17-қараша. Turaninform. Ауа-райы елімізде таза қысты бейнелегендей. Солтүстік, шығыс аймақтарда қатты аяз, ал, оңтүстік, батыс өңірлерде – қарлы, қыстың кәдімгі бұлтты күні. Биыл қыс «қылышын» ертелеу суырғандай. Әйтпесе, қарашаның ортасынан ауғаны енді еді. Дегенмен кей жылдары қыстың ерте түсетіні де бар.
Еліміздің солтүстік, шығыс өңірлеріне аномальды аяз орныққаны туралы Қазгидромет хабар таратты. «Мұндай аяз Кар теңізі үстінде қалыптасқан салқын және қатты антициклонның әсерінен болуда. Антициклонмен, республика аумағына арктикалық ауа ағыны келуде, сондықтан минимальды температура 30…36º аязға дейін төмендеді. Осындай синоптикалық жағдай алдағы үш тәулікте сақталады, ал орталық пен шығыста түнгі температураның әрі қарай төмендеуі, жекелеген аудандарда 40ºС дейін төмендеуі мүмкін. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығысында суық фронттың әсерінен жауын-шашын, қар және температураның әрі қарай төмендеуі күтілуде» делінген kazhydromet.kz сайтында. Бұл 17-19 қараша аралығына жасаған болжамы.
Тиісінше киініп, қам жасайық…
ПІКІРЛЕР