Ескіріп бара жатқан “Жаңа Қазақстан”…

Ескіріп бара жатқан “Жаңа Қазақстан”…

Осы күні еліміздің кешегісі мен бүгінін салыстыратындардың қарасы қалыңдап барады. Егер, жын ұрғандай еліре сөйлеп, шіріген сөз жазып емес, ойға қонымды, қоғамды алға сүйрер кішігірім болсын талдаулар, сараптамалар арқылы пікірлерін білдіріп жатса, әрине, құптарлық-ақ жәйт. Үрдіске айналса, қоғамды өсірмесе, өшіруге қарай тартпайды.

Сол ізгі ниетке салып, біз де “Жаңа Қазақстанды” соған дейінгі, яғни “ескі” нұсқасының соңғы кезімен, сондай-ақ, әлемнің басқа да мемлекетерімен біршама салыстырып көрсек деп қолға қалам алдық…

Кеңейе жаздап, қайта тарылған саяси құқықтар…

 Халықтың саяси құқықтарын алып қоюы, бетімен кетудің билікте “дәстүрге” айналуы, демократиялық тепе-теңдіктің болмауы – Қаңтар оқиғасына әкелгені белгілі. Н. Назарбаевты әпсәтте “зейнетке” шығарып жіберген сол оқиғадан соң не болды? Әділдік үшін, басында біршама тәуір саяси оң өзгерістер байқалды. Мәселен, Конституцияға можаритарлық жүйенің қайта енгізілуі немесе бірмандаттық округ бойынша депутат болып сайлана алу да сол оң өзгерістен еді. Тіпті 30% болса да…

“Әзірге біздің депутаттардың азаматтар арасында лайықты беделі жоқ. Бұл қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде айқын көрінді” – деп еді сол 2022ж. Қ. Тоқаев. Тура айтылған. Өкінішке қарай, жұрттың қуанышы ұзаққа созылмады: биылғы жаңа Конституциядан бұл да алынып тасталды. Демек, ілгері басқан аяқ кері кетті. Иә, демократиялық институттар қалыптасқан ел болсақ, қазіргі Конституцияда бекітілген партиялық жүйемен ғана Парламентке өту ережесінің сөкеттігі жоқ еді. Біздің жағдайда олай емес… Сондықтан өз-өзін ұсыну арқылы депутаттыққа сайлану жолын қоғамда демократиялық дағды әбден қалыптасқанша сақтаған жөн-ақ еді…

Егер, парламент депутаттары саяси демократиялы елдердегідей ел ішінен іріктеліп, ашық саяси таңдаудан өтіп барып келсе, алда құрылатын Халық кеңесі сияқты алқаның керегі болмас еді. Соған кеткен шығынды елдің нақты қажетіне жұмсаса, халықтың бір жыртығы жамалмай ма…

Мұның есесіне соңғы уақытта “А” деп аузын ашқанды қысымға алу, ақпарат құралдарының тынысын тарылта түсу, сынға селт етпеу билік тарапынан қарқын алып барады. Тіпті кей жағдайда ескі кезеңнен де бетер. Құрғақ сөз болмасын, Freedom House беделді ұйымының әлем елдеріне жасаған талдау нәтижесіне сәйкес, Қазақстан шекті 100 ұпайдан 23 қана алған, тиісінше, қоғамы еркін емес ел санатына жатқызылды. Салыстырайық. Финляндия 100 жинаған! Тіпті ондаған жылдар бойы тоталитарлы бір одақта болған Эстония 96, Литва 90, Латвия 89 ұпай алыпты.

Ал, “Шекарасыз репортерлер” халықаралық ұйымының зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан биыл, сөз бостандығынан әлемнің 180 елінің ішінде, 149-орын алды. Демек, соңынан санағанда отыздыққа таяп тұрмыз… Әрі бір жылда сегіз орынға кейін шегінген. Жарты ғасыр бойы асадтық тоталитаризмнің түнегінен басқа ештеңе көрмеген Сирияның өзі бүгінгі күні бізден алда. Бізбен бір одақта болған, бүгінде сөз еркіндігінен үштікте тұрған Эстониямен тіпті салыстыра алмаймыз…

Сөз еркіндігі, баспасөз бостандығы бойынша, “Ескі Қазақстанның” соңғы жылынан бастап, жаңасына дейінгі көрсеткіштерге қайта үңіліп көрелік:

  • 2021ж. – 155-орын;
  • 2022ж. – 122-орын;
  • 2023ж. – 134-орын;
  • 2024ж. – 142-орын;
  • 2025ж. – 141-орын;
  • 2026ж. – 149-орын.

Бұдан байқалғаны, “Жаңа“ Қазақстанның алғашқы қарқыны жаман болмаған. Бір жылда бірден 33 орынға көтерілген. Сол жылы Конституцияға енгізілген партия құрудың жеңілдеуі, парламенттік сайлауда можаритарлы жүйенің қайтарылуы, ақпарат құралдарындағы, әлеуметтік желілердегі біршама кеңейген тыныс осынша секіріс жасауға әсер еткені анық.

Өкініштісі, келесі жылы-ақ, яғни 2023ж. он екі орынға күрт төмендеді. Осы болмашы саяси еркіндіктің өзі, түбі өздерін шайқайтынынан билік басындағылар қауіптенсе керек, қоғамда бірден саяси қысымды, бақылауды тіпті күшейтіп жіберді. Сол уақыттан бері оппозициялық партия құрамыз дегендердің, соның басы-қасында жүргендердің, саяси ашық сынағандардың, қарсыласқандардың қамалуы, шетел асуы немесе аузын жаптыруы және т.б. әдістерге сүйеніп, қоғамды қайта толық тоталитаризмге сүйреуі – бұлыңғыр кезді елестетеді…

Экономика өссе, халықтың жағдайы төмендейтін ел…

 Бізің ел қызық жағдайдың көрінісі болып отыр. Экономика жыл сайын өсіп жатыр. Төмен де емес, әлемдік орташа өсім өткен жылы 3,4% болса, Қазақстан 6,5% көрсеткен. Үш пайызға дерлік артық. Сырт қарағанда, тәуір көрсеткіш. Сөйте тұра, төменгі жалақының өспегеніне биыл үшінші жыл. Сонымен қатар, орташа есеппен алғанда, әр қазақстандықтың табысы тұрмыстық шығынының 84%-ын ғана жабады екен. Қалғанын қарызға, каспий-редпен т.б. жолдармен алады. Ел қауіпті әлеуметтік дағдарыс шеңберіне енді. Ал, үкімет болса, экономика өсіп жатқанын айтудан аузы босамай жатыр…

Орташа жалақы өсуін өскенімен, инфляциядан оза алмай келеді. Номиналды жағынан артқан, бірақ, құны жағынан өткен жылғы деңгейден төмен. Сорақысы сол, агрессиялық соғыс ашқанына бесінші жылға кеткен, әлем тарихында болмаған санкцияға ұшыраған Ресейдегі инфляция көлемі (5,6%) Қазақстаннан аз (12,3%). Тиісінше, нақты жалақының өсімі де бізден жоғары. Тек Ресей ғана емес, ЕурАзиялық экономикалық одақ бойынша алсақ, Қазақстан Армения, Беларусь және Қырғыз Республикасынан да төмен: соңғы орында тұр. Жәй сөз емес, өткен жылдың алғашқы үш айы мен биылғы сондай кездегі орташа жалақының өсіміне үңіліп көріңіздер.

2026ж., қаңтар-наурызындағы жалақының ЕАЭО елдеріндегі нақты өсімі:

  1. Ресей – 108,7%;
  2. Беларусь – 107%;
  3. Қырғыз Респ. – 105,2%;
  4. Армения – 98,8%;
  5. Қазақстан – 97,7%.

Шағын есептеу де жасап көрдім: 2020ж. және 2026ж. төменгі жалақыға неше Snickers шоколады түсетінін салыстырып. Осыдан алты жыл бұрын еліміздегі айлық төменгі еңбекақы 42 500 тг болғаны белгілі. Соған, сол уақытта 330 Snickers түскен. Ал, биылғы 85 000 теңгеге 290 (шамалы қалдық қалады) ғана алуға болады екен, яғни бақандай 40 данаға кем! Демек, төменгі жалақы алты жыл ішінде екі есе өссе де, 11%-дан аса құнсызданған. Бұл дегеніміз, қазіргі 500 мың тг жалақының құны, осыдан 6 жыл бұрынғы 250 000 теңгеден де төмен екендігін білдіреді. Акциялық бағада есептегеннің өзінде осындай…

Биліктегілер мен соның сызған бойымен ғана жүретін, айтқанынан шықпайтын ақпарат құралдарына салсақ, биыл Қазақстанның ЖІӨ көлемі, сатып алу қабілеті бойынша, 1 триллион АҚШ долларына жетеғабыл болатынын айтып, шәпкіні аспанға атуға шақырады. Елдің бәрін сауатсыз көре ме, әлде, бар жеткені сол ма, әйтеуір, осыған ұқсас ақпараттар жиіледі. Олай болса, тағы да кішкене ғана талдау жасап көрейік. Халықаралық валюта қорының мәліметінше, ЖІӨ көлемін жан басына шаққанда (сатып алу қабілеті бойынша), Қазақстан көрсеткіші $45 мыңның үстіне шықты. Латвияда $43 500, Болгарияда $43 мыңға жуық. Олай болса, латыш елінде неге төменгі айлық еңбекақы (780 еуро) біздің елден 5, ал, болгарлар (620 еуро) 4 есе артық?! Сонымен қатар, Германия мен Нидерландының көрсеткіші, жан басына шаққандағы артықтығы, Қазақстаннан екі еселікке де жетпейді. Сөйте тұра, төменгі жалақысы еліміздегі деңгейден 15-16 есе артық! Осыларға қарап, шартты түрде алсақ, Қазақ еліндегі айлық төменгі жалақы 400-450 мың тг болуы тиіс. Ал, қазір 85000 тг немесе 150 еуродан сәл ғана асады… Төрт жыл бойы империяшыл Ресеймен соғысып жатқан Украинадағы жалақы Қазақстаннан жоғары: 173 еуро.

Демек, мұның сыры неде? Саясаттың түзеле алмай жатқанында, азаматтық қоғамның, саяси демократиялық институттардың қалыптаспауында. Тиімсіз мемлекеттік шығындар көптігінің, жемқорлық сұмдық етек алғанының және т.б. келеңсіздіктің салдары.

Елдердің ЖІӨ көлемін жан басына шаққандағы (сатып алу қабілеті) көрсеткішінің төменгі жалақыға қатынасы:

  • Қазақстан $45 300 – 150 еуро;
  • Латвия $43 500 – 780 еуро;
  • Эстония $49 500 – 886 еуро;
  • Германия $74 000 – 2343 еуро. 

Биылдан бастап күшіне енген Салық кодексіндегі кей өзгерістер, жығылған үстіне жұдырық болды. Халықтың қалтасын одан сайын қағып жатыр. Бұл жерде әңгіме, шағын кәсіп пен қосымша құн салығын (ҚҚС) 16%-ға дейін жеткізуі, құрылыс компаниясына ҚҚС қою туралы. Жыл басынан бері жаңа салық ережесіне төселе алмай, қаншама кәсіпкерлік жұмысын тоқтатты. Ресми мәліметке салсақ, 270 мыңнан аса шағын және орта бизнес жабылған (иә, арасында жұмыс істемей тұрғандар да аз емес болар, десек те…). Дамыған қай ел болмасын, шағын және орта бизнестің (ШОБ) өркендеуіне зор көңіл бөледі. Мысалы, АҚШ пен Жапонияда  ШОБ-тың экономикадағы үлесі 55%-ды төңіректесе, Қазақстанда 40% ғана. Тіпті Жапонияда жұмыс істейтіндердің 70%-ы сол салада. Кәсіпкерліктің бұл тармағы қоғамда орта тапты арттыруға тікелей әсер етеді. Әдетте, орта таптың қалыңдауы қоғамдық дамуға әкеледі. Бізде, керісінше, арнайы қыруға шыққандай көрініс. Олар топырлап банкрот болып жатса, үкімет бәріне жұмыс тауып бере да алмайды. Жәрдемақы алатындар, тұрмысы нашарлағандар артады. Айналып келгенде, бюджетке қосымша салмақ тудырады. Сонда үкімет не ұтады? ҚҚС анау. Мұны халық төлейді, бұрынғы алып жүрген затына лезде 16% қосылды. Құрылыс компаниясынан баспана алғалы жүрген адам, енді бірнеше миллион тг үстіне қосып төлеуге мәжбүр.

Елдің жағдайы нашарлап бара жатқанда, қалтаны одан сайын қағатын, әлеуметтік жағдайды шайқай түсетін сондай өзгерістер керек пе еді?! Осылайша, билік саясатта ғана емес, экономикада да халықты қысып, тықсырып келеді. Жұманғариндердің көздегені не екені белгісіз…

Есесіне жемқорлардың, парақорлардың ”экономикасы” құламай келеді. Transparency International халықаралық ұйымының мәліметіне сүйене отырып, әлем елдері ішінде Қазақстанның  жемқорлық көрсеткіші бойынша әр жылдардағы орнын тізіп шықтым:

■ 102-орын, 2021ж.;

■ 101-орын, 2022ж.;

■ 93-орын, 2023ж.;

■ 88-орын, 2024ж.;

■ 96-орын, 2025ж. 

 “Ескі Қазақстанның” соңғы жылы еліміз 102-орында тұрса, “Екінші республика” бастапқыда біршама ілгерілеуі ілгерілеген. Дегенмен ұзамай қайтадан таз қалпына түсіп барады.

Бірін жазып, біріне кетті демеңіздер, мұнда біздің қоғамның да әлсіздігі, әлі де өсе алмауы жатыр. Тобыры қалың, наданы көп, залымы алда… Естеріңізде болса, былтыр жазда Украина президенті антикоррупциялық органды, арнайы прокуратураны өз бақылауына өткізгісі келіп еді, украиндер өре түрегелді. Содан В. Зеленский билігі кейін шегініп, антикор, арнайы прокуратураның өкілеттігін қайтарып берді. Соғысып жатқан халықтың осынша белсенділік көрсетуі некенсаяқ. Міне, еті тірі, сөзі ірі, болашағы бар қоғам. Қызық болғанда, дәл сол өткен жылдың жазында Қазақстанда да антикор қысқарып, ҰҚК-ге берілді. Бірақ, қоғам селт етпеді, жұта салды… Иә, кейбіріміз пікір білдірдік…

Маңызды экономикалық көрсеткіштерде Өзбекстан Қазақстаннан озып барады…

 Ұзақ уақыт бойы Қазақстан Орталық Азия бойынша экономикалық маңызды көрсеткіштерде алда келді. Бірақ, экономикалық құрылымда өзбек елі бізден озып кетті. Еліміз неше жылдан бері экономиканы әртараптандыру дегенді айтуын айтып-ақ келеді. Бірақ, нәтижеде, өзбектер бұл жағынан да ілгері басып барады. Мәселен, Қазақстанда инвестицияның елеулі бөлігі шикізат, құрылыс секторына салынуда. Өзбекстанда, керісінше, жасыл экономика, өнім өндіретін салаларға инвесторлар қаржы құйып жатыр.

Енді басқа да көрсеткіштерде елімізді артқа тастап барады.

Сонымен салыстырайық…

  • Экономикалық өсім (2025ж.):

Қазақстан – 6,5%;

Өзбекстан – 7,7%.

  • Тікелей шетелдік инвестиция (2025ж.):

Қазақстан ~ $19 миллиард;

Өзбекстан < $38 миллиард.

Жан басына шаққанда, екі елдің инвестициялық деңгейі шамалас: 1000 АҚШ долларын төңіректейді. Ал, егер, ЖІӨ-ге шақсақ, Қазақстан әжептәуір артта қалады. Мысалы, тікелей шетелдік инвестиция Өзбекстан ЖІӨ-інің 25%-ынан асып тұр. Қазақстанда бұл 6,3% ғана, яғни, Өзбекстан көрсеткішіне жету үшін Қазақ елі $80 миллиардқа жуық инвестиция тартуы тиіс. Бір жылда!

  • Инфляция (2025ж.):

Қазақстан – 12,3%;

Өзбекстан – 7,3%.

Біздің елде олардан 5%-ға жоғары. Демек, экономикалық тұрақтылығы мен импорттық тәуелділігі бізден жақсырақ. Өз-өзін қамтамасыз ету жағынан қазақ елінен алда…

  • Бюджет тапшылығы (2025ж.):

Қазақстан – 4,4%;

Өзбекстан – 2,1%.

Бұл жағынан да бізді артқа тастады.

Анық басым тұрған бірер жақтарымыз ғана қалды: ЖІӨ көлемі, соны жан басына шаққандағы деңгей, жалақы және т.б. Қазақстандағы төменгі жалақы Өзбекстаннан шамамен 60-65%-ға артық. Дегенмен олардың төменгі жалақысына түсетін азық-түлік, тұтыну тауарларымен салыстырсақ, айырма тағы азаюы ықтимал. Бұған жоғарыда жазылған инфляция да дәлел. Сондай-ақ, бізде үшінші жыл қатарынан төменгі айлық еңбекақы көтерілмегенін ескерсек, олардың жақындауына не озуына мүмкіндік тағы бар…

Сонымен қатар, ЖІӨ-ді жан басына шаққанда, Қазақстанның деңгейі Өзбекстаннан әлдеқайда жоғары. Біздің ел әлемдік орташа көрсеткішпен шамалас. Ал, олар бірнеше есе төмен. Бірақ, өкінішке қарай, халқымыздың жағдайына, экономикасына алып бара жатқан әсері байқалмай тұр… ЖІӨ көлемімен салыстырсақ. Қазақстан Өзбекстан көрсеткішінен екі есе артық. Десек те, арамыздағы алшақтықты қысқарып келеді. Әйтпесе, бұрын кемі үш есе артық болған едік.

Иә, көрші ел. Түтіні экономикада да түзу ұшсын. Әңгіме басқада, Қазақстанды алыс емес, көрші мемлекет арқылы салыстыра байқау…

P.S. 1. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек. Бұл төрт жыл бұрын, Қаңтар оқиғасынан кейінгі Қ. Тоқаевтың сөзі. Орынды-ақ айтқан. Әттең, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын теріс өзгерістер, керісінше, артып кетті…

 Есеп беретін Үкімет өздерінің есебін қайдам, халқының есебін бұзып барады. Жыл өткен сайын қалың жұрттың жағдайы нашарлаған үстіне нашарлап жатыр. Мұндайда демократиялы елдерде мүмкіндік бар. Сайлауда қалаған партиясына, саяси блогына даусын беріп, оңдырмаған үкіметін ауыстыра алады. Біздің халықтың қазіргі қолында ондай саяси ресми тетіктер жоққа жақын. Сондықтан биліктегілер халықтың сөзін қайтсін…арасында тыңдар, бәлкім, әйтпесе ол да жоқ.

 Халық өзімен санастыра алатындай деңгейге жетсе, көп нәрсе оңға қарай жүрері анық. Билік басындағы бір адам соған сүйресе, елі үшін де еткен ерен еңбегі саналар еді.     

  1. Осылайша, “Жаңа Қазақстан” жаңармай жатып, ескіріп барады. Ескінің есерін емес, естісін алу керек еді, егер, алғысы келсе… Әй, қайдам, ”Әділет” партиясын қайта (?) құрып, бұған осыған дейін бас партиясы саналған “Аманатты” оп-оңай қоса салуына қарағанда, билікте болған бұрынғы ағаларының сара жолынан таймайтындай. Бірақ, қазіргі ұрпақ бұрынғы буындай көне бере ме, әлде…

 Таяуда әлемге әйгілі голливудтық актер Ричард Гир, АҚШ басшысы Дональд Трамптың президент болып кеткеніне қынжылды. Оны ел басқартуға болмайтын қауіпті адам дегенге келтірді. Соған қарсы жан-жағын үгіттеп, сондай адамның билік басына келуіне кедергі ете алмағанына өкінген сыңай байқатты. Демократиялық мемлекетте тұрып жатқан, бір мерзімде 4 жыл ғана ел басқартатын, саяси демократиялық институттары әбден қалыптасқан елдің азаматы осылай ойлайды…

Құрманғали Қалмахан

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0