Халықаралық қатынастар алмағайып күйде тұрғанда, Тәуелсіз ретінде Қазақ елі де өз қамын өзі күйттеу жолынан таймауы тіптен қажетақ. Бұл жерде биліктің бір тармағы саналатын Парламенттің де қырағылығы қыраннан кем болмауы тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттің қаржысынан «шоколад» өмір жасап үйренген шенеуніктер де белгілі бір жүйеленген тәртіпке түсуі де маңызды. Осы орайда дипломатияда да, облыс басқаруда да абыройлы болған, артынан жақсы сөз ерген елдің елеулі азаматы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, экономика ғылымының докторы Икрам Адырбеков мырзамен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Халықаралық жағдайдың мынадай қиын сәтінде, дипломатиялық оралымдылықтың, тәсілдердің маңызы тіптен артса керек. Ендеше, Қазақстан ірі елдердің геосаяси тартыстарының арасына түсіп қалмауы үшін қай бағытта берік болуы қажет? Тәуелсіз ел ретінде қандай ұстанымды айқын байқата алуы тиіс және байқатып отыр?
– Сұраққа жауап берерден бұрын шамалы тарихқа оралатын болсақ, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып құрылған сәттен бастап, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, оның сыртқы саясатының негізгі бағыттары мен басымдықтарын айқындап берген болатын. Мысалыға, 1992-жылы қазан айында өткен БҰҰның Бас Ассамблеясының 47-сессиясында, алғаш рет тәуелсіз мемлекеттің президенті ретінде сөйлеген сөзінде Қазақстанның сыртқы саясаты көпвекторлы әрі бейбітшілікке, әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталатынын жария еткен еді. Міне, сыртқы саясаттағы осындай ұстаным, сол уақыттан бері 20 жылдан аса уақыт өтсе де өзінің өміршеңдігін, нәтижелілігін көрсетті.
Дегенмен соңғы жылдары әлемде және біздің өңірде геосаяси жағдайлар күрделі өзгеріске ұшырап жатыр. Дүниежүзінде әртүрлі қақтығыстар, түсінбеушіліктер, шиеліністер белең алуда. Солардың бәрін ескере келе, биылғы жылы ел Президенті 2014-2020 ж.ж. арналған сыртқы саясат Тұжырымдамасын бекіткен болатын. Сол тұжырымдамаға зер салсақ, еліміздің басты құндылықтарына – мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігін арттыру, Орта Азия және жаһандық қауіпсіздікке өз үлесін қосу, ішкі тұрақтылықты дамыту, прагматизм, ел мүддесін қатаң қорғау және т.б жататыны анық белгіленген. Міне, біздің мемлекет алдағы уақытқа сыртқы саясатта осындай мақсаттарды қойған және соны іске асырады.
Тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттің бейнесі, беделі ол тек өзінің ішкі жеткен экономикалық деңгейімен өлшенбейді, оның халықаралық қауымдастыққа қосқан оң да пайдалы үлесімен бағаланады. Соның нәтижесінде бүгінгі күні Қазақстан және елордамыз – Астана халықаралық саяси мәртебесі зор, өзіндік айтар пікірі мен орны бар орталыққа айналып отыр.
– Дипломатиялық әдістәсілдердің салыстырмалы түрде алғанда пайдасыз болып қалатын тұсы қай жер деп ойлайсыз?
– Жалпы дипломатия – тікелей ел Президенті басқаратын және жүргізетін сала. Соған сәйкес, мемлекет басшысы сыртқы саясатты анықтап қана қоймайды, соны өзі іске асырады. Демек, қайсыбір елдердің арасында қандай да бір өзара тиімді байланыстар орнаса, халыққа игілігі мол шешімдер қабылданса, ол істе тікелей мемлекет басшыларының еңбегі жатыр деп санау керек. Керісінше, бір елдің бір елмен немесе әлемдік қауымдастықпен өзара байланысы нашарлап кетсе, одан қарапайым халық зардап шексе, онда сол келеңсіз жағдайға да ел басшыларының әсері бар деген сөз… Сондықтан елдің бірінші де бас дипломаты – мемлекет басшысына көп мәселе байланысты (парламенттік республикаларда үкімет басшысы). Сол себептен Қазақ мемлекетінің халықаралық аренада, қоғамда жеткен дәрежесі, мәртебесі тікелей ел Президентінің жетістігі, жігерлі еңбегінің жемісі.
Сыртқы істер министрлігінің немесе елшіліктердің негізгі міндеті – мемлекет басшыларының сыртқы саясатын жүргізуге тиісті жағдайлар, мүмкіндіктер жасау: хаттамалар дайындау, өзінің деңгейінде келіссөздер өткізу, протоколдық мәселелерді пысықтау. Бірақ, негізгі келіссөздерді жүргізетін де, шешімді қабылдайтын да – мемлекет басшылары.
Бұдан шығатын қорытынды ой: егер қандай да бір екі ел басшыларының арасында өзара сенім, достық, сыйластық болмаса, қандай дипломатиялық әдістерді қолдансаңыз да ештеңе шықпауы мүмкін…
– Қазақстандық экспорттағы Еуропаның үлесі былтырғы жылы 41% болса, импортымыз 54%дай екен. Осы жылы ЕурАзЭО өз жұмысын бастады. Ресейге қарсы санкция тоқтар емес. Еліміз барлық тараппен жақсы болуға, шетелдік инвестицияға және т.б. мүдделі. Қайтпек керек?..
– КСРО құлағаннан кейін ондағы елдердің арасындағы экономикалық байланыс та үзілді. Бұл әрине бұрынғы одақтас елдер үшін экономикалық жағынан күрделі мәселелерді тудырды. Сондықтан да Тәуелсіздікке зиян тигізбейтін деңгейдегі экономикалық интеграцияға деген қажеттілік – уақыт талабы. Тіпті қазіргі біз ұмтылып отырған дамыған отыз елдің бірдебіреуі экономикалық интеграциядан тыс емес. Оның үстіне 15 мыңнан астам шақырымды қамтитын шекараның әр жеріне қада қойып, тек әскермен қорғай алмайсыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі жолы – шекараның өн бойында ынтымақтастық, достық, сенім белдеуін орнату…
Енді инвестиция мәселесіне қатысты. Инвесторларға байланысты ҚР Парламентінде биыл маусым айында арнайы заң қабылданды. Сол заңға сәйкес, қазіргі таңда 20 млн. АҚШ долларынан асатын өндірістік жобаға қаржы құйған инвесторға 10 жылға дейін корпоративтік, жер, мүлікке деген салықтан босату және т.б. да жеңілдіктер қарастырылған. Мемлекет сондай жолдар арқылы бір жағынан инвесторларға қолайлы жағдай жасап отыр, екінші жағынан кең рынокқа да жол ашып беруде. Осының бәрі еліміздің дамуына оң әсер етпек.
Әрине, Ресейге қолданылып жатқан санкцияның бізге де зияны тиетіні сөзсіз. Өйткені, қазір мұнай бағасы құлдырау үстінде. Кейбір сарапшылардың айтуынша, осындай жағдай 3-4 жылға дейін созылатын түрі бар.
Үкімет осыған сәйкес тиісті жоспар әзірлеу үстінде. Мүмкін, кейбір ұзақ мерзімге есептелген, үлкен қаржыны керек ететін жобаларды тоқтата тұруға тура келер. Бірақ, жалпы көлемі 100 млрд. АҚШ долларынан асатын алтынвалюта қорымыздың өзі бізді осындай қысылтаяң жағдайдан алып шығуға толық мүмкіндік жасайды деп ойлаймын. Өйткені, 2008-жылғы әлемдік қаржы дағдарысы біздің мемлекет экономикасының төзімді, негізінің мықты екенін көрсетті. Меніңше, бұның бәрі уақытша қиындықтар.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев үстіміздегі жылы 11 қарашада «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» атты өзінің Қазақстан халқына жолдауында Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын жария етті. Ол Ұлттық инфрақұрылымды жетілдіруге, мултипликативті әсер беретін салаларды, әсіресе жұмыспен қамту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау сияқты мақсаттарға бағытталған. Осы аса маңызды бағдарламаларды іске асыру үшін Ұлттық қордан 2015-2017 жылдары Республикалық бюджетке қосымша 3 млрд. АҚШ доллар қаржы жылына бөлінетін болады. Аталған нақты шаралар тек дағдарысқа төтеп беріп қана қоймай, елдің тұрақты дамуын да қамтамасыз етеді. Мысалы, 2015 жылы ел экономикасының өсуі 4.5 % деп жоспарланған. Бұл әлем елдеріндегі жоғарғы көрсеткіштердің бірі.
– Бірнеше жыл Қызылорда облысын басқардыңыз… Қарапайымдылық қасиетіңіз бен іскерлік қабілетіңізге елдің әлі де дән риза болып жүргенін көріп те, естіп те жүрміз. Дипломатиялық қызметте жүргеніңіздің облыс басқару кезінде қандай пайдасы тиді?
– Дипломатия – үлкен мектеп. Әсіресе, өзіңнің де, өзгенің де пікірін, уақытын құрметтеуге үйретеді. Мен Қызылорда облысын басқарған тұста бүкіл жиналысты бір минут та кешіктірмей бастайтынмын. Өйткені сөзбен емес, іспен өнеге көрсеткен дұрыс деп есептеймін.
Халықтың мұң-мұқтажын жүрегіңнен өткізе біліп, олардың сол қиын сәтіне өзіңді қоя білген жөн. Мұны мен өзімнен де, өзге шенеуніктерден де жұмыс бабында басшылыққа алуын талап етуге тырыстым. Десем де, Сыр өңірінен мүмкіндігінше рухани дүниені бойыма жиып, көкірекке түюге, тәрбие алуға ұмтылғанымды да жасырмаймын. Сыр бойы – атабабаларымыздың киелі де тектілік әлеуеті зор сақталған мекен. Орынды айтылған сөзді сыйлай білу, уәжді сөзге тоқтау секілді біздің ұлтымызға тән құндылықтар Сыр өңірінде жақсы сақталған. Сонымен қатар, қазақ тілінің соншалықты бай тіл екендігіне аталған облысты басқарған тұста тіптен көз жеткізе түстім. Небір сөзге шешен қариялар әлі де баршылық, лайым солай болсын, азаймасын!
– Сұхбатыңызға үлкен рахмет!
Сұхбаттасқан: Құрманғали Нұрғалиев
«Қазақстан-ZAMAN» халықаралық газеті, қаңтар, 2015 ж.
ПІКІРЛЕР