Дос Көшім, қоғам қайраткері: “…қазақ тіліне деген қажеттілікті жасай алмады, жасауға тырыспады да”

Дос Көшім, қоғам қайраткері: “…қазақ тіліне деген қажеттілікті жасай алмады, жасауға тырыспады да”

Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл толды. Бірақ, осы уақыт ішінде отарлық езгіден арыла алдық па, азаматтық қоғам құндылықтары айтылып келе жатқанына неше жыл, дегенмен, қоғамдық көрініс қандай, келесі 25 жылдықта еліміз қандай құндылықтарды жоғалтпауы тиіс және қай бағытта өзгеруі керек т.б. жауабын күткен елде сан-сауал бар. Шешуді керек ететін мәселе аз емес.

 Осындай сауалдардың төңірегінде қоғам қайраткері, белгілі саясаттанушы Дос аға Көшімнен сұхбат алған едік…  

– Қазақ – орасан әлеуетті ұлт. Дегенмен, отарда болу кесірі әжептәуір тиген мемлекет құраушы ұлт ретінде қарағанда, елімізде өмір сүретін басқа этнос өкілдерін қазір өзінің айналасына топтастыра алатындай, соңына ертетіндей әлеует қалыптасты ма?.. Отарлықтан арылу соңғы ширек ғасырда қандай деңгейде жүрді?

– Өкінішке орай, «отарлықтан арылу» жұмыстары Қазақ елінде мүлдем жүргізілген жоқ. Біздің азаматтар әлі күнге дейін отаршылдықтың ұлттық құндылықтарға, ұлттық мінезімізге, ұлттық рухымызға тигізген зардаптарды білмейді, кейбіреулерінің білгісі де келмейді. Тәуелсіздіктерін алған елдердің басым көпшілігі отарсыздандыру (деколонизация) бағдарламасын қабылдап, мемлекеттік деңгейде ұлттық жаңғыру жұмыстарын жүргізуге кіріскен кезеңде, біз: «Онда тұрған не бар?» дегеннен аса алмадық. Бұл «жайбасарлықтың» себебі де белгілі – егеменді мемлекетті бұрынғы метрополияға қызмет еткен, коммунистік идея мен тоталитарлық жүйені сақтап қалу үшін жанталасқан адамдар қайтадан қолдарына алды. Олар өздерінің бұрынғы айтқан, жасаған жұмыстарын, құндылықтарын жоққа шығара алмады. Сондықтан «Кеңес өкіметінің де жақсы жақтары болған», «бәрін ысырып тастамалық» дегеннен аса алмай отыр. Сондықтан да баяғы Кеңес заманындағы «Қазақстан – ұлттар достығының лабораториясы» деген ұран қайталануда, орыс тілінің үстемдігі сақталуда, ақпарат кеңістігіміз Ресейдің қолында, т.б. Меніңше, біз қазір өзімдің айналамызға басқа ұлттарды топтастырмақ түгілі, өзіміз де топтаса алмай отырған сияқтымыз…

– Тәуелсіздіктің 25 жылындағы мемлекеттік тілге қатысты белгілі бір жетістік қандай себептерден болды деп санайсыз? Алдағы уақытта іс жүзінде мемлекеттік тіл деңгейіне жеткізу үшін не істеу керек?

– Шынымды айтсам, мемлекеттік тілге қатысты пәлендей бір жетістіктерді көре алмай отырмын. Әрине, қазақ санының көбеюіне байланысты мектептердің саны артты, қазақ тіліндегі балабақшалар ашыла бастады, теледидардан қазақ тіліндегі бағдарламалар көбейді. Бірақ қазақ тілі мемлекеттік тілге айналып, қоғамдық өмірдің барлық саласында жұмыс істейді деп айта алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттік  тілді мүлдем  білмейтін адам мен тек қана мемлекеттік тілді меңгерген адамды салыстыратын болсақ, қазақ тілінен мақрұм адамның өмірі жайлы, мүмкіндігі мол…  Мойындайық, мемлекет осы 27 жылдың ішінде (қазақ тілі 1989 жылы мемлекеттік мәртебе алды) қазақ тіліне деген қажеттілікті жасай алмады, жасауға тырыспады да. Сонымен «қазір бізде қостілділік пе», әлде «мемлекеттік тіл –қазақ тілі ме», немесе «бұрынғы орыс тілінің үстемдігі сақталды ма» деге үш сұрақтың төңірегінде дүбәрә күйде тұрған сияқтымыз. 1989 жылы қабылданған, 1997 жылы өзгерістер енгізілген заңымыз да нақты қостілділікті сақтайтын, дамытатын заң. Сондықтан, біріншіден, біз осы заңды жаңартып, «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қабылдауымыз қажет. Екіншіден, сол заңның баптары арқылы елімізде қазақ тіліне деген қажеттілік тудыру шарт.

– Елімізге қатысты бір жыл көлеміндегі ірі де, маңызды саяси оқиға деп қайсыны атайсыз? Бәлкім, бірнеше болар…

– Былтырғы жылдың басты мәселесі – қазақтың оянуы дер едім. Олар ұлттық ұранға құлақ түріп, қосыла алатындықтарын көрсетті. Әрине, бір адамдай көтеріліп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға жеткен жоқпыз, бірақ менің көргенім, жастармен сөйлескенім, пікірлескенім бір нәрсені анық сездірді – қазақтар өздерінің билігіне сын көзбен қарауды үйрене бастады, өздерінің көзқарастарын ашық білдіруді үйрене бастады, елдің мәселесіне бейжай қарамауға үйрене бастады. Бұл «жер дауында» да көзге түсті, «26 – баптың мәселесінде» де көрінді, «мектептегі үштілділік» пен жоғарғы оқу орындарындағы филология мен тарих мәселесінде» де қылаң берді. Бұл оқиғалардың маңызы мынада сияқты: билік текетіреске бармады, шегінсе де, жеңілгенін көрсеткісі келмеді. Меніңше, биліктің бұл қадамы – салиқалы тәсіл болды, себебі бұл, ойлап қарасаңыз, бәріміздің жеңісіміз болатын.

– Азаматтық қоғамды тиісінше дамыта алмау – қандай тұстарымызды тежеп, зиянын тигізді және тигізуде?

– Авторитарлық жүйе мен азаматтық қоғам бірге өмір сүре алмайды. Бұл – аксиома. Біз азаматтық қоғамды дамыта алмай отырған жоқпыз, дамытқымыз келмей отырған елміз. Азаматтық қоғамды орнату үшін демократиялық құрылымдар (институттар) өмірге келіп, олардың жұмыс істеуіне заңдық негізде мүмкіндіктер жаслынуы шарт. Біздің елде бұл құрылымдар жоқ және қазіргі жағдайда болуы мүмкін де емес. Жоғарыдан төменге дейін бір-біріне бағынышты болатын (билік вертикалы) билік жүйесінде – жергілікті өзін-өзі басқару институты өмір сүре алмайды. Бюджеттен қаржы алып отырған бұқаралық ақпарат құралдары – тәуелсіз БАҚ институтын жасай алмайды. Қолдан жасалған, қуыршақ партиялар – көппартиялық жүйе жасай алмайды. Әділетсіз, жасанды сайлау – ерікті, әділетті сайлау жүйесін өмірге әкеле алмайды.

Тағы бір мәселе. Азаматтық қоғамды орнату үшін – азаматтардың саяси сауаттылығы қажет. Демократияның институттарын, адам құқығы мен еркіндігінің басты шарттарын, азаматтық қоғамның принциптерін толық меңгермеген қоғам ешқашан азаматтық қоғам құра алмайды.

– Кей БАҚ-­та Ресейде 21 жыл шамасында мұнай таусылатыны жазылды. Егер, шынында сондай уақытта таусылса, аталған мемлекет өзіне де көрші елдерге де қандай саяси-экономикалық ауыртпалық түсіруі мүмкін?..

– Шынымда айтсам, мені Ресейден көрі Қазақ жеріндегі мұнайдың таусылу қаупі көбірек алаңдатады. Қазақ жеріндегі шикізат қорлары – бізге Құдайдың берген байлығы. Бірақ ол да есепсіз емес, күндердің күнінде олар да таусыла бастайды. Сол уақытта не істейміз деген сұрақ, біріншіден, үкіметті, билік басындағы адамдардың басын ауырту керек. Әрине, жаңа технология, өңдеу, өндіру бағытына дер кезінде бұрылғанымыз дұрыс. Бірақ біз машина шығарып, Германияны басып оза алмайтын шығармыз. Меніңше, қазақтың жер жағдайы, ауа райы, т.б. ескере отырып, мал шарушылығын дамытуды жедел қолға алған дұрыс сияқты. Бұл – біздің ұлттың ғасырлар бойы айналысқан ұлттық экономикамыз. Әрине, мен экономика маманы емеспін, бұл – менің қарапайым қазақи көзқарасым.

– Ендігі 25 жылдықта еліміз қандай құндылықтарды жоғалтпауы тиіс? Қай бағытта өзгеруі керек деп санайсыз? Ал, жағымсыз, зиянды, сондықтан тастау қажет деп нені атар едіңіз? 

– Ең бастысы – елдің тыныштығы, ынтымағы мен бірлігі. Құдайға шүкір, бұлар біздің елімізде әлі сақталған, жоғалмаған құндылықтар. Бірақ, менің қорқатыным, бұларды насихаттаудағы жасандылықтың басымдығы… «Біздің басты байлығымыз – бірлікте!» деп жазып қою оңай, ал Желтоқсанды атап өту кезінде орыстардың, ұйғыр мен кәрістерді бізбен қатар келіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Құран оқығанда қасымызда қатар тұруын көру – өте қиын! «Біздің тарихымыз ортақ» деп ұран салу оңай, ол ұранды қайталау да қиындық келтірмейді, бірақ Кутузов көшесіне Мәшһір Жүсіптің атын беру – қолдан келмейтін жұмыс. Себебі,  Кутузов – олардың тарихы, ал Мүшһір Жүсіп – қазақтың тарихы… Демек, біріншіден, біз жасандылықтан құтылуымыз керек.

Екіншіден, жоғалып бара жатқан ұлттық рухымызды, ұлттық намысымызды сақтап қалуға бар күшімізді салуымыз керек. Қазақ ұлтшылдығы – басқа ұлттарды кемсітіп, өздерін ғана көтеретін ұлтшылдық емес, өзінің ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға ғана бағытталған ұлтшылдық. Егер мемлекеттің өзегі болып отырған қазақтың ұлтшылдығы жойылатын болса, мемлекеттің ертеңі де күңгірт болып қалады.

Рахмет аға!

Сұхбат алған Құрманғали Нұрғалиев

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0