Заман көші ілгері жылжыған сайын мүмкін еместей көрінген дүниенің көбісі қол жетімді болып келеді. Әйтсе де, таяқтың екі ұшы барын ескерсек, әрбір жетістік бір құлдыраудың орнын толтырып тұратындай. Мәселен, әлем елдерінің қайғысына айналған бедеулік мәселесін ғалымдар қоғам қажеттілігінің бұрыс таңдауымен түсіндіреді. Есесіне, денеден тыс ұрықтандыру арқылы бұл кемшіліктің де шешімі табылған. Қазақстандықтарды осы жаңалықпен алғаш рет таңқалдырып, қуантқан биология ғылымдарының докторы, еліміздегі Адам Ұрпағын Өрбіту қауымдастығының президенті Салтанат Байқошқарова 21 жылдан бері қараңғы түнекке батқан жанұяларға қайтадан сәуле сыйлап, олардың ата-ана бақытына қол жеткізуіне себепші болып келеді. Ендеше, толық отбасы болудың маңызы мен денеден тыс ұрықтандыру зертханасының тарихи жетістіктеріне осы еңбектің нағыз майталманымен сұхбат барысында таныса отырсақ.
– Салтанат Берденқызы, дүниеге ұрпақ әкелуді армандаған жандардың нағыз тілекшісі, жанашыры ретінде жиырма жылдан астам уақыт бойы денеден тыс ұрықтандандырудың үздік нәтижелерін танытып, ұлттық медицинамыздың өзге дамыған мемлекеттерден кем еместігін мойындатып келесіздер. Бұл жетістіктің шыңырауы қайда жатыр?
– Алғашында, бұл саланы тәжірибеге енгізуді қолға алғанымда маған ешкім сенбеді, шыны керек. Өйткені, еліміз еңсесін енді ғана тіктеп жатқан кезеңде жасанды жолмен ұрықтандыру мәселесі исі қазаққа тіптен таңсық дүние болғанын жасырмаймын.
Менің бала кезден медицинаға деген ықыласым ерекше болатын. Оның ішінде генетика ағымына қарай мені тағдыр айдап келді десем – қателеспегенім. Өйткені, 7 жылдан бері мен де бала сүю бақытына зәру болдым. Қазақстанның өзінде бедеуліктің құрбаны атанған қаншама жан барын ескере, оларға шын ықыласыммен көмектескім келді. Іштей сұрыпталған бұл мақсатымды орындаудың мүмкін екендігіне жолдасым Батыр Бекмұсаевты ұзақ сендіре алмадым. Кейін Мәскеудегі адам ұрпағын өрбіту орталығының негізін құрған профессор Валерий Здановскиймен танысып, әңгімелескеннен кейін ғана ол мені шын түсініп, өз кәсібінен тапқан-таянғанының барлығын қажетті құрал-саймандарды сатып алуға жұмсады. Есімде, халықтың экономикалық жағдайы мәз емес, жұмыссыздық белең алған шақ. Ал, мемлекеттің мұндай жағдайда бізге жәрдемдесе алмағаны сөзсіз. Сондықтан, қаржымыз жетпеген жерде Валерий Здановскийдің емдеу мекемесінен біраз техникалық жабдық алуға да тура келген. Сөйтіп, 1995 жылдың 18 сәуірінде бедеулікті емдейтін «Экомед» орталығын заңды түрде ашып, келесі жылдың 31 шілдесінде ең алғашқы «құтыдағы сәбиіміз» аман-есен дүниеге келді. Қазір ол қыз Англияда оқиды. Ұзын бойлы, сұлу әрі өте ақылды болып өскен. Одан кейін он мыңнан астам бала біздің көмегімізбен ата-анасының көз қуанышы болып келеді.
– Жоғары сапа сұранысына сай мамандар дайындау ісі қалай жүзеге асуда?
– Иә, 21 жылдың ішінде біз тек даму жолымен келеміз. Халық біздің еңбегімізді көрді, оң бағасын берді. Сол себепті республиканың барлық облыстарында филиал ашу қажеттілігі күннен күнге арта түсуде. «Экомед» бедеулікті емдеу орталығының негізі Алматыда қаланса, қазір Астана, Тараз, Шымкент және Атырау қалаларының тұрғындарына есігіміз айқара ашық. Біз тапқан қаражатымыздың көбісін білімге жұмсаймыз. Жыл сайын шетелдік мамандардың қатысуымен ғылыми конференция өткізіп, мамандардың біліктілігін шыңдауға жағдай жасаймыз. Өйткені, медицинадағы жаңа ағымдарды біліп отырмасақ, кейін қалатынымыз түсінікті. Бастапқыда кеңестік дәуірден бері медицина саласында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі дәрігерлерді іздесек, қазір ұжымды жастармен толықтырудамыз. Заман талабына сай ағылшын тілін жетік меңгерген, жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған мамандарды сынақтан өткізіп, лайықтыларын әрі қарай тәрбиелеуге алып қаламыз. Себебі, бұл сала тіс жұлу және ота жасаумен салыстырғанда, ұзақ талдауды, зерттеуді қажет етеді. Сондықтан, білімінен бөлек, біздегі әр маманның бойында шыдамдылық пен төзімділік қасиеттеріне айрықша мән беріледі. Қазіргі таңда 300-ге жуық дәрігер сала тынысын жандандыру үстінде.
– Қазіргі таңда «Экомедтің» көмек көрсетуі қандай сатылардан тұрады?
– Біздің көмегіміздің негізі бедеулікті емдеуден басталады. Емделушілердің ниетіне қарай біреуі алғашқы қабылдаудан кейін, басқасы дәріден немесе отадан соң, болмаса ұрықтандырудың жеңіл түрінен-ақ жүкті болып жатады. Ал медицина тілімен айтқанда, экстракорпоральді ұрықтандыру тәсілі арқылы ең күрделі жүктілік жүзеге асырылады. Оған бір ай немесе бір жыл кетуі мүмкін. Өйткені, әйел затында ұрық ішке бітетіндіктен, олардың ағзасы жұмбақ келеді. Сыры да, жыры да ішінде. Сондықтан, нәзік жандылар жас ерекшелігіне қарай жылына немесе бірнеше жылда бір рет қана бала көтеруі мүмкін. Ал, ерлерде керісінше, бір мезетте бірнеше әйелді жүкті қыла алады. Бұдан бөлек, ер адамдардың бедеулігі тағы бар. Ондайда біз кемінде үш рет талдау (анализ) жасату арқылы ұрықты анықтауға тырысамыз. Сонда да нашар көрсеткіш болса, экстракорпоральді ұрықтандырудың ИКСИ тәсілімен, яғни микрохирургиялық әдіспен ердің ұрық тінінен 8 сағатқа дейін іздейміз. Табылған жағдайда әйелге қатар ота жасай отырып, мәжбүрлікпен ұрықтандырамыз. Табылмаған кезде тек донор қолдану ұсыныстары бар. Сонда біз емделушілердің 95 пайызына қолдан келгенше көмектесеміз.
– Бедеуліктің белең алуына не себеп?
– Бұл әлемді алаңдатқан тақырып болып отыр. Ер мен әйел адамдардың бедеулікке ұшырауына себеп өте көп. Солардың бастысы, экология және өмір сүрудің табиғи тәсілдерінен алыстап кету, биологиялық сағаттардың жиі ауысуынан ағзаның бейімделіп үлгермеуін атауға болады. Сонымен қатар, қазір «әлеуметтік бедеулік» деген бар. Яғни, бала сүюді кейінге шегеру, жүктіліктен тыятын дәрілер және жасанды түсіктер жасатудың салдары да өте жаман. Негізінен, әйелдің ішкі ағзасы қазіргі таңда 6-9 бала босануға арналған. Ал біз бір-екі баламен шектелеміз де, жасанды түсік жасатуды әдетке айналдырып алғанбыз. Бізге келетін әйелдердің 75 пайыздан астамы жасанды түсік жасатудың тауқыметіне тап болғандар. Бұған қоса, жасы ұлғайған сайын отбасын құрмаған ер мен әйелдер әркіммен жыныстық қатынасқа түсіп, неше түрлі ауру мен індеттерді жұқтырып, қабындырады. Нәтижесінде, ерлерде ұрықтың сапасы азайып, оның жүретін жолдары мен әйелдерде жатыр түтікшелері бітеле бастайды. Кейбір әйелдердің құлағына алтын сырға, дәрігер сенімді түрде бағыттағанда ғана болмаса, жатырға негізсіз ота жасата беру өте қауіпті! Мінеки, осындай себеп-салдардың нәтижесінде бүгін емхананың алдында кезекте тұрған кісілер қаншама! Өз денсаулығымызға, өмірге ұрпақ әкелу мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз дұрыс.
– Халық арасында денеден тыс ұрықтандыру әдісімен туған балалардың денсаулығына күдікпен қарайтындар да баршылық. Тіпті, ол балаларда бедеулік мәселесі бірінші кезекте туындайды деген сыбыс айтылып жүр. Бұған не айта аласыз?
– Жиырма жыл өткеннен кейін осы сұрақ менің алдымнан кесе-көлденең шыға беретін болды. Халыққа мына деректі мысалға келтіріп айтқым келеді. Ең алғаш Англияда Роберт Эдвардс деген ғалым 1978-жылы бұл тәсілді тәжірибеде сәтті жүзеге асыруының нәтижесінде Луиза Браун есімді қыз өмірге келген болатын. Луиза 32 жасқа толғанша 5 миллионға жуық бала денеден тыс ұрықтандыру арқылы дүние есігін ашқан екен. Сөйтіп, 2010 жылы осы барлық баланың денсаулығын ғылыми-зерттеуден өткізіп, оң баға берілгеннен кейін 2010-жылы Нобель сыйлығын табыстады. Яғни, ДТҰ (денеден тыс ұрықтандыру) салдары баланы тұқымсыз қалдыратындай дерек анықталғанда, Роберт Эдвардсқа бұл марапат берілмес еді. Мен де Қазақстанға бұл әдісті пайда табу мақсатында емес, бедеуліктің алдын алу ниетімен әкелгенімді тілге тиек еткім келеді.
– «Экомед» емханасының мүмкіншілігі зор болғанымен, қарапайым халық үшін қол жетімділігі қандай?
– Мемлекет жыл сайын республика бойынша 800-ге дейін квота бөледі. Оның әрқайсысы 800 мың теңгеге бағаланған. Бірақ, бұл теңгенің құнсыздануына дейінгі баға. Оның 600 мыңы дәрі-дәрмекке ғана кетіп қалады. Қазір біздің шетелден сатып алатын қажеттіліктеріміздің барлығы екі есе қымбаттап үлгерді. Сонда да халыққа ауыртпашылық түсірмеуге тырысып, біз де көмек көрсету түрлерінің бағасын шарықтатқан жоқпыз. Былтыр 20 жылдыққа арнап 1 жыл бойы тегін немесе жеңілдікпен акциялар ұйымдастырып, жүздеген баланың өмірге келуін қамтамасыз еттік. Ал, біздегі әр зертхананы жабдықтау 1,5 миллион долларға дейінгі шығынды қамтитынын ескерсек, қанша қалағанымызбен, халықты тегін қарау мүмкін емес. Адамнан адамды жасап шығару тек Алла Тағалаға тән. Біз тек Құдайдың берген амалын пайдалана отырып, тек себепші болатынымызды ұмытпауымыз керек.
– Сырлы әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ұлжан ШОРАЕВА
ПІКІРЛЕР