Қызылордада жалпы саны 820 пәтер болатын көпқабатты 16 тұрғын үй ел игілігіне берілді. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Айдар Әріпханов жаңа қоныс иелерін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен және баспаналы болуларымен құттықтады.
– Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі мемлекет үшін қашан да күрделі бағыттардың бірі болды. Бұл орайда Сыр елінде үлгі етерлік іргелі істер баршылық. Соңғы жылдардағы толайым табыстарымыздың бірі – облыс орталығында тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Мысалы, облыс бойынша 2004 жылы 92 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бұл көрсеткіш қазіргі таңда 5,5 есеге өсіп, 500 мың шаршы метрге жетті. Өткен жылы облыста құрылыс көлемі 3,5 есеге өсті, ал Қызылорда қаласында 8 есеге артты. Биылдың өзінде 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Соңғы 3 жылда тек Қызылордада жаңадан 11 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Биылғы жылы да біз тұрғын үй құрылысы қарқынын арттыру мақсатында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры, «Қазақстан ипотекалық компаниясы», «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы және «ТұрғынҮйҚұрылысЖинақБанкімен» қоян-қолтық жұмыс жасаудамыз. Соған сай келесі жылы да биылдан кем емес көлемде құрылыс қарқыны сақталады. Былтыр Елбасының қатысуымен осы мөлтек ауданда 10 тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Міне, бүгін сол тұрғындардың қатары жаңа көршілермен толығып, 16 көпқабатты тұрғын үйді халық игілігіне тапсырғалы тұрмыз. Жаңа баспана әр отбасына сәттілік әкеліп, шаңырақтарыңызда тек сәбидің күлкісі естілсін, – деп облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өз лебізін білдірді.
«Нұр Орда» мөлтек ауданындағы бұл үйлер «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынды. Мөлтек ауданда көпқабатты 20 үйдің құрылысы жүруде, оның 12-сі (600пәтер) «Бәйтерек Девелопмент» АҚ, ал, 8-і(420пәтер) «ҚазақстанныңТұрғынҮйҚұрылысЖинақБанкі» АҚ мен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Айта кету керек, жергілікті билік тұрғындардың жеке тұрғын үй құрылысын жүргізулері үшін де көмек қолын созуда. Биыл жаз айында 6600 қызылордалық жеке үй салу үшін қажетті барлық инженерлік-инфрақұрылымы тартылған (су, жарық, газ және автожол) 980 гектар аумақты қамтитын жер телімдерін алды. Ал өткен сенбіде, 10 желтоқсан күні Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде өтініш берген 1380 тұрғын инженерлік-инфрақұрылымы жүргізілген жер телімдеріне ие болды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
ПІКІРЛЕР