Осы күні Астана тазалығын сөз еткенде, жұртына қатысты сын да, тазалаушы мекемелерге қоятын мін де айтылып жатады. Айналып келгенде, қаланың тазалығы – екі жаққа да ортақ игілік. Әрі қала тұрғындарының қоғамдық мәдениеті қандай екенінің де көрінісі ғой. Тазалық ісі.
Олардың деңгейін күнделікті өмірде, ауладағы қоқыс жәшігіне әлдебір керек емес затты тастауынан бастап, көшедегі жүріс-тұрысы да байқатады. Мәселен, мемлекеттік мерекелерге, мейрамдарға арналған түрлі іс-шаралар өткеннен кейінгі орындарға, аялдамалардың айналасына барып көріңіз. Жерде жеген тағамдарының қалдықтарынан бастап, әдетте, ересектер де жейтін, қытырлақ, лэйс пакеттері менмұндалап жатады. Шемішкі қабықтары тағы бар. Қоғамдық көлікте де балмұздақ жеп, жан-жағына жағып отыратын, шайнаған сағыздарын орындыққа жабыстырып кететіндер т.б. кездеседі. Қай қалада? Елордада…
Осының барлығын басқа елден арнайы келіп, бүлдіріп кетіп жатқан жоқ (бүлдірсе де, олар көп емес). Барлығы дерлік, осы ел тұрғындары.
Десек те, Астана – тазалыққа мән бермейтін, қараусыз жатқан қала деген ой тумасын. Қыс мезгілінде жолдағы қар, жазда көшедегі қоқыстар өзінен-өзі жоқ болып кетіп жатқан жоқ. Мұнда, басқаны қозғамағанда, арнайы коммуналдық ірі мекеме – «Астана тазалық» қызметкерлері мен жұмысшыларының дамылсыз еңбегі бар. Аталған мекеме елорда аумағының шамамен 40%-ына жауапты: қаланың басты көшелері, магистральды жолдар кіреді. Екі мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар – жол жұмысшылары, жүргізушілер және т.б. Кейде ауысыммен, тәулік бойы жол тазалайды. Мекеме қыста қарды жинап қана қоймай, сыртқа шығарады. Көктайғақта сұйық және қатты химиялық заттарды, яғни реагенттерді сеуіп-шашумен айналысады. Жазда нөсер жауыннан соң, қаланың кей көшелерімен жүру мүмкін емес. Сол кезде көшені жауын суынан арылтады.
Күнделікті күйбең тірлікпен жүрсек те, оларды көше бойында көз шалады. Кейде сұрай кететініміз де бар. Осыдан бірер жыл бұрын осы саланың жұмысшысы алатын айлық жалақысы 100 мың теңгенің үстінде екенін айтқан. Жылдан аса уақыт бұрын және бір жұмысшысынан сұрадық: 180 мың тг деді. Иә, Астанада қала тазалығына жауапты бірнеше мекеме бар. Тиісінше, әлеуметтік саясаты да әртүрлі. Ал, «Астана тазалықта» қатардағы жол тазалаушылардың жалақысы 250 мың теңгеден басталатын көрінеді. Бұл дегеніміз елімізде жиі кездесетін, яғни медианды орташа жалақы көлемімен шамалас. Автокөлік жүргізушілерінің арасында 800-900 мың тг дейін алатыны да бар екен. Нәтижелі жұмыс істегендерге сыйақы да төленеді. Сонымен қатар, барлығына күніне бір мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі. Шалғайда тұратындар жатақханаға орналасуына болады. Бұған қоса, арнайы киім де, тасымалдау да тегін. Соңғы уақытта, жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыру, қайта даярлау, қоғамдық жауапкершілігін арттыру мақсатында, басқа да арнайы курстар ұйымдастырылып келеді.
Таяуда автопаркіне арнайы барып көрдік. Аулада қаз-қатар тізілген көліктер. Біз барған сәтте, бір көлігі істен шығып, сүйреп барады екен. Естуімізше, сондай оқиға әркез болып тұрады. Мұны қозғағанымызда, басшылығы келер жылдан бастап, автопаркті 10-15%-ға жаңалайын деп отырғанын айтты: Iveco, Mercedes т.б. компаниялардың көліктері арқылы.
Көше тазалаушылардың жұмысы жеңіл дей алмаймыз. Әгәраки, «Астананың қысы мен жазы адамға қалай әсер етеді?» деген сауал қойылса, меніңше, дәлірек жауапты солардан көбірек алуға болады. «Тегін істеп жатқан жоқ» деп салқынқанды қарайтындар да кездесер. Дегенмен тұрмысына да, жұмыс жағдайына да көбірек көңіл бөлінсе, олардың құлшынысы арта түсер ме еді. Әрі адами капиталды дамытуға да қосылған үлес болады.
Өркениетті елдер қоғамдық тазалыққа қалай көңіл бөледі?
Дамыған елдерге барғандар, олардағы қоғамдық орындар мен көшелердің, есікалды тазалығын, жақсы білсе керек. Бармағандар интернет арқылы да хабардар. Әдетте, қоғамдық көліктер жылан жалғандай таза, жылтырап тұрады. Олар сондай деңгейге қалай жетті? Іште жатып, біліп шықпаған шығар. Мұнда қоғамдық тәрбие мен тәртіпті, құқықтық теңдікті, қоршаған орта тазалығын сақтауды бала кезден бойға сіңіруден бастап, ересектерді заңмен мәжбүрлеу, жазалау арқылы ғана емес, өз еркімен тазалыққа үлес қостыратын, ынталандыратын жобалар да жатыр.
Өндірістік төңкеріс Батыстан басталғаны белгілі. Сөйте тұра, олар экологиялық сауаттылық, мәдениет дегенде де озып кетті. Соған сәйкес, кей өркениетті елдердегі тазалық мәдениеті қалай сақталатынына, талаптарына аз-маз тоқталсақ, артық болмас, сірә.
АҚШ. Бұл елде жылына 250 млн тоннадан аса тұрмыстық қоқыс тасталады. Бірақ, әр штаттағы талап әртүрлі болуы мүмкін. Ірі қаласы Нью-Йоркты алсақ, аптасына жиналып қалатын қоқыс пен қалдықтар, әр тұрғынға 11,33 кг-дан келеді екен. Қоқыстарды жинауға, әдетте, әкімдігі жауапты делінеді. Бұл дегеніміз тұрғындар төлеп жатқан салықтар мен айыппұлдардың бір нәтижесі… Әйтпесе, біздің елде, салықты қозғамағанда, түрлі айыппұл төлемінен туған қоғамдық тегін қызмет түрі бар ма?..
Дегенмен жеке компаниялар да айналысатыны бар. Олардың қызметі де арзан емес. Әсіресе, біздің жалақыға шаққанда. Мәселен, үйіңіздегі жиһазды шығаруға $80, ал, тоңазытқышты әкетуге 100 АҚШ долларын сұрауы ықтимал. Әрине, бұл елдің тұрмыстық халі бізден әлдеқайда ілгері. Жәй салыстыру үшін.
Федералды деңгейде үш R (reduce, reuse, recycle) бағдарламасы сақталады, яғни, тұтынуды қысқарту, қайта қолдану және өңдеу. Бұл бағдарламаның мақсаты: ысырапшылдықты тыю, қоқысқа тастамас бұрын ойлану, затты соңына дейін жарату, қалдықтарды тиісті орынға тастау т.б.
Бүгінгі күні АҚШ-та қалдықтарды қайта өңдейтін алты жүзге жуық зауыт бар екен. Қоқыс заттарынан биоотын өндіретін мыңға тарта зауыты және бар.
Бұл саланың айналымы $250 миллиардты төңіректеп қалған. Қоқыс пен қалдықтан тұтастай Қазақстан экономикасымен шамалас ақша шығарып отыр…
Германия. Тазалық, экологиялық мәдениет, тиісінше, қойылатын талап дегенде, неміс елінен де үлгі алатын тұстарымыз бар. Олар қалдықтар мен қоқыстарды барынша тиімді пайдалануда айтары бар мемлекеттердің бірі. Германия өткен ғасырдың 80жж. қоқысты түріне қарай бөліп тастауды бастаған. Талап қатты. Айыппұл әжептәуір. Нәтиже жұрттың көз алдында…
Сонымен бұл елде әр жерүйдің есік алдында үш контейнер болуы тиіс: тамақ қалдықтарына, пластиктерге (пакеттерге) және қағаз қоқысына арналған. Ал, сусынды ішкеннен кейін бөтелкесін немесе қалбырын, дүкенге қойылған фандоматқа тастауға болады. Сосын бөтелке құнын қайтарып береді. Осылайша, ерікті түрде, қоршаған ортаның тазалығына үлес қосқанын тұтынушы байқамай қалады.
Иә, барлық жағдайда, арқадан қағып істетпейді. Заңмен мәжбүрлеу де бар. Мәселен, қоқысты (қалдықты) тиісті жерге тастамаса, 30-75 еуро айыппұл салады. Бұл да ештеңе емес, мына мысалдың қасында: егер, қоқыс жәшігінің қасына, керек емес деп жиһазын не тоңазытқышын сүйеп кеткен адамға 2500 еуроға дейін айыппұл салуы мүмкін екен! Бұл дегеніңіз сол елдегі айлық төменгі жалақыдан да көп. Ал, қашып кетсе ше?.. Мұндай жағдайда, тасымал шығынын қоқыс тасушы компания сол тұрғын үйде тұратын әр пәтерге теңдей бөліп төлетеді екен. Әрине, әр федералды аймақта талап та, заң да әртүрлі болуы ықтимал.
Тағы бір қызық жері, адам қалаған уақытында әртүрлі қоқысты тастай алмайды. Мысалы, шыныны қоқыс жәшігіне түнде не құлатаңда тұра сала лақтыруға болмайды. Адамдардың мазасын бұзуы мүмкін.
Германияда жылына 41 млн тонна қоқыс не қалдықтар сыртқа тасталады. Мұның 60-80%ын қайта өңдейді екен. Қоқысты қайта өңдеу саласында 250 мыңнан аса адам еңбек етеді. Бұл дегеніңіз Қазақстанның мұнай-газ секторында жұмыс істейтін адам санымен шамалас. Осылайша, қалдықтардан, қоқыстардан қарайған адамға жұмыс та тауып беріп отыр.
Франция. Түрлі республиканы басынан өткеріп келе жатқан, кешеге дейін империя болған француздардан да алатын жерлеріміз бар ғой деймін.
Бұл ел де қалдықтарды, қоқыстарды әртүрлі жәшіктерге салуды алғаш бастағандардың бірі. Францияда ақ, сары, қоңыр түсті жәшіктерге тастауға болмайтын қалдық та бар. Дәлірек жазғанда, медицинамен байланысты (мысалы, мерзімі өткен дәрілер, істемейтін термометр және т.б.) қоқыстарды жәшікке салуға болмайды. Әдетте, мұны дәріханаға өткізеді.
Қоқыс жәшігіне тура салмай кетсе, жеке тұлғаға 35 еуро айыппұл салынады. Жолға тастаса, айыппұл көлемі бұдан шамамен екі есе артады.
Көлемі үлкен (жиһаз, тоңазытқыш, диван т.с.с.) заттарды қоқыс жәшіктерінің қасына қойып кетуге де жол жоқ. Мұндай жағдайда 150 еуро айыппұл салынады. Тіпті автокөлігін тәркілейтін көрінеді.
Десек те, бұл мемлекетте де әр аймақтың талабы әртүрлі болуы мүмкін. Сондай-ақ, сырт қарағанда, тек жазалаудан, талап етуден ғана тұратындай көрінер, бәлкім. Бірақ, олай емес. Мәселен, Парижде қоқысқа тастамас бұрын, жәшіктердің қасына сканерлейтін аппарат та қойған. Соған сәйкес, қоқысты қай жәшікке тастау керегін көрсетеді, яғни жөн сілтейді. Ал, тазалықты сақтаған кәсіпкерлерге жеңілдік те беріледі.
Бүгінгі күні Франция қалдықтарды қайта өңдеу арқылы, 2,3 млн тонна шикізат өндіруде. Бүкіл қалдықтың шамамен 42%-ын қайта өңдейді.
Әрине, дамыған мемлекеттер де, бірден осындай деңгейге көтерілмеді. Түрлі сатылардан өтті, өтуде.
Қазақстанда тазалық талабы бар, әйтсе де…
Енді өз елімізге келейік. Бізде де қоғамдық тазалық талаптары заңда белгіленген. Мысалы, көппәтерлі тұрғын үйдің есік алдына қоқыс тастап кеткен адамға, Әкімшілік кодекске сәйкес, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Тағы қайталанса, екі есеге артады. Бұл дегеніңіз 40 мыңдай тг. Аз емес. Ал, тұрмыстық қалдықтарға арналған жәшікке, үлкен көлемдегі қоқысын (мұздатқыш, диван т.б.) қойса, оның мойнына 20 АЕК айыппұл ілінеді. Әдетте, адамдар көпқабатты үйдің балконын, баспалдақтарын, кіреберісін (подъезд) темекі тартатын, насыбай ататын жерге айналдырып алады. Біздің елде. Заңға қарасақ, қайшы әрекет, яғни 15 АЕК айыппұлға ұшыратады. 60 мың теңгеге жуық ақша.
Сонымен қатар, велосипед, коляска, шана, самокат т.с.с. қалаған жерге қалдырып кетуге болмайды. Соңғы уақытта, басқаны қозғамағанда, Астананың өзінде самокаттың әр жерде жатқанын көретін болдық. Мінерін мінеді де, көрінген жерге тастап кетеді. Түнде адам сүріне жаздайды. Бұлай етуге де заңмен тыйым салынған немесе 5 АЕК көлемінде айыппұл арқалатады.
Сырт қараған адам, жұрт аузында жүргендей, Штрафстан, Айыпстан дер. Бірақ, дәл осыларды артық деу қиын. Мәселен, шылымын бұрқыратып шегіп тұрады. Темекіге жоқ екінші бір көршісі амалсыздан соны жұтуына тура келеді. Есік аузындағы қоқыс жәшіктерінің қасына диванын, креслосын, есігін т.с.с. ірі қоқыстарын тастап кететіндер де елордада кездеседі. Сондықтан өркениетті елге жеткіміз келсе, өзімізден бастайық…
P.S. Бүкіләлемдік банктің мәліметіне қарағанда, адамзат баласы қоршаған ортаға жыл сайын 2 млрд. тоннадан аса қатты қалдық тастайды. Егер, осы бетімен кете берсе, 2050ж. қарай 3,4 миллиард тоннаға жетуі мүмкін. Мұның ішінде Қазақстанның да үлесі бар, әрине.
Сондықтан балалардан бастап үйрету керек. Ерте бастан адам бойында экологиялық дағды қалыптастыру қажет. Экологиялық мәдениетті, қоршаған ортаға деген құрметті, сауаттылықты бойына сіңірген адамдар қоғамда көп болған сайын, еліміз де тазара түседі.
● Ауаны ластаушы, соны өзі де жұтады. Суды бүлдірсе, содан өзі де ішеді. Қарапайым аксиома. Бірақ, осыны түсінетін бас көп болсашы…
Астана тазалық: «Таза сана – таза қала» деп жазып қойыпты. Орынды. Шынында, саналы жан жүрген жерін ластап жүре қоймас, сірә.
Сингапурдың тәртібін, қатаң талабын ұсынатындар да табылар. Десек те, санамен тоқтам жасауға жетпейді…
● Өкінішке қарай, бұл салада да тұтынушы елміз. Экономикалық жағынан шетелге тым тәуелді екенімізді коммуналдық мекемедегі автокөліктерден бастап, жұмысшылардың киімдеріне дейін қарасаңыз, аңғару қиын емес. Жыл сайын сыртқа кететін жүздеген миллион, бәлкім, миллиардтаған теңгені елде қалдыру үшін не істеу керек? Бұл мәселені шешуге мемлекеттің экономикалық әлеуеті жетеді. Артқа тартып жатқан адами себептер ғой…
Құрманғали Қалмахан
Фото интернеттен алынып, құрастырылды
ПІКІРЛЕР