Әлемдік саяси дағдарыс одан сайын шиеленісіп барады. Сырт қарағанда, сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдарына ұқсайды.
Мысал ретінде 1938ж. Мюнхен келісімін алайық. Мұны таяуда басталған АҚШ пен Ресей арасындағы әлдебір құпия “жылымықпен”, кеше ғана аяқталған Мюнхен конференциясымен салыстырайық.
1938ж. Мюнхен келісімі негізінде Гитлерлік Германия Чехословакияның Судет облысын өзіне қосып алады. Келісімге қол қойған елдер – Ұлыбритания, Франция, Германия және Италия. А. Гитлер Чехословакияның немістері қалың аймағында олардың құқығы бұзылып жатқанын, соған орай, егер, беруге келіспесе, әскери жолмен шешетінін айтады. Осылайша, төрт ел Чехословакияның (жер соныкы болса да) сыртынан келісім жасайды. Ұлыбритания мен Франция Гитлерлік Германияның агрессиялық ашуын басу жолы ретінде келіседі.
Мюнхен келісімі – фашистік Германияны есірткен оқиғалардың бірі. Есіргені сонша, келер жылы КСРО-мен келісіп, Польшаға басып кіріп, Екінші дүниежүзілік соғысты бастайды. Ұзамай Ұлыбритания мен Францияның өзімен соғысады. Соңғысы фашистер алдында тізе бүгеді.
● Бүгінге геосаяси дағдарысқа келейік. АҚШ Украинаны айналып өтіп, агрессиялық Ресеймен келіскісі келеді. Оған әскери қуатты ел, Гитлерлік Германияны талқандады т.б. деп мәймөңкелегендей саясат ұстануда, көпшікті үсті-үстіне қоюда. Тәуелсіз ел – Украинаның төрт облысын, Қырыммен бірге конституциясына қосып қойғанын, қалаларды қиратқанын, жүздеген мың украиндерді қырғанын т.б. басқыншылық саясатының салдарын «ұмытты». Енді Трамп билігі Кремль тыныштығы үшін Украинаның үстінен тон пішіп (Мюнхен келісіміне ұқсайды), жерін бере салуға ұмтылуда. Тіпті қазіргі АҚШ билігіне келгендер 1938ж. Ұлыбритания мен Франциядан да асып түсіп, әлсіреген Украинаны Ресеймен ашық бөлісіп алудан тайынбайтындай. Бұл Польшаны бөлісіп алатын (1939ж.) фашистік Германия мен КСРО әрекетіне де келіңкірейді.
Бүгін Сауд Арабиясында өткен АҚШ-Ресей өкілдерінің кездесуінің түбінде, әлемді қайта бөлісу деген де жатыр. Мәселен, ресейлік өкіл “өзара мүдде ескерілетінін” айтты. Демек, мемлекеттердің тәуелсіздігі тарылып, күштінің әлсізге дегенін істетуі ресми түрде беки түседі.
Украина түгілі «табиғи» одақтастары көп Еуропадан алыстайтынын байқатып, Ресейдің тәбетін одан сайын аштырып қойды. Мысалы, АҚШ Еуропадан 100 мың әскерін әкету ойы барын айтты. АҚШ-тың стратегиялық басым бағыты ретінде, Шығыс Азия назарға алынатынын жариялады. Бұл дегеніңіз Кремльге қарата Трамп билігі: Еуропада, Украинадан басқа, «еншің» болса, алып қал дегенге ұқсас жайт… Д.Трамп В. Путинге: “Менің президент кезімді пайдаланып қал” дегендей жағдай. Ресей пайдалана ма?.. Мәселенің бірі осында.
Себебі, Еуропа АҚШ-сыз әскери тұрғыда әлсіз екенін білдірді. Мәселен, өткен ғасырда ғана империя болған Ұлыбритания, Ресей-Украина соғысындай жағдайға тап болса, әрі кеткенде бір жыл ғана төтеп беретінін айтты. Германияның әскери әлеуеті одан да төмен. «Еуропалықтар мен украиндердің (қару-жарақ) қорында ештеңе қалмады», — деді немістің әскери қару жасайтын әйгілі Rheinmetall басшысы А. Паппергер. Сондай-ақ, канцлер О. Шольц Украинаға бітім әскерін жіберуді құптамайтынын білдірді. Франция бипаздап отырып, Гитлерге жем болғандай оқиғаға тап болуы әбден мүмкін. Себебі, президенті Э. Макрон бүгінгідей сын сәтте, Парижде еуропалық шұғыл саммит ұйымдастырса да, соңында батыл шешім шығара алмады. Италия да Ресейдің бетін қайтаратындай, шайқасқа түсетіндей қуатты емес.
Бірер күн бұрын ғана болған Мюнхен конференциясы бүгінгі Еуропа жалғыз қалғанын байқатты. Биылғы Мюнхен конференциясындағы Еуропа бейнесі сонау Мюнхен келісімі кезіндегі Еуропаға ұқсап барады.
● Сол ауыр қателікті қайталамас үшін Еуропа елдері әскери бағытта бір Ту астына жедел жиналып үлгірсе игі. Әйтпесе, қиын-ау…
Трамп билігінің қазіргі алған беті Еуропамен қосып, осыған дейін қалыптасқан, салыстырмалы түрде тұрақты, бейбіт бүкіләлемдік саяси өркениетті жолды одан сайын шайқалтады. Батыс дегенде, әдетте, демократия, адамның тең құқығы, азаматтық қоғам ойға оралса, ендігі АҚШ билігі бас болып, мұны өз қолымен тұншықтырғысы, әлсіреткісі келетіндей. Алған беті демократиялық емес, авторитаризмге бет түзеген елді елестетеді. Әрине, бұл елде азаматтық қоғам бар. Сондықтан қалың жұрты бұған жол бермес, сірә. Дегенмен әлемдегі басқа авторитарлы елдерді есірте түссе керек. Тоталитаризм бұрынғыдай, яғни КСРО-ның “социалистік демократиясын” киіп, әлемге ақыл айтатын саяси жүйеге қайта айналмасын.
Ал, әрі қарай ушыға келе әлем үшінші дүниежүзілік соғысқа ұрынып қалмаса дейміз…
Құрманғали Қалмахан
ПІКІРЛЕР