Құрманғали Нұрғалиев
Бұл туралы Италия премьер-министрі Маттео Ренци, Рим мэрі Вирджиния Раджи мәлім еткен. 2024-жылғы Олимпиада ойындарын өткізу ойынан айну себебі неде? Себеп қаржылық қиындықта, дағдарыстағы Италияның қамын ойлауда жатыр. Мысалы, Олимпиялық ойындарды өткізу үшін кемінде 6 млрд. еуро керек көрінеді. Мұндай қаржы қазіргі Италияға ауыр салмақ салады екен.
«Олимпиада ойындарын өткізу үшін біз тағы да қарыздануға тиіспіз. Ол дегеніміз римдіктер мен жалпы итальяндықтар үшін қосымша жүк. Мұндай шешім қабылдауымыздың себебі де осы. Көп жағдайда ақша итальяндықтардың қалтасынан шығатын салықтан төленетінін көпшілік ескермейді. Әсіресе, итальяндықтарға түк пайдасы жоқ жобаларды қаржыландыру жөнсіз», – дейді Рим мэрі Вирджиния Раджи (Baq.kz)
Италияның өз өтінішін қайтарып алуы бір бұл емес. Мәселен, кезінде 2020-жылы өтеді делініп отырған Жазғы Олимпиялық ойындарға берген өтінішіне қатысты да сондай шешімге келген болатын. Онда да экономикалық дағдарысты алға тартқан еді. Шамамен 12,5 млрд. доллар кетеді деп.
Сонымен, Олимпиялық ойындар өткізуге үміткер ретінде мына қалалар қалды: Лос-Анджелес (АҚШ), Париж (Франция) және Будапешт (Венгрия). Қайсысына бұйырады? Бұл 2017-жылдың 13-қыркүйегінде Перу астанасы Лимада жария етілмек.
ПІКІРЛЕР