С. Чиной: Үндістан көпполярлы саясатты қолдайды

С. Чиной: Үндістан көпполярлы саясатты қолдайды

Үндістан – тарих тамырын мыңдаған жылдардан тартатын, ұлттық философиясы, рухани дүниесі өз елінің арнасынан шығып, әлемдік көштен өз орнын алған іргелі ел. Азия бойынша ғана емес, әлемдік деңгейде де.
 Бүгінгі күні экономика көлемінен Жер жүзі елдері ішінде, оқ бойы озып, үштікке жақындап келеді (Десек те, ЖІӨ-ді жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша дамыған елдер түгілі, әлемдік орташа деңгейден де әлдеқайда төмен екенін атап өткен жөн). Халық санынан Қытайды ығыстырып, бірінші орынға шыққаны туралы көктемде ғана жазылды. Демократиялы көрсеткіші де көрші елдерінен көш ілгері. Ал, әскери бюджет көлемінен, $81,4 миллиард көрсеткішпен, әлем елдері ішінде төртінші орында.
 Осы орайда, аталған алпауыт елдің М. Паррикара атындағы Қорғанысты зерттеу және талдау институтының бас директоры Суджан Чиной мырзадан қысқа сұхбат алудың сәті түсіп еді. Назарларыңызда…

Алғашқы сұрағымыз, халықаралық қатынастардағы қазіргі Үндістанның орны туралы. Бүгінгі рөлі қандай деңгейде деп ойлайсыз?
– Үнді философиясына сәйкес, әлем дегеніміз тұтас бір отбасы. Санскрит тілінде бұл “Васудхайва кутумбакам” деп аталады. Сонымен қатар, бұл G-20-дағы Үндістанның ұраны саналады. Басқа сөзбен айтқанда: Жер – бір, бір отбасы, бір болашақ. Сол дүниетаныммен үндескен Үндістан өз халқының өркендеуін, экономикалық гүлденуін көздейді, әрі әлемдік игілікке үлес қосуға ұмтылады. Ұстанған сол саясатқа сай, дүние жүзі елдерімен ынтымақтаса отырып, көмек қажет кезде адамзатқа қол ұшын созады. Мәселен, пандемия уақытында үнді елі әлемнің жүзден астам мемлекетіне 300 млн. вакцина дозасын ұсынды. Көптеген елдерге, мұның ішінде Ауғанстан да бар. Сондай-ақ, 2 млрд. мөлшеріндегі вакцинаны өз халқына екті.
Біздің ұлттық пәлсапамыз: “Бәріміз бірге өркендеуге тиіспіз” дегенге саяды. Демек, “Ғаламдық Оңтүстік” проблемаларын да көтеруге мүдделіміз. Аймақтық көшбасшымыз деп кеуде соғып емес, осы жақтың терезесі тең бір елі ретінде сөйлейміз. Біздің елдің премьер-министрі Норендра Моди мырза, тек Үндістанның ғана емес, “Ғаламдық Оңтүстіктің” де көзқарасын ұмыт қалдырмауға шақырады. Біз үшін бұл өте маңызды.
– Үндістан мен Қытайдың өзара қарым-қатынасы орта және ұзақ мерзімде қандай болуы мүмкін? Екіжақты өзара байланысына берер бағаңызды білсек.
– Ғасырлар бойы көршілес елміз. Арамызды үлкен-үлкен таулар жалғап тұр. Сондықтан да, меніңше, Үндістан мен Қытай өзара жақсы қарым-қатынаста болуы тиіс.
Екі елдің өткен өмір белестерінде өзара байланысты дамытқан тұрақтылық та, алысты ойлаған тиімді саясаты да болған. Бірақ, соңғы уақыттағы Қытайдың саяси біржақтылығы, милитаризациялана түсуі, агрессиялық тәсілі бізді өте алаңдатады. Әсіресе, Ладакхедегі (2020ж. болған оқиғаны меңзесе керек. Екі елдің арасында территориялық дау бар. Арасында әскери қақтығысып қалып жатады – Қ. Н.) оқиғаны қасақана жасалған агрессиялық шабуыл деп санаймыз. Сол қақтығыста біз 20, ал, Қытай бірнеше адамынан айрылды. Соған орай, Қытай мен Үндістанның шекара аймағындағы жағдай қалыпты демес едім. Мұның салқыны тимей тұрмайды: басқа да қарым-қатынас кезінде. Егер, қытайлық тарап шекара шегіндегі жағдайды реттесе, қалғаны да жөнделе түсер ме еді. Ал, шекарадағы жағдайды ушықтырса, агрессия байқатса, Үндістан қол қусырып отырмайды.
Үндістан – үлкен мемлекет. Егемендігіне еге болып, территориялық тұтастығын сақтай алатын өз-өзіне сенімді ел. Сондықтан да Қытай агрессиялық саясатын қайта қарап, шекара маңындағы ахуалды көңілге қонымды етеді деп үміттенеміз. Екі мемлекет халқының ғана емес, әлем игілігі үшін.
– Сіздің ойыңызша, Үндістанның Орталық Азиямен қарым-қатынасы қалай дамиды?
– Географиялық тұрғыда Орталық Азия бізге өте жақын. Тіпті тиіп тұр деуге болады.
Премьер-министріміз қауіпсіз саясат жөнінде айтқан еді. Сол секілді біз Орталық Азияға SECURE арқылы қараймыз: S – Қауіпсіздік, E – Экономикалық даму, C – Өзара байланыс, U – Бірлік, R – Егемендігі мен территориялық тұтастығын құрметтеу, E – Қоршаған ортаны сақтау, бұзбау. Біздің Орталық Азиямен байланысымыз тереңде жатыр. Өте жақсы қарым-қатынастамыз.
Үндістаннан Алматыға бар болғаны, 3,5 сағатта жетеміз. Өз елімде, шығыстан батысқа бару үшін үш сағат кетеді. Ұшақта жарты сағат артық отырсам, Алматыдан бір-ақ шығар едім.
Ташкентке де сол шамалас уақыт кетеді.

– Қытай мен Үндістанның сыртқы саясаттағы айырмашылықтары неде?..
– Үнді елі: әлем – бір отбасы деген қағиданы басшылыққа алады. Біз мұны “Васудхайва кутумбакам” деп атайтынымызды жоғарыда айттым. Бүкіл басымдық тек менің ғана қолымда болсын деген саясатты ұстанбаймыз. Үндістан көпполярлы саясатты қолдайды. Азия да көпполярлы болуы тиіс. Мәселен, Қазақстан да, Үндістан да өз алдына бір-бір полюс. Олай болса, біз неге полюс бола алмаймыз? Білесіз бе, полюс болу үшін экономикада тең түсу міндет емес. Дегенмен, өкінішке қарай, Қытай бірполярлы Азия етуге ұмтылуда. Ал, әлемдік деңгейдегі оқиғаларда көпполярлы болуды талап ете қалады. АҚШ көпполярлы саясатты ұстануын сұрайды. Біздің тараптан Қытайға заңды сұрақ туады: Азиялық көпполярлы саясатты ұстануға дайынсың ба?.. Міне, бұл Үндістан мен Қытайдың бір-бірінен басты саяси  айырмашылығы.

Үндістанның тәуелсіздік тәжірибесі, егемен болғаннан кейінгі даму кезеңі бейбітшілікке негізделген. Қинамауға, күштемеуге шақыратын Будда мен Ганди құндылықтарымен сабақтасып жатыр. Пистолетті құлақ шекеңе кезеніп билікті алуды, тапаралық тартысты, біреуді құлатып, екіншісін сұлатып, анда-мында төңкеріс жасау туралы әңгіме қозғамаймыз. Біздің тарихымыз тіпті ондай емес. Біз демократия, біз дегеніміз ашықтық. Біз жұртымыздың түрлі көзқарастарына құрметпен қараймыз. Мұны парламент арқылы іске асырамыз. Сот жүйесі дербес. Ақпарат құралдары өте белсенді. Бұл да Қытай моделінен ап-анық тағы бір өзгешелігі. Біздің бағыт-бағдарымыз Қытайға мүлде келмейді. Есіңізде болсын, авторитарлы  ғана емес, демократиялы жүйе де дами алады. Асылында, демократия тұғыры қашанда тұрақтырақ. Бүгінгі Үндістан – әлемдік деңгейде демократияны әйгілеп тұрған ел.
Айтпақшы, биыл халық санынан Үндістан Қытайдың алдына шықты. Ендігі Үндістан халық санынан да, демократиядан да әлемдегі нөмірі бірінші ел. Әрі дүние жүзі бойынша экономикасы жедел өсіп келе жатқан мемлекет. Сондықтан табысты дамудың түрлі жолы бар. Біз өз жолымызды құп көреміз.
– Үндістандағы азаматтық қоғамның ахуалы қандай?
– Әлемдік ең үлкен сайлау бізде өтеді. Үндістанда неше адамның сайлау құқығы бар білесіз бе? 900 миллион. Соңғы сайлауға 650 млн адам қатысты. Жер жүзінде мұндай масштабта өткен сайлау жоқ. Үкімет бізде бейбіт түрде ауысып отырады. Адамдар келіп, солай кетеді. Пікір алуандығы сақталған.
1,4 млрд. халықты демократиямен басқару оңай емес. Осынша халықты демократияда бақылай алар ма едіңіз? Әлемде халқының саны 20-40 млн ғана болатын қаншама елдер бар. Ал, бізде, бір ғана Нью-Делиде 20 млн адам өмір сүруде. Сондықтан демократия да өз ішінде түрленеді. Біздің саяси жүйе өте жақсы, әрі ұзақ уақыт бойы осы жол сақталады деп санаймын.

– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан: Құрманғали Нұрғали

 Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0