Мәуікбайдың ойынша, «жанға жайлы, жұмсақ тіршілік» Тәкібайдың жалғыз ауыз сөзінен кейін-ақ тас түскен судай толқыды…
– Жаңа жылымызға да бір апта уақыт қалды, жолдастар. Арғы күні, бұйырса, отчет қабылдайтын шығармыз. Класс жетекшілері, журналды тексеріңіздер. Былтыр кей пәннен бір бағамен-ақ қорытынды шығарған кездер болған. – Ол көз қиығын Мәуікбайға бұрды. – Бұл қылмыс. Ауыр қылмыс. Өз міндетіне былайша салақ қарайтын мұғалімді бүгінгі ұрпақ кешірмейді. Онда мұғалім мектепте жүрмей-ақ жан бағатын тіршілікті басқа кәсіптен іздегені жөн. Енді мәймөңке сөзді қоямыз. Іс керек, іс.
Мәуікбай арқасынан құмырсқа жүріп өткендей, қозғалақтап қойды. «Құдайым-ай, қыр соңымнан қалсайшы бұл. Педсоветте айтты – дұрыс. Кәсіподақ жиналысында айтты – дұрыс. Тамыз кеңесінде айтты – мақұл-ақ. Бүгінгі сөзін иістендіріп тұрғаны тағы да мынау. Мұндай тақыс, мұндай жымысқы завучты бұрын-соңды көрсем көзім шықсын».
Жұрт ұмыт нәрселері енді есіне түскендей журнал парақтап, көз жұмып қарауға тиіс емес кемшіліктерді «мұрындарынан» тізіп, қағаздарына түсіріп жатқанда, Мәуікбай дәптер тексеріп отырған. Бірақ, тексергені құрсын, көзі жазуда болғанмен көңілдің көк дөнені басын жұла қашып, қаңғыра безіп кетіп еді.
«Әтесіне нәлет, – деді ішінен бір дауыс жанын жей дызақтатып. – Мұғалімдік оқуды бітіргеніме отыз жылдай болды. Бірақ, еңбек кітапшамда алғыс білдірген бір мезірет жоқ. Рас, он алты жылдай мектептен қол үзіп кеттім. Совхозда кәссір болдым. Экспедитор болдым… Ақымақ басым, әйтеуір, бір кезде қажетіме жарарсың деп сонда осы Тәкібайдың да, басқалардың да аузы-басын майлай берсемші. Ақша қарыз сұрады – бермедім, шифр, тақтай, оны-мұны сұрады – маңайлатпадым… Былтыр сол жұмыстан біраз шырмалып, әйтеуір, бас сауғамен құтылған соң, ағайын салып, мектепке жақындап ем, енді төбемнен қиқу кетер емес… Уһ-уһ, жаным-ай, бүйткен күні құрысын да».
– Мүке, – деді тап құлағының түбінен бір дауыс. Мәуікбай көк дөненінің тізгінін әзер тежеді.
Басын көтеріп еді, бет-аузы бес гектар боп, Тайқы иығынан төніп тұр екен. Жүзі жылы. Жанарында бұрын-соңды сезілмейтін тілемсек көзқарас бар.
– Мүке, жұмыс істеп жатыр екенсіз, кешіріңіз.
Мәуікбай автоқаламды дәптердің үстіне қойды.
– Құлағым сенде.
Тайқы жан-жағына қарап алды.
– Оңашалау жерге барып сөйлесейік, ағасы.
Алдында Тайқы, соңында Мәуікбай, Жер қозғалса да былқ етпейтін балпаң жүріспен шеберханаға кеп кірді. Екі оқушы әлдебір ұшқаттан бірдеңе құрастырып жатыр екен. Тайқы:
– Кішт, кішт, әйде, үйлеріңе барыңдар. Ағайының бақылауынсыз бала жұмыс істей ме? Зыт, кәне, – деп тауық қуғандай айдап шықты.
– Мүке, қиын боп тұр, – деді енді төс қалтасынан алған тілдей қағазды мұның қолына ұстатып.
Мәуікбай қағаздан алты баланың фамилиясын оқыды. Миын жеп, талай рет салын суға кетіргендей түңілткен оқушылар.
– Мұны не істе дейсің?
– Мүке, осы балаларға сіздің сабағыңыздан қауіп. Қатты қауіп. Екі боп кететін түрі бар.
– Несіне қиналасың, білімі сол болса, барсын.
– Ойбай ағасы, о не дегеніңіз. Кластағы отыз сегіз баланың алтауы үлгірмесе, – мойынға қамыттың кигізілгені ғой. Жұрт жүз процент үлгірім беріп жатқанда, менің класым… қара басып…
– Ойыңды түсіндім. Десе де, мен ондай көз бояушылыққа бара алмаймын, шырақ, – деп, Мәуікбай сырт айнала беріп еді, Тайқы ағасының қарынан ұстады.
– Мүке, септесейік те… Бес-алты айды сыртымызға салсақ, бұл көк мидың алтауын да СПТУ дейтін әлеметтің «аранына» салып жіберуді ойлап отырмыз. Оқысын «әкедемиясына» барып. Оған дейін көмек бізден болсын.
– Сонда журналдағы бағаны өзгерт демекпісің?
– Жоға… Өзгертпей-ақ екіліктің алды-артын үшпен қымтап тастасаңыз жетіп жатыр.
– Е, һе, демек, мұның оқушыны сабаққа дайындалудан аққұла бездіру ғой.
– Неге бездіру? Қайта бұл – тәрбиелік мәні бар ізгі жұмыс. Бұл үнемі тұқырта бермей, оқушыға титтей де болса сенім арту…
– Жоқтан бар жасау сенім арту бола ма екен?
Мүкең қолын бір сілтеді.
– Қой-ей, шырағым, өйтіп кісіні нетіп… қой, қайтесің сол… Кейін бір әңгіме шыға қалса, күлге аунаған атан сияқтанып, берекем қашып тұрғаны ғой, бәлеңнен аулақ.
– Ым-ым… сөзіңіз ғой бұл?
– Иә, соңғы.
– Осы ойыңыздан қайтпасаңыз көлге емес, қоламтаға шыжғырамын.
Мәуікбайдың даусы қаттырақ шығып кетті.
– Неге? Не деп?
– Алты оқушыны екі етіп қорыту – мұғалімнің білімсіздігі деп педсовет мінбесінен тура қарап тұрып сілтесем, маған қарсы дау айта алар ма едіңіз?
Мәуікбай көйлегінің жоғарғы түймесін ағытты.
– Тағы былай деуге қақым бар. Осы оқушылармен жеке жұмыс жүргізіп көрдіңіз бе? Арнайы тапсырмалар бердіңіз бе? Жоқ. Сіз үшін бір жеңіліс осы. Екіншіден, әнебір күні оқушыларға «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» жырындағы Жантық бейнесіне талдау жасап келіңдер, – деп тапсырма берген мына мен емес, сіз ғой? Жырда Жантық атаулы жоқ екенін кәудіреген шал да біледі. Осының бәрін сонда мен айтпайды ғой деймісің? Қоламтаға салып, сұр собықша бытырлататын тағы бір әңгіме осы. Өзіңіз біліңіз…
Мәуікбай мойын тамыры білеуленіп, қылғына жұтынды.
– Жүз процент үлгірім беріп жатқан мұғалімдердің көпшілігі бір-бірімен осылай септеседі.
– Септеседі деме, жылу жинайды де, – деді Мәуікбай даусы қырылдаңқырап.
– Тура айттыңыз, жылу жинайды. Мәселен, сіздің маған ісіңіз түспей ме? – Тайқы қалтасынан темекі алып тұтатты. – Түс-седі. Әнеугүні өзіңіз қатысып отырған сабақта «Ұлы Отан соғысы 1917 жылы басталды» деп «күйсеген» Тыртықов Мыржыбайыңызды үш етіп қорыту менің де ойымда жоқ. Құйысқанов Күдербай деген шәбәши балығыңыз тағы тұр. Сәл даусыңды көтерсең-ақ, боздап жіберуге шақ қалатын Әтіркүліңізді қайда қоясыз? Байқайсыз ба, сонда үш екіліктің ізін мен де шығардым.
Мәуікбайдың түсі бозаң тартты. Жақ еті бұлт-бұлт ойнап тұр.
– Осы балаларың басқа сабақтардан қалай екен?
Тайқы сақал қырып тұрғандай аузын ашып, майлы ұртын сипады.
– Екі-үш сабақтан тағы да екілік боп тұрған жайы бар. Қайтейін, жүз процент керек болса, маған да біреу сауын айтар, сол кезде олардан жылу дәметпейтін не жыным бар?
Мәуікбай шығып кетті.
– Ойланайын, – деп міңгірлеп барады.
– Кәсіподақ жиналысында Тәкібай баяндама жасаған. Пішінінен жиналғандарға деген үлкен ырзалық сезілетіндей.
– Жолдастар, оқу жылының бірінші жартысын тәмамдадық. Мектеп бойынша үлгерім көрсеткіші тоқсан тоғызда сегіз процент. Мұның өзі совхозымыздағы үш мектепті былай қойғанда, ауданды таңғалдыратын ғажап көрсеткіш. Осы ретте, жолдастар, жүз проценттік үлгірімге жеткен Мәуікбай Қабатов, Тайқы Домалақов сияқты класс жетекшілердің еңбегін айрықша атап өту ләзім.
Мүкең, Тайқыны бүйірден түртіп алды. Ыржиып отыр.
– Нансаң, отыз жылдан бері мақтау сөзді бірінші естуім.
– Гәп, жылуда-а-а, – деді Тайқы бүлк-бүлк күліп.
Мәуікбай баяндаманы бар ынтасымен тыңдады.
Жазушы, журналист және педагог Қалмахан Нұрғалиев 1942-2003жж. ғұмыр кешкен. Назарларыңызға ұсынылған әңгіме 80 жылдары жинаққа енген.
ПІКІРЛЕР