Ұлағатты ұстаз

Ұлағатты ұстаз

Сексен жылдық тарихы бар Жалағаш ауданы түп тарихы тереңде жатқан, бұрыннан бақ қонып, қыдыр дарыған қасиетті өлке. Бұл өңір елге қорған болған жаужүрек батырлармен елдің мұңын жырлаған ақын-жыраулар, әруақ қонған әулие-әмбиелер, елдің бірлігіне қызмет еткен би-шешендер өмір сүрген киелі мекен. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан жалағаштықтар ата-баба аманатын орындап, салт-дәстүрімізбен еңбек эстафетасын абыроймен жалғастырып келеді. Жыл өткен сайын жаңарып жайнап көркейе түскен аудан экономикасымен мәдениетінің дамуына атсалысып, өзіндік үлес қосқан еңбек және өнер адамдары көптеп саналады. Елдің кемел келешегі үшін еңбек еткен алдыңғы толқын – аға-апаларымызды еске алып, ұлықтап, кеңінен насихаттау біздің азаматтық парызымыз. Солардың қатарында «Республикадағы білім беру ісінің үздігі», ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер Қалмахан Нұрғалиевтің орны бөлек, шоқтығы биік. Саналы ғұмырын білім саласына, ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ардагер-ұстаздың еңбек жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

1942 жылы 7 қараша күні Тереңөзек ауданы, Бостандық жолы холхозында дүниеге келген оның балдәурен балалық шағы дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарымен, одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңдерінде өтті. Белі қатпаған балаң жігіт ауылдағы кемпір-шалдармен бірге мал бағып, егін екті. Сол еңбек оныертте есейтті. Жалағаш ауданыңдағы Сталин атындағы мектепте оқып білім алды. 1959 жылы Жалағаш аудандық баспаханада баспа қызметкері болып еңбек жолын бастап, аудандық «Жаңадария» газетінде бөлім меңгеруші, олбыстық телерадио комитетінде тележурналист болып қызмет етті.

Осы уақыттарда ол ауыл өмірі, еңбек адамдары, аудан, облыстың тіршілік-тынысы туралы репортаждар мен мақалалар, очерктер жазып, қаламгерлік қарым-қабілетін көрсетті. Ерінбей ізденіп, еңбектеніп, журналистік шеберлігін шыңдай түсті. Бала кезден ұстаз боллып, ұрпақ тәрбиелеуді армандаған ол Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтың қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп шықты. Жалағаш аудандық білім бөлімінде бірер жыл инспектор болып қызмет атқарып, одан кейін Ақсу ауылындағы №116 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқушыларға дәріс берді.

Тоқсаныңшы жылдардан кейінгі өтпелі кезеңнің қиыншылдықтары білім саласына да кері әсерін тигізбей қоймады. Аудан бюджетінің қоржыныңдағы қаржының тапшылығынан оқушыларға берілетін оқу құралдары мен оқулықтар жетіспеді. Сыныптардағы парталар мен тақталар да әбден тозған. Жыл сайын мектепке тартылған оқушылар саны артқанымен оқу кабинеттері тапшы. Қыс маусымында білім ошағына от жағып жылыту да өз алдына күрделі мәселе. 1991 жылы №123 орта мектепке директор болып басшылыққа келген Қ.Нұрғалиев уақыт талабына орай жұмысты жаңаша ұйымдастырды. Алдымен жоғары орындарды жағалап жүріп, қаржы көзін қарастырды. Мұғалімдер ұжымына жағдайды түсіндіріп, сабақтан тыс уақытта ортақ іске, жұмысқа жұмылдыра білді. Сөйтіп бірер жылда аудан басшыларының қолдауымен асар жолымен мектепке қосымша ғимарат салынып, жылу қазандығы орнатылды. Мектеп жаппай кабинеттік оқу жүйесіне көшіп, пән кабинеттері оқу құралдарымен жабдықталды. Барлық пән бойынша маман мұғалімдер мен кадрлер толық қамтамасыз етілді. Мұғалімдер мен ата-аналар арасында байланыс нығайып, оқу-тәрбие жұмыстары жоғары деңгейге жетті. Мектеп оқушылары аудандық, облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларына қатысып, жүлдегер атанды. Сөйтіп жыл сайын білім сайыстарында жоғары көрсеткіштерге жеткен Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп 1996 жылы дарынды балалар мектебі, 2017 жылы мектеп-лицей статусын алды. 1998-2001 жылдары аудандық оқушылар үйіне директор болған педагогикалық тәжірибесі мол білікті басшы жаңадан ашылған білім ошағының материалдық-оқу базасын нығайтуға күш салды. Жұмысқа жас маман кадрлер тартылып, оқу кабинеттеріне жаңадан оқу құралдары алынды. Сол кездері ашылған «Жас тілшілер», «Бейнелеу өнері», «Жас техник» секілді үйірмелер жұмыс істейді. Онда аудан мектебінің оқушылары тартылып, пайдалы мамандық таңдауға, өнерге, шығармашылықпен айналысуға тәрбиеленіп келеді. Аудан орталығындағы көптеген мәдени шаралар мен жиындар осы оқушылар үйінде өткізілетін болды. Ұстаз барлық уақытта өз биігінде, өз тұғырында қала беретін тұлға. Жасы келіп зейнеткерлікке шықсада ардагер ұстаз жас кадрлерге мамандықтың қыры мен сырын үйретіп тәрбиеледі. Ол кісіден дәріс алып, тәрбиесін көрген шәкірттері бүгінде Егемен еліміздің әр саласында еңбек етеді.

Бір данагөй «Нағыс ұстаздың жүрегі шәкірттеріне әрдайым ашық болады» деген екен. Мен білетін Қалекең де сондай мейірімді, жүрегі ағайын-туыстарына, дос-жарандарына және өзінің шәкірттеріне әрдайым ашық, адамгершілігі мол азамат болатын. Адам баласының ғұмыры жасымен өлшенбейді, оның мұрасымен, елге сіңірген еңбегімен, адамгершілік тұлғасымен айшықталады. Қалмахан ағаның басты ұстанымы ерінбей ізденіп, оқушыларға сапалы білім беру еді. Сол мақсатта күресіп, еңбектенді. Қызмет бабында талап қойды. Өйткені талап қойылған жерде тәртіп, бірлік, береке болады. Ешкімнің намысына тимей жылы сөйлеп, жетесіне жеткізетін. Ол кісі тумысынан талантты әрі сабырлы жан болатын. Қоғамдық орындарда, көпшілік арасында өзін ұстауымен сөйлеу мәдениетімен ерекшеленіп тұрушы еді. Әсіресе әр істің ақ-қарасын ашып, әділдігін айтатын турашылдығын тәнті болатынмын.

Өз мамандығын жаныңдай жақсы көріп, соның үдесінен шыға білу адамды биіктерге жетелейді. Сол жолда жақсы адамдардың да септігі көп әсер етеді. Білім саласында ұрпақ тәрбиелеу жолында жүріп, жаны жайсан жақсы адамдармен қарым-қатынас жасап, бір мақсатта қызмет етті. Білім саласының қалыптасу кезеңінде кездескен қиындықтарды бірге көріп жұмыс істеген Социалистік Еңбек Ері Ұ.Еспанов, Б.Табынбаев, Б.Бисенбаев, А.Монтин, К.Серікбаев, Қ.Андақұлов, Ә.Еркебаев, С.Жанақбаев, О.Ғазизов, Қ.Бақбергенов, Ж.Жылқышиев, Ж.Майлыбаев секілді әріптес ұстаздарын әрдайым мақтан етіп, құрмет тұтты. «Еңбегіне қарай құрмет, жасына қарай ізет» деген нақыл сөз бар. Білім саласындағы көп жылғы еңбегі үшін үкімет тарапынан алған марапаттары бір басына жетіп артылады. Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі қалтқысыз қызметі үшін «Әдіскер-мұғалім» атағына ие болды. «Республикадағы білім беру ісінің үздігі» белгісі мен республикалық, облыстық, аудандық білім мекемелерінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталды.

«Әйел үйдің көркі – еркек түздің көркі». Отбасының берекесі ынтымағы әйелге байланысты. Қалекеңнің зайыбы Асқан Қазбекова өмірден көргені мол парасатты жан еді. Ерлі-зайыпты екеуі бірін-бірі құрметтеп, сыйласып, жарасымды жанұя болды. Дүниеге 9 бала әкеліп, «Батыр ана» атанған Асхан апай адал жар, берекелі отбасының ұйытқысы еді. Сыйластығы жарасқан ата-анасының тәлімді тәрбиесін көріп өскен балалары бүгінде азамат болып, сенімдерін ақтап келеді. «Тектіден текті туады, ата жолын қуады» деген нақыл сөз бар. Асқан апамыз өз дәуірінде әділдікті ту етіп, жомарттығымен елдің бірлігін сақтаған Кіші жүз, Жеті ру Өмірқұл бидің тікелей ұрпағы болып келеді. Өмірінде кездескен қиыншылықтарға қарамай, жаққан ошағының отын өшірмей, адал махаббаттың, адамгершіліктің қарапайым қасиеттерін тал бойына сыйдырып, сақтап қалу – олардың қажыр-қайратын, тектілік бекзаттығын көрсетсе керек.

Тасты жарып өткендей таудың қайсар шынары.

Тегі мықты адамдар тұғырда мықты тұрады.

Дауыл қырқып, бұтағын, өрт шалса да өзегін,

Тамырынан нәр алып, қайтадан көктеп шығады, – деген өлең жолдары Қалмахан аға мен Асқан апаға арнап жазылғандай. Осыған қарап, балаларының бойына ата-бабасының, ата-анасының қанымен келген асыл қасиеттер дарыған десе болады.

Бүгінгі таңда киелі қаламды серік етіп, кітап жазып жүрген қаламгерлер көп. Бірақ саны бар да сапасы жоқ құнсыз кітаптарды шығарып жатқан «жазғыштарды» жазушы деп айтуға әсте болмайды. Ал проза жанрына қалам тербеп, көркем шығарма жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Білім саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен тәлімгер-ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қ. Нұрғалиев шығармашылықпен айналысып, қаламы жүйрік журналист, қарымды қаламгер ретінде танылды. Соның айғағы жазушының көптеген көркем әдеби шығармалары, әңгімелері мен фелетондары республикалық, аймақтық, аудандық басылым беттерінде жарияланды. Сондай-ақ, әр жылдары жарық көрген «Екінші көктем», «Мазасыз шақ», «Қисық шеге», «Көктем шуағы», «Бозторғайдың шырылы» атты кітаптарын оқырман қауым жылы қабылдады. Келешекте қаламгердің қалдырып кеткен мұрасы кейінгі ұрпақ үлгі алатын тың туындылары, көркем шығармалары зерттеліп, насихатталып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қазақтың айтулы ақыны, һәм ұлы ағартушы Мағжан Жұмабаев атамыз: «Алаштың арыстары мен ардақтылары бас қосар болса, ең қадірлі орын – мұғалімдікі» деген екен. Сол айтқандай күллі адамзат баласын білім нәрімен сусындатып, көкірек көзін ашып, тек жақсылықтың жаршысы бола білген ұстаздарды халық қадірлеп, ұлағатты ұстаз деп атаған. Біз әңгімелеген Қалмахан аға да, ұлы есім – ұстаз деген атқа лайық жан еді. Өйткені ол кісі білім саласын өрге сүйреп, қалтқысыз қызмет етіп, халықтың құрметіне бөленді. Таудың биіктігі алыстаған сайын айқындала түсетіні секілді ұлағатты ұстаз өмірден өткенімен еңбегі мен есімі, жарқын бейнесі мәңгі сақталып, қадір-қасиеті жыл өткен сайын биіктей беретіні сөзсіз.

 Серік Бертаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер-журналист.

 Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0