Астананың қоғамдық көлігі жартылай гуманитарлық компанияға ұқсайды…

Астананың қоғамдық көлігі жартылай гуманитарлық компанияға ұқсайды…

 Елімізде сын айтылатын сала емес. Мұның ішінде қоғамдық көлік қызметі, яғни қала іші мен маңына жолаушыларды тасымалдайтын автобус паркі де бар. Сырт қарағанда, ақша ағылып келіп жатқандай көрінеді. Енді ше?! Елордада күніне жүздеген мың адам автобусты пайдаланады. Дегенмен тірлігі тесік шелекпен су тасығанға ұқсайды екен.
Бұл жерде әңгіме, Астана әкімдігіне қарасты 1 автобус паркі туралы. Мәселен, ай сайын жолақыдан 1,1 млрд теңге түседі екен. Сырт қарағанда, мол ақша. Ал, ішіне үңілгенде, жоқтан жақсыдан сәл бері қаржы болып шықты. Мысалы, автобус паркінің жалақысының өзіне айына 1,3 млрд. тг жұмсалады.  Жанармайға 1 миллиардтан аса ақша кететіні және бар екен. Лизинг төлемі, ремонт т.б. қоссақ, қаланың қоғамдық көлік жүйесі жартылай гуманитарлық қызмет етіп жатыр ма деп ойлап қаласыз.
Басқарма төрағасының сөзіне қарағанда, сағат 21.00-ден кейін “қайырымдылық акциясы” басталатын көрінеді. Бұл дегеніңіз, желілік бақылау қызметінің (ЖБҚ) жоқтығын пайдаланып, “қояндар”, яғни жолақысын төлемей қашатындар өріп кетеді дегені.
“Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық” деген ғой. Содан өз көзімізбен көрейік деп, Басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатовпен бірге, астанадағы жолаушылар ағыны қатты, әрі жолы да бірден-бір ұзақ – 10-маршрутқа міндік. Әуежайдан басталатын тұсынан. Не байқадық? Ел ішінде “Пригород” деп аталатын шағын ауданнан оннан аса адам мініп, көбісі жолақысын төлемей отырды. Автобус паркінің басшысы жолдың белгіленген ақысын төлеуді сұрағанда барып, орындыққа ендігі жайғасып алған жолаушылар қозғала бастады. Арасынан: “Түсер кезде төлейміз” дегенін де естідік. Бұл қандай “ереже” екенін өзі білер… Автобус іші тола бастады. Бірақ, билет төлемін көрсететін таблода тиісінше, өсім жоқ. Nazarbayev университетіне дейін мінгендердің 70-80%-ы төлемейтіні аңғарылды. Автобус жүріп келеді… “Министрліктер үйі” аялдамасына да жетті. Бұл жерден отызға тарта адам автобус ішіне енді. Міне, қызық! Олардың 80%-дан астамы, айтпай-ақ, жолақысын төледі. Осы шамалас қарқын оң жағалаудағы кей аялдамада да көрініс тапты.
Соңғы аялдамаға (вокзал) таяғанда, табло 740 жолаушының төлегенін көрсетті. Ал, біз бастағандағы көрсеткіш 570 еді. Жүргізушінің бұған онша көңілі толмады ма, әлде басқа себептен бе, желілік бақылаушы жиірек болғанда, билет төлемі екі жүзге жететінін айтты…
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, жолақы төлемейтіндердің үлесі – 30% (бұрын тіпті 45-50% болған екен). Егер, күніне 430 мыңнан аса адамды тасымалдайтынын ескерсек, кемі 130 000 жолаушы билет ақысын төлемейді! Айына шақсақ, жарты миллиард теңгеге жуық шығын тартады деген сөз.
Кондуктор санын арттыру арқылы мәселені шешуге бола ма? Сол “жарты миллиардты” төкпей-шашпай компанияға әкеле алса, соның жартысын жалақыға берсе де, ұтылмас еді. Қарапайым есепке салсақ. Әрине, қайта үйлестіру де еңбекті керек етеді.
                                                                  Жалақың қалай, компания?..  
Астанадағы ең үлкен автобус паркінің сүйенері – автожүргізушілер. Бүгінгі күні олар кондуктордың да белгілі бір қызметін қоса атқарып келеді. Айлық жалақысы – 600 мың теңге. Ұзын автобусты айдайтындардың жалақысы бұдан да жоғары көрінеді. 600 мыңның өзі еліміздегі орташа жалақыдан 1,5 еседей артық. Әрине, жұмыс жүктемесі жеңіл демейміз. Соған да сәйкес болар, Парк басшысы жүргізушілердің жалақысын арттыру мәселесі қозғалуда екенін айтты.
Егер, ай бойы жол ережесін бұзбаса, жалақысына 10% үстеме қосылады. Бір күн жұмыс істейді де, келесі күні демалады. Маршрутқа шыққанда, 5 не 5,5 айналым жасайды. Таң атқаннан түннің бір бөлігіне дейін жолда.
Жолаушылардың төлемін қадағалаушылар – желілік бақылау қызметкерінің (ЖБҚ) айлық еңбекақысы 250 мың теңге делінеді. Зор сома дей алмаймыз. Қазақстандағы жиі кездесетін, яғни медианды жалақының өзінен шамамен 20%-ға кем. Сондықтан да болар, желіде жұмыс істейтіндердің саны, тиісті деңгейден әлдеқайда аз. Бірақ, екі күн істеп, келесі қос тәулікте демалады. Бұл да бір жайлы тұсы болса керек…
Басқарма басшысымен қаланың бір бөлігін кәсіби тұрғыда аралай отырып, алған ақпаратымызды сіздерге ұсындық…
Астана – елдің мәдениеті, халықтың менталитеті, рухани күйі көрінетін, сондай-ақ, қоғамға үлгі болуы тиіс қала. Бұл қоғамдық көлікте жолақысын төлеу-төлемеуден де көрінеді. Иә, кей адамның жағдайы келмеуі мүмкін, десек те, төлемейтіндердің үлесі 30% екенін ескерсек, төлемеуші жолаушылардың әлеуметтік жауапкершілік жағында да кілтипан бар…  
 Мысалы, Австрия астанасында билетсіз жүретіндердің үлесі 3,5%-ға да жетпейді екен! Германияның бас қаласы Берлинде де осы шамалас. Екі қалада да билетпен жүретіндердің, жолақысын төлейтіндердің үлесі 96%-дан асады. Ал, бізде – 70%…

 Құрманғали Нұрғали

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0