29-қазан. Turaninform. 2012-жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиялық ойындарда чемпион атанған қазақстандық ауыр атлеттер – Светлана Подобедова, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза Халықаралық Олимпиадалық комитетінің шешіміне сәйкес, наградаларын қайтарып беруі тиіс. Себеп: «Халықаралық Олимпиадалық комитеті тарапынан ағзаларынан тыйым салынған препараттардың ізі табылған»(www.olympic.kz)
Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ресми сайтында бұл мәселеге қатысты арнайы мәлімдеме жарияланды. Онда: «әділ спорт» қағидалары мен таза спортшыларды қорғау және допингті қолдануға «нөлдік төзімділік» саясатын қолдау – Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті қызметінің басты бағыты» болып қала беретіні жазылған.
Лондонда өткен сол Олимпиадада 7 алтын, 1 күміс, 5 қола жеңіп алдық деп қуанып-ақ едік. Ел тарихында алғаш рет 11-орын алдық деп шаттандық. Өкінішті-ақ! Тіпті осымен де тоқтамайтындай. Өйткені, әлі де тексеру, қорытынды шешімін күтіп отырған бірнеше спортшылар бар.
Егер, чемпиондықтан айырылу, наградаларды қайтару С.Подобедова, З.Чиншанло, М.Манезамен тоқтаса, Лондон Олимпиадасында 4 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль жеңіп алған болып, 20-орынға сырғимыз. Солтүстік Кореяны артқа ығыстыра. Беті әрмен, И.Ильиндікі кетсе, Эфиопияны әрі итеріп, 24-орынға жайғасуымыз мүмкін. Таныс та «табиғи» орынға…
Фото tengrinews.kz сайтынан алынды
ПІКІРЛЕР