Татулық Туы қазақта немесе ұлтшылдық ұпай түгендеп жарытпайды…

Татулық Туы қазақта немесе ұлтшылдық ұпай түгендеп жарытпайды…

Мемлекет ішіндегі ұлтаралық татулық, халық бірлігі – елдің дамуына негіз болатын себептердің бірі. Сонымен қатар, бір­-біріне көрші мемлекет ұлттарының арасындағы сыйластық, түсіністік – стратегиялық тыныштық саналса керек. Егер де бұл бұзылса, мұның соңы түрлі қайшылықтарға, тарихи ауыр зардаптарға соқтыратыны адамзаттың өткен жолдарынан мәлім.

Бір ұлттың екінші ұлтқа жасаған қысастығы мен қасиетсіз әрекеттері, арсыз ісі мен зұлымдықтары толық әрі тез ұмытылып кетуі екіталай. Егер ұлт бойында ыза, кек (табиғатына қарай болуы да мүмкін) қалып, ұрпақтан ұрпаққа өтсе, салдары тым ауыр болмақ. Керісінше, ұлттардың сын сәттерде бір-­біріне жасаған жақсылығы, қиындықта созған қолы сол ұлттардың татулығын тереңдетіп, бірлігін бекіте түсуіне негіз қалайды. Әрине, азғындық, арсыздық бойына кеңінен жайылған ұлт болмаса…

Біздің қазақ еліне қатысты қарастырсақ, өткен тарихымызда алыс­-жақын мемлекеттер алдында, жалпы адамзат деңгейінде қиянат жасауы, ұялатын тұстары жоқтың қасы. Исі қазаққа басқа ұлтты күндеп, мүйіздеп отыру жат. Қаны бұзық қауым емес. Сөйте тұра, XX ғасырдың жартысынан астам уақыты бізге тым ауыр тигенін білеміз. Мәселен, өткен ғасырдың басында столыпиндік реформа кезеңінде Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусьтан 1 миллион 150 мың шаруалар қоныс тепті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан депортацияға ұшыраған 350 мың түрлі этнос өкілдерін қабылдады. Тың игеру деп 1,5 миллион адам әкелінді. Түрлі жабық әскери нысандар шамамен 150 мың маман мен олардың отбасыларын қабылдады. Бүтіндей алғанда ХХ ғасырдың басынан Қазақстанға 5,6 миллион адам қоныс аударған. Мұның сыртында түрлі себеппен онмыңдап әкелінген оқиғалар да бар. Осылайша, XIX ғ. аяғында ғана бірұлтты мемлекет саналған Қазақ еліне «көпұлтты» дегенді қосақтап жіберді. Ұлт­-азаттық күресі, Азамат соғысы, ашаршылық нәубеті, екінші дүниежүзілік соғыс жағдайды тіпті күрделендіріп, өткен ғасырдың 50жж. аяғында өз жерінде 30%-ға да жетпей қалуына үлкен негіз болды.

Бұған солақай саясаттың кесірін тартқан қазақ ұлтының да, саяси қате шешімдер негізінде қоныс аударуға мәжбүр болған еліміздегі этностардың да кінәсі жоқ екені айқын. Бірақ, қазақтар өздерін елдің заңды иесіміз деп, сырттан әкелінген этностарды кеудеден итермеді. Тосырқамады. Керісінше, өздері жартықұрсақ жүрсе де, түрлі саяси ауыр жазалардың салдарын тартып отырса да, эвакуацияланған этностарға туысындай қамқорлық танытып, қолындағы барымен бөлісіп, бауырына басты. Соған сәйкес, кезінде Алғыс айту күні белгіленгені мәлім. Кімге? Қазақ ұлтына. Сол этностар тарапынан.

«Алғыс айту» дегеннен бері неше жыл өтті. Сол уақыт ішінде сипаты да сан алуанданып, алғашқы мәнінен өзгеріп барады. Қоғам толықтай дерлік дайын болмаған секілді…

Тарихи әділдік көпұлттыдан диаспора ұғымына әкеле жатыр

 Соңғы санақ қорытындысына сәйкес, еліміздегі мемлекетқұрушы ұлт – қазақтардың үлесі халқымыздың 70%-ына жетті. Осылайша, тарихи әділдік бір қалыпқа түсіріп келеді. Олай болса, қазіргі кезеңді қозғағанда, сөз айналымынан «Көпұлтты» деген тіркемені қоспай сөйлеу қажет деп ойлаймын. Қалған этностар – диаспора ұғымында. Әрі қарай қозғағанда, бәріміз бір халық дегендей. Мәселен, диаспоралардың ішіндегі ірісі орыстар, яғни, миллионнан асатыны. Жүз мыңнан асып тұрғаны сегіз этнос қана. Он мыңның үстіндегі де осы шамалас. Жүзден аса этнос-диаспораларды құрап тұрған адамдардың саны 200 мыңдай ғана. Сондықтан ендігі ресми саясат көпұлтты ұстанымымен жүре берсе, алдағы уақытта тұтастай мемлекетке зиян тигізуі мүмкін.

Иә, әзір қазақ ұлты еліміздегі этнос өкілдерінің басты ұйытқысы болатындай деңгейге көтеріле қоймады. Ал, 70% деген үлес, сондай болуың тиіс деп тұрған сан.

Сондықтан ресми саясатты да сонымен үндестірсе, еліміздің бейбіт өмір тамырын бекіте түсетін қадамнан саналар еді. Бұл мемлекеттік тілдің қолданыс аясын әрі қарай кеңітуден де көрініс табуы тиіс. Мемлекеттік тіл дегенге, әсіреұлтшылдық таңбасын баспайтын қоғамдық сана қалыптасса, тұтастай еліміз үшін маңызды жұмыс істелгенін білдіреді.

Бұл тарапта қазақ ұлты мен диаспоралар арасында өшпенділік өршиді, ұлтараздық тудырады деу – үстірт ойлау. Керісінше, мемлекеттік тілдің кең қолданысы қоғамдық ортақ байланысты қалыптастырады, дамытады. Қазақ пен диаспора өкілдерінің арасын жақындата түседі. Ал, кім әдейі ұлтаралық араздық, этносаралық жанжал тудырғысы келсе, заң бар емес пе?! Тиісінше, құқықтық жауапкершілігін тартсын. Сондықтан мемлекеттік тілдің қоғамға қанат жаюынан бәле іздеудің, елдің тынышы кетеді деудің негізі жоқ. Ал, кім мемлекеттік тілге ашық та жабық қарсы шықса – нағыз сол адам ел тыныштығын бұзушы. Себебі, әлемдегі қай демократиялық ұлттық мемлекетті алмаңыз, басты тіл сол жергілікті ұлттың тілі. Ф. Етьен мырза Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі болып тұрғанда, сұхбаттасу барысында, өз еліндегі мемлекеттің тіл саясатына қатысты қызықты, ойлантарлық жайтты айтқаны бар. Әйелі шетелдік екен. Ағылшынша сөйлегенімен, французша білмеген. Ф. Етьен оған үйленгеннен кейін 26 жылдан кейін барып француз азаматтығын алған, яғни, әйелінің ширек ғасыр уақыты кеткен. Оның сөзінше, француз азаматтығын алу үшін, сол ұлт мәдениетімен интеграция жасауыңыз, соның ішінде французша білуіңіз тиіс.

Мұның қасында Қазақстанда ондаған жыл тұрып, мемлекеттік тілді білмеу ұят қой.

Татулық Туы қазақ ұлтының қолында…

 Түсіністік тізгіні, татулық Туы қазақ ұлтының қолында. Бұл мемлекетқұрушы ұлтымыздың ел алдында зор жауапкершілігі барын білдіреді. Үлгілі бола түсуге ұмтылдыруы тиіс. Қазіргі уақыт одан да бетер, қазақтардың ел ішінде этникалық алауыздықты болдырмайтындай, керісінше, барлығының басын қосып, берекені бейбіт өмірден іздейтін идеологиялық терең ойлар мен тегеурінді оң әрекеттердің басында жүруін керек етеді.

 Сондай-­ақ, тарихи тағдыр талайымен елімізге қоныстанған қай ұлттың болсын диаспорасын бөліп-жармай, шеттетпей, барша азаматқа бізбен тең құқықта өмір сүріп, өз мәдениетін, рухани мұраларын сақтауына мемлекеттік деңгейде қолдау жасау – бұл өркениетті саясаттың белгісі. Оларға сол бағытта жағдай артығымен жасалып та жатыр (көптеген диаспоралардың мәдени орталықтары, газет­-журналдары, мектептері және т.б. бар). Дегенмен диаспоралардың ұлттық мектептері дегенде, олардың білім беру мен тәрбие ісі қалай жүріп жатқаны мемлекеттің жіті назарында тұруы тиіс.

Қонақжай қазағымыз үйіне келген қонақтың баласы бірдеңе бүлдіріп қойса да, оны білдірмей, елемей, кейде үй егесінің баласын «жазалап» жіберетіні бар. Егер, осы қасиетті үлкен масштабта алсақ, қазақ жеріндегі «қонақ ұлттардың» қабағына қарап, кірбің түсірмей, разылығын алып отырғанды қалайтын кең де адал ниет ұғымы шығады. Бірақ, «Жаман үйді қонағы билейді» дегенді де қазақ айтқан. Демек, бабаларымыз қонақты қадірлей отырып, өз үйіне өзі қожа болған дұрыс екендігін, әйтпегенде, босбелбеу, құржан болып, көрінгенге қолжаулыққа айналатынын да ескерткен…

Ендеше, «қонақ» болып келіп, соңынан тұрақтап қалған барша ұлт өкілдерін бөлмей, алаламай, кең пейіл мен дархан мінез танытып келе жатқан қазақ ұлтына рахметі ретінде, өздері де рахатын көріп отырған Тәуелсіздігіміздің беки, бірлігіміздің нығая, берекеміздің арта түсуіне өз үлестерін қосуы қажет әрі парыз. «Тентектерін» уақытында «тәйт» деп, елге зияны бар жаман қадамнан тыйып отырғаны жөнірек. Елдің елдігін, халықты ұйыстыратын мемлекеттік тіл – қазақ тілін біле түскені абзал.

Құлдық өмірден Мысырдың кемеңгер билеушісі деңгейіне дейін жеткен Сұлтан Байбарыс бабамыздың тұтқын ретінде түскен өзге елдің тұрғындарына: «…өз дініңде қал, бірақ, Каирге қызмет ет» дейтіні бар. Сол сияқты біздің елдегі диаспора өкілдері де өз руханиятын қалауынша сақтасын, табысын тапсын, түтінін түтетсін, бірақ, мемлекетімізге адал қызмет етуді де ұмытпағаны жөн.

Бәрін біз сыпайылыққа салып «парыз» деп отырмыз, әйтпесе, өркениетті әрі еркіндігі де кең саналатын Еуропа елдерінің өзінде жоғарыда жазылғандар өзге этникалық топтарға, диаспора өкілдеріне міндет саналады.

Украина да, Ресей де Қазақстанға сабақ немесе береке – бірлік пен бейбіт өмірде…

  Күнделікті тірлікте қазақша тіл сындырғандар ел арасында аздап болсын кездесіп жатады. Солардың ішінде қазақ елімен интеграцияланып кеткендерінің әсері басқаша.

Бірде этникалық неміспен кездесіп қалдым. Қазақшасы судай. «Ассалаумағалейкүм» деп бастады. Сәлемін. Арқаның тумасы екен. Сырт қарағанда, Орта жүз өкілі ме дерсің. Әдетте, «Қазақшаң тәуір екен, қайдан үйрендің?» деп сұрап жатады ғой. Бұл жігіт ағасынан олай сұрау бір әбес секілді қабылданатындай көрінді. Себебі, елге сіңіп кеткен. Қазақтың салт­-дәстүрлері, сөз иірімдері менмұндалап тұр. Мұны интеграциялану десе керек. Беті аулақ, ел шетіне жау енсе, етектен тартпай, керісінше, қазақтармен бір қатарға тұра қалатындар осылардың арасынан шығады. Тағы бір оқиға. Қоғамдық орын. Славян тектес бір азамат қазақша сөйлеп тұр. Жан­жағына сұраулы жүзбен қарағандай болды. Сондағысы: «Қазақша сөйлеп тұрмын, маған таңғалмайсыңдар ма?» дегендей кейіп. Сол арада мемлекеттік тілді әрбір азамат білуі тиіс екендігін айтып кеп жібердім. Ол кісі басын шұлғып, мақұлдағандай болды. Дегенмен қайдан үйренгенін білгім келіп-ақ тұр. Сонымен сұрадым, қазақы ортада өскен екен. «Қазақша сөйлемей қайда барамын» деп қарқылдап күліп жіберді. Бұл нені білдіреді?.. Қазақтың өзі титулды ұлт ретіндегі табиғи жауапкершілігін сақтап, соның негізінде мемлекеттік тілде сөйлеп жүрсе, мұның өзі қоғамға әжептәуір әсер ететінін білдіріп тұр.

Енді Украинаға келейік. Сегіз жылдан аса уақыт бұрын Ресей Қырымды тартып алумен қоймай, Донецк мен Луганскіде жікшілдердің «республикаларын» қолдағаны белгілі. Ақыр соңы Запорожье мен Херсон облыстарымен қоса, өз территориясы ретінде заңмен бекітті. Ресейдің сондай қадамдарға баруында, кей украин азаматтарының мемлекеттік сатқындықтарының, коллаборанттық әрекеттерінің де үлесі жатқаны екені. Бұл бір ұрты арамдардың, екі ойлылардың, патриоттық санасына сіңбегендердің қарасы қалыңдаған сайын мемлекетке төндірер қаупі де арта беретінінің көрсеткіші. Сондықтан бұл бізге де сабақ. Мәселен, Ресей Украинаға соғыс ашқаннан бері, мұның ішінде кешегі «ішінара мобилизациясы» да бар, еліміздегі кей диаспора өкілдері орыс басшысын қолдап, тіпті сөз арасына Қазақстанды да «тәртіптеу» керегін қосып жатты. Ұлты орыс па, татар ма, бұл жерде маңызды емес. Себебі, Қазақстан азаматы. Болды. Сөйте тұра, өзге елдің оккупациялық саясатын қолдау, солай біздің мемлекетке де жаса дегенді тұспалдау – отансүйгіштік тәрбиенің осал болғандығының, мемлекетқұрушы ұлттың өз деңгейінде тұрмағанының, Тәуелсіздік менталитетінің берік қалыптаспағанының көрінісі. Олай болса, алдағы уақытта балабақшадан бастап, Қазақстанға деген құрметті саналарына сіңіру керек. Мектеп қабырғасында Отанға деген сүйіспеншілік менмұндалап тұруы тиіс. Осыған дейін ел дегенде қай жерден осалдық танытсақ, кемшілік жіберсек, енді соны қоғамға қайталатпау қажет. Әйтпесе, геосаяси ойындар мен қақтығыстарға бізді де тарта салудан тайынбайды…

Енді әсіреұлтшылдық туралы. Ресей билігі қоғамына жылдар бойы шовинистік, империалистік идеологияда орасан насихат жүргізді. Өзін үстем етіп көрсетіп, әсіреұлтшылдыққа ұрынды. Бәлкім, бір бөлігінің бойларында бұрыннан бар, сол бықсып жатқан шовинизмді өршітті. Содан орыс қоғамы қазір не ұтты? Көздері қызарып, өзіне бауырлас ұлттың территориясына баса көктеп кіріп, шімірікпей соғысуда. Украинадағы зұлым әрекеттері, залымдықтары арқылы ресейлік қоғам өздерін қаншалықты адамзат өркениетінен алыстап кеткенін көрсетуде. XXғ. әсіреұлтшылдықтың қаншалықты қауіпті екендігін фашистік Германия өз әрекеттерімен әлемге паш еткені белгілі. Осы ғасырда енді Ресей  қайталауда. Басқа елді ұлтшыл деп, өзінікін бүркемелей отырып, соғыс ашып.

Әйгілі саяси қайраткер У. Черчильдің сөзі бар: «Болашақтың фашистері өздерін антифашистпіз деп атайды» деген. Ресей қазір сол рөлді ойнап жатыр… Өздерін шовинист, ұлтшыл санамайды, сөзі мен әрекеттері тұнып тұрса да.

Кремль соғыс ашамын деп Украинаны одан бетер алыстатты. Жақында өткен сауалнамаға сәйкес, украин халқының шамамен 97%-ы Ресейді жау деп санаған. Орыс тілінде сөйлегісі келмейтіндер артып кеткен. Бұған Ресейдің өзі кінәлі. Өзін үстем ұлт санап, украиндықтарды құл еткісі келіп еді. Ауыр жауабын алды. Әлі де ресейлік билік қояр емес. Демек, арасы одан сайын алшақтайды… Бұл бізге де сабақ. Ультраұлтшылдықтан қашық болуымыз керек. Әрине, исі қазақтың табиғатына әсіреұлтшылдық жат.

P.S. Қазақ ұлты – осы елдің заңды егесі. Мемлекетқұрушы ұлт. Бұған есі бар әр азамат шәк келтірмесе керек. Десек те, Ресейдің отарлық саясатының кесірінен қазақ ұлт ретінде өзінің табиғи «Менінен» айрылып қала жаздады.  Сол «Меніне» ана тілі де кіреді. Сондықтан мемлекеттік тіл қазақстандықтардың жаппай сөйлейтін тіліне айналғанда ғана ұлттың заңды ұпайы қайтарылған саналады. Әрі жөні сол да. Өркениетті қарым­қатынас қалыптассын десек, әсіреұлтшылдықтан да абай болу қажет. Ұлтшылдық ұлт ұпайын түгендеп жарытпайды… Мысал іздегенге бұған, адамзаттың өткен де, қазіргі де тарихы тұр.

 Құрманғали Нұрғали

 Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0