Адамзат тарихындағы соғыстардың ішіндегі ең алапаты – Екінші дүниежүзілік соғыс екені белгілі. Беті аулақ, енді қайталанбасын!
Дегенмен, онмиллиондаған адамды қырып кеткен, мүгедек еткен, қайғыға батырған сол соғыстан әр ел, ондағы қоғам сабақ алды ма? Тарихтан қандай тағлым алуымыз керек? Біріншіден, бұл, тоталитарлық саяси жүйедегі, диктатуралық басқарудағы елдің әлемдегі орны, ықпалы қандай болса, қаупі де сондай болатынын көрсетті. Демек, қоғам билікті бетімен жібермейтіндей оны бақылай алатындай қауқарлы болуы тиіс. Әйтпесе, қауіпті! А.Гитлердей ультраұлтшылдың, фашистің, есуастығы, есерсоқтығы басым адамның, жемқордың билік басына шығып кетуіне жол бермеу үшін қоғам саяси сауатты, орнымен белсенді болуы керек. Өкінішті-ақ, ондайларды билік басына шығарып алып, сорын тартып отырған елдер қазір де аз емес… Екінші. Батыс елдері, сонымен қатар, демократиялық жолға түскен Оңтүстік Корея, Жапония диктатурадан, тоталитаризмнен сабақ алғанын көрсетті. Кешегі Францияда өткен президент сайлауында Макронның жеңіске жетуі, Ле Пеннен екі еседей артық дауыс жинауы – француз қоғамы мен билігі де демократияны қолдайтынын, авторитаризмге, тоталитаризмге барынша жол бермейтінін, күресетінін білдіреді… Өткенде Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Франсис Етьенге …Францияның тоталитарлық жүйеге бұрылып кетпейтініне кепілдік бар ма деген мәнде сұрақ қойғанымда ол: «Қауіп әрқашан да бар. Зайырлы, демократиялық мемлекетке қашан да қауіп жақын. Тек Францияға ғана емес, барлығына да. Иә, барлық елге қатысты. Өйткені, жаңағы тоталитарлық жүйені қолдайтындар да көп. Ол барлық елде бар. Сол жүйе жақсы деп түсінетіндер егер билікке келсе, бұл барлық елге қауіпті. Демократия мен зайырлылыққа қауіп әрқашан да және әр жерде де бар. Сол үшін ең маңызды нәрсе – әр мектепте демократияның не екенін балалардан бастап оқыту керек. Тоталитарлық жүйе болған жерде қауіп әрқашан да бірге жүреді» деп жауап беріп еді. Шынында, тоталитарлық жүйені қолдап, ондағы диктатор, автократ туралы сүйсіне айтатындар да аз емес. Өткен жолы біреу Солтүстік Кореяның саяси жүйесін мақтап отыр, тәртібі мықты деген секілді ойларымен. Гитлерді де, Сталинді де, М. Каддафиді де, С. Хусейнді де, қазіргі тірі автократтарды, диктаторларды да қолдайтындар жоқ деп ешкім айта алмайды. Демек, білімді, саяси сауатты, ақылы толысқан азаматтарға артылар жүк әлі де аз емес…
P.S. Адамзатқа қарсы фашизммен күрескен ата-әжелеріміз иманды болсын! Инш АЛЛА, бейбіт өмірдің өрісі Жер бетінде кеңейе берсін! Автократтар, диктаторлар кетіп, тоталитаризмде, авторитаризмде ғұмыр кешіп жатқан көптеген елдерге азаматтық қоғамның қанаты кеңінен жайылсын…
Құрманғали Қалқаман
ПІКІРЛЕР