Астана. 13-қазан. Turaninform. Мектепте мұғалімдерден, оқушы атааналарынан ақша жинау – көптен бері шешілмей келе жатқан мәселе. Жаңа мектеп болса да кейде ақша жиналып жатады. Бұл туралы талай рет айтылды да. Соның нәтижесі болар, енді алдағы уақытта Астана қаласында бұл мәселені реттеумен, шешумен арнайы комиссия айналыспақ. Соған сәйкес: «елордалық мектептерде түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізу жөніндегі қоғамдық комиссия құрылды. Әкімдіктің ресми сайтындағы «Әкімге өтініш» сервисі арқылы әкімнің атына келіп түскен әрбір сауал мен өтініш бойынша тексеру жүргізіліп, актілер жасалады, білім беру ұйымының басшылығына тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылады. Аталған жұмыстар Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің ерекше бақылауына алынды» делінген елорда әкімдігінің ресми сайтында (astana.gov.kz.).
Арнайы комиссия құрамына қандай ұйымдардың, жекелеген азаматтардың кіретіні де анықталып қойылған көрінеді. Сонымен, мұнан былай «сыныптарда ақша жинау фактілері, мектеп әкімшілігі немесе жекелеген оқытушылар тарапынан басқа да заңға қайшы іс-әрекеттер тіркелген жағдайда, ата-аналар 55-01-62 және 87782550162 телефондары бойынша Білім басқармасының «қауырт желісіне» хабарласа алады» (astana.gov.kz.).
Дөңгеленген үстелдерді жағалай отыра жайғасқан, көп сөйлеп, аз жасайтын кей комиссиялардың жиындары секілді болып қалмаса дейміз. Тағы не қосқандайсың…
Фото today.kz сайтынан
ПІКІРЛЕР