздің сұрағыңызға оралар болсақ, сынақ кезеңінде оқулық ұсынылсын я ұсынылмасын деген шешім шықпайды. Сынақтың мақсаты – мемлекеттік сараптаманың бірінші кезеңінен өткен оқулықтың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы практика тұрғысынан конструктивті мәлімет, ұсыныстар алу. Бұл тұжырымдалған ұсыныстар жинақталып, өңдеу жұмыстарын өткізу үшін баспа үйлеріне жолданады.
– Қоғамдық талқылау оқулық сапасына қаншалықты ықпал етеді?
– 2015–2018 жылдары қоғамдық бағалауға арналған портал болды. Оқулық макеттері мақұлданбастан бұрын бірнеше ай қоғам ішінде қаралсын деген идея болған-ды. Практика жүзінде бұл идея кедергілерге тап болды. Мәселен, оқулық авторларының және баспа үйі ұжымының айналасындағы мүдделес әріптестері сол оқулыққа қана емес, оған балама, яғни өзге баспа үйінің оқулық макетіне пікір білдіретін. Көп жағдайда мұндай ұсыныстар бір оқулықты жақтап, қалған нұсқаларын жамандауға апаратын. Сын-ескертулердің басым көпшілігі мазмұнды болмағандықтан, оларды сараптама мақсатында қолданудың мәні болмады.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, қоғамдық талқылаудың оқулық сапасын бағалаудағы үлесі әдетте 5%-тен аспайды. Отандық және халықаралық тәжірибені ескере отырып, былтырдан бастап біз қоғамдық талқылау кезеңін мәнді ету мақсатында оқулық макеттерінпәндік ассоциацияларға ұсыныс-пікір алу үшін жолдайтын болдық.
– Оқулық жасаудың бес сатысы қай уақыттан бері қолданылып келеді?
– Мемлекеттік сараптаманың кезеңдерін атайық: (1) сынаққа дейінгі ғылыми-педагогикалық сараптама, (2) жаңа оқу бағдарламасы бойынша әзірленген оқулықтарды пилоттық мектептерде сынақтан өткізу, (3) қоғамдықталқылау, (4) сынақтан кейінгі ғылыми-педагогикалық сараптама және (5) пәндік сараптамалық комиссия қарауы. Аталған кезеңдер соңғы он жыл ішінде орнықты десе болады.
– Олай болса, оқулықтардағы олқылықтар қалай тыйылмай отыр?
– Аталған 5 кезең соңғы он жылдың ішінде белгілі болғанымен, бұлардың сараптамадағы рөлі әртүрлі болды. Мысалы, соңғы жылдары практика қажеттіліктерін және қоғамдық пікірді ескеру үшін 2 және 3-кезеңдердің маңызы арта түсті. Сонымен бірге, ғылыми-педагогикалық сараптама мен пәндік сараптамалық комиссия басшылыққа алатын оқулық мазмұны мен құрылымына қойылатын талаптар шыңдалды. Сол сияқты ғылыми-педагогикалық сараптаманың 2 кезеңіне тартылатын сыртқы сарапшыларға талап күшейді. Баспа үйлерінен келіп түсетін оқулықтар міндетті түрде «иесізденген», яғни мұқабасыз, авторлары мен баспасы көрсетілмеген күйде сарапшыларға ұсынылатын болды. Бұл олардың оқулыққа мейлінше объективті, әділ баға беруі үшін жасалды. Ал сыртқы сарапшылар болса, арнайы оқу курсынан өтіп қана қоймай, тест тапсыратын болды. Мінекей қарап отырсақ, мемлекеттік сараптама кезеңдерінің мазмұны да, оған қатыстырылатын мамандардың біліктілігі де бірте-бірте артып келеді.
– Бір ғалым мен екі практик мұғалімге мемлекет есебінен қанша қаржы бөлінеді?
– Білім мазмұнын сараптау орталығының қызметі білім саласындағы мемлекеттік монополияға жатады. Сондықтан Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет келіскен баға мөлшеріне сәйкес және жылдық тақырыптық жоспарда көзделген көлем бойынша қаржы бөлінеді.
– Мәселен, 150–200 беттік оқулықты жасау үшін жалданған бір ғалым мен екі практик мұғалімге нақты қанша кетеді?
– Әр оқулық пен оқу-әдістемелік кешеннің ғылыми-педагогикалық сараптамасын жүзеге асыру үшін сарапшылар тобы құрылады. Оның құрамына пәндік саласына сәйкес ғылыми дәрежесі бар 1 маман және біліктілік санаты «зерттеуші педагогтен» төмен емес 2 практик-мұғалім кіреді. 200 беттік оқулыққа жүргізетін сараптамасы үшін осы сарапшылар тобына шамамен 80–100 мың теңгедей төленеді. 2021 жылы 300 сыртқы сарапшы арасында өткізілген сауалнама нәтижесі олардың 70%-нің төлемақысына қанағаттанбайтынын көрсетті. Осыған орай, алдағы уақытта сыртқы сарапшылар төлемақысын көбейтуге бағытталған шаралар жүзеге асырылмақ.
– Сараптау тобын кім құрайды? Шешуші дауыс кімде?.. Сіз, әлде орынбасарыңыз…
Мысалы, осы төртеуін бекітуде: Орталық маманы, бір ғалым мен екі практик мұғалім.
– Ғылыми-педагогикалық сараптама кезеңдеріне тартылатын 2 мыңдай сыртқы сарапшы базасы бар. Оған ғылыми дәрежесі немесе біліктілік санаты бар, арнайы оқу курсынан өткен ғалымдар мен практик мұғалімдер енді. Осы базадан оқулықты сараптауға сарапшыларды іріктегенде олардың оқу курсынан алған тест нәтижесі, сараптамадағы бұған дейінгі тәжірибесі ескеріледі. Іріктеу алқалы шешім негізінде қабылданады.
– Комиссия мүшелерін қалай таңдайсыздар?
– Пәндік сараптамалық комиссия қарауы – мемлекеттік сараптаманы аяқтаушы кезең. Бұл комиссия құрамына алдыңғы кезеңдерге, яғни ғылыми-педагогикалық сараптама кезеңдеріне араласпаған сарапшылар тартылады. Бұл мамандар да аталмыш базадан іріктеледі. Іріктеу критерийлері бірдей. Бір пән бойынша 10–15 маман тартылып, қорытынды шешім шығарады.
– Олқы оқулық шығып кетті. Ал, соны мақұлдаған сараптау комиссиясы алған ақшасын мемлекетке қайтарып бере ме? Мұндай міндеттеме жоқ па?..
– Мына бір жайтты ескеруіміз керек. Мемлекеттік сараптама кезеңдеріне шақырылатын сарапшылар бәсекелес баспа үйлері әзірлеген оқулық нұсқаларының ішінен тәуірін таңдап алуға тырысады. Мәселен, 2021 жылғы сараптама қорытындысы бойыншазерделеуге түскен оқулықтардың шамамен жартысы мақұлданбады.Ал мақұлдауға тұрарлық оқулық нұсқаларының өзі сыртқы сарапшылардың ескертуі бойынша 30%-ке дейін өңделіп шықты.
Орталығымыздың мамандары ғылыми-педагогикалық сараптаманың кезеңдеріне қатысқанымен, соңғы пәндік сараптау комиссиясының шешім шығаруына араласпайды. Пәндік сараптау комиссиясына еліміздің түкпір-түкпірінен келген бірқатар мамандар қатысады. Олар бір пән бойынша барлық рәсімнің «сүзгісінен» өткен оқулықтарды мақұлдау-мақұлдамау туралы көпшілік дауысқасалып, шешім шығарады. Бір пән бойынша бір емес, бірнеше оқулық өтуіне құқықтық мүмкіндік бар. Ендеше, сараптама жүйесі «кастинг» іспеттес, барының ішінен озығы таңдалады. Іріктелу жолында оқулықтар өңдеуден өтеді. Демек, оқулықты түгелімен олқы деу әсіре сілтеу болады. Егер мақұлданған оқулықтың ішіндегі бірлі-жарымды олқылық кетсе, я болмаса, баспа тарапынан келіспеушілік болған жағдайда, бұл мәселелерді сыртқы сарапшыларды тарту арқылы қарастырамыз. Баспа, комиссия сарапшылары және Орталық мамандары әдетте оңтайлы шешім табады. Көбіне-көп «олқылық» деп жарияланған ескертулер расталмайды.
Ал расталатын болса, бас үйлері оны түзетудің жолын қарастырады. Мысалы, былтыр 2-сыныпқа арналған «Ағылшын тілі» оқулығында берілген суреттер қызу талқылауға түсті. Нәтижесінде, баспа үйі жергілікті атқарушы органдардың сұранысына сай ол оқулықты өз есебінен түгел ауыстыруға міндеттеме алды.
– Сол оқулықтағы қате ресми анықталып, түзетіліп, қайта басып шығарылып, оқу үдерісіне түскенге дейін қанша уақыт кетті?
– «Ағылшын тілі» оқулығын айтар болсақ, сын-ескертулер маусымда айтыла бастады. Баспа өз есебінен оқулықты қыркүйекте, яғни жаңа оқу жылының басына таман ауыстырып, басып шығарды.
– Әлеуметтік желілерге де, оқулықтарға қатысты бірнеше сауалдар қойып, көзқарастарын, пікірлерін сұраған едік. Бірсыпырасы: 5-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихында» қателіктер бар, бастауыш және мектепалды даярлық оқулықтары орысшадан қазақшаға төте аударыла салған, химия оқулықтарында жүйе жоқ…әсіресе, 10-11-сыныпқа қатысты, университетте оқыған заңдар берілген т.б. осы сарында шықты…
– Оқулыққа қатысты айтылатын ескертулерді көп жағдайда қарастыру қиын болып жатады. Себебі, сын авторы жиі нақты қай оқулық, қай баспа, қандай тақырып және қайсы бетіндегі екенін көрсете бермейді. Жеме-жемге келгенде, оқулық өзге мемлекеттікі, қолданыстан шығып қалған немесе оқулыққа қатысы жоқ өзге бір ресурстан алынған болады. Мұндай фейктер жұртты дүрліктіргеннен және соны таратушылардың рейтингін көтергеннен басқа, пайда әкелмейді. Отандық оқулықтардың беделін түсіреді.
Жалпы, оқулықтың айналасында түрлі «аңыз» бар. Соның бірі – автор қалаған тақырыбын өзі кіргізеді, пәнге еш қатысы жоқ материалды енгізеді. Шынында, олай емес. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген оқу бағдарламалары бар. Сонда пәннің әрбір сыныбындағы тақырыптар меноқу мақсаттары көрсетілген. Біз мемлекеттік сараптама аясында оқулықтардың оқу бағдарламасына сәйкестігін тексерілуіне баса назар аударамыз.
Қазақ тіліндегі оқулықмәтіндерінің тілге жатық болмауына қатысты алаңдаушылықтың бары рас. Соған байланысты, биыл 5 сәуірде Министрлік бұйрығымен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар бекітілді. Осы бұйрыққа сәйкес қазақ тілінде оқытатын мектептерге оқулық тек қазақ тілінде әзірленуге тиіс, яғни аударма қабылданбайды.
– Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқулықтардың сапасына бақылау жасай аласыздар ма?
– Назарбаев зияткерлік мектептері (әрі қарай – НЗМ)дербес білім беру ұйымдарына жатады. Олар оқу бағдарламасы мен оқу құралдарын өздері әзірлеп бекітеді. Мұндай жұмыс түрлерін жүргізуге маманданған құрылымы бар. Атап айтқанда, НЗМ-ге қарасты Білім беру бағдарламалары орталығы қызмет етеді.
– Әлеуметтік желіде НЗМ оқулығына қатысты да сын айтылды. Сіздер оларды тексере алмайсыздар ма?..
– Мұнда бір нәрсені нақтылап алу қажет. НЗМ Білім беру бағдарламалары орталығы екі бағытта қызмет етеді. Біріншісі – НЗМ желісіндегі мектептерге ғана арналған оқу басылымдары. Олар мемлекеттік сараптамадан өтпейді. Екіншісі – жалпы білім беретін мектептерге бейімделіп шығарған оқу басылымдары. Екінші бағыт аясында әзірленетін оқулықтар міндетті түрде мемлекеттік сараптамадан өтеді. Демек, дәл осы оқулықтарөзге баспа үйлерімен қатар бірдей тәртіппен тексеріледі.
НЗМ Білім беру бағдарламалары орталығының кейбір оқулықтары Министрлік тізбесіне енген.
– Сонда, егер, НЗМ оқулығында кемшілік анықталса, сіздер министрлік өкілі ретінде, мемлекеттік жауапкершілік негізінде еш ықпал ете алмайсыздар ма? Оқушылары – қазақстандық азаматтар ғой дегенім…
– Желіде оқулыққа қатысты сын НЗМ Білім беру бағдарламалары орталығының жалпы білім беретін мектептерге арналған, Министрлік тізбесіне енген оқулықтарына қатысты айтылады. Мұндағы тәртіп бәріне бірдей. Қайсыбір олқылық анықталса, тиісті шаралар қабылданады.
– Әлеуметтік желілерде қозғалған, Қазақстан тарихы, химия, қазақ тілі, мектепалды даярлық т.б. оқулықтарға қатысты айтылған сындар ескеріліп, сіздің тараптан сараптамалық қорытынды жасалып, жауабы беріледі дей аламыз ба?
– Сапалы оқулықтың мақұлдануы – біздің міндетіміз. Қалың көпшіліктің сұранысын ескеруге дайынбыз. Сіз өзіңіздегі мәліметті бізге жолдасаңыз, біз оны қарастырып, операциялық мүмкіндіктерімізге қарайжауап беруге барымызды саламыз. Миллиондаған адамның көңілінен шығу әсте мүмкін емес болар. Әйткенмен біз мамандардың күшін сапалы оқулықтардың шығарылуына жұмылдырамыз.
– Олай болса, олардың көбісі неге сонау КСРО кезіндегі оқулықтардың сапасына қатысты бір үнде? Демек, көбісінің көңілінен шығатын оқулық шығаруға болатынын білдіріп тұр ғой… Ал, қазіргіге қатысты жиі сын айтылады.
– Сұрағыңыз түсінікті. Бұл жөнінде Фейсбук парақшамда да жазғам. КСРО оқулықтарының біразымен сіз де, мен де оқыған болармыз.
КСРО кезінде республикамыз оқулық әзірлемегенін ескермеске болмайды. Қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы сияқты оқулықтар болмаса, қалғаны Одақтық баспа оқулықтарының аудармасы болды. Олар – сол кездегі идеологияның құралы. Кезінде Алашордалықтар негізін қалаған, кейін үзіліп қалған тәуелсіз ұлттық баспа ісі 1990-жылдардың орта шенінде қайта жаңғырды.
Мойындау керек, ол кездегі оқулықтардың аудармасы жатық еді. Алғашқы төл оқулықтар үшін сол мәтіндер авторларымызға үлгі болды. 70 жыл Кеңес Одағы кезінде бұл оқулықтар өзінше бір даму эволюциясынан өтті. Есіңізде болса, біз қолданған оқулықтар 15-ші, 17-ші басылымнан өтіп, өңделген-ді. Бізге сол кездегі тәжірибенің, бәлкім, кей тетіктерді қайтару керек шығар. Алайда өткенге оралу жөнсіз.
Біз ұлт ретінде идеологиялық осы бір құралды қолдан жіберіп алмауымыз керек. Әйтпесе, өзге ойдағы, ұлттық нақышы жоқ идеологияның жетегінде кетіп қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан Қазақстан дербес мемлекет ретінде төл оқулығын жасауы тиіс.
– Былтыр Ұлттық білім доктринасы қабылданды. Бұл сіздердің жұмысқа қаншалықты әсер етеді? Басшылыққа алына ма? Қолданыстағы тұстары болса, атап өтсеңіз…
– Естуім бар. Білуімше, доктрина білім саласының дамуын реттейтін нормативтік құжат ретінде бекітілмеген. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» деген ұлттық жоба бар. Жобада қызметіміздің бағыт-бағдары айқындалған.
– Орталықта жұмыс істеп жатқандар практик мұғалімдер ме?
– Біздегі сарапшылардың басым көпшілігі тиісті салада білім алған, мұғалімдік тәжірибесі бар мамандар. Ғалымдарымыз да бар.
– Қызметкерлер саны қанша? Қысқарту, әлде, бюджет ұлғаюына сәйкес, өсу бар ма?
– Қысқарған жоқ. Біздегі қызметкерлерді екі топқа бөлуге болады. Біреуі – мемлекеттік сараптаманы тікелей үйлестіріп жүргізетін «өндірісшілер», екіншісі – оларға ұйымдастырушылық және техникалық жағынан көмек көрсететін «сүйемелдеушілер».
Онлайн ресурстарға деген қажеттілік артып кетуіне орай электронды оқу басылымдарының функционалды-техникалық сипаттамаларын тексеру бөлімін аштық.
– Орташа жалақы көлемі қандай?
– 200 мың теңгенің үстінде. Жұрт ойлағандай көп болмауы мүмкін. Бұл бәсекелі жалақы деуге келмейді. Сондықтан алдағы уақытта көтерсек деп отырмыз.
Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен: Құрманғали Қалмахан
ПІКІРЛЕР