Қытай-Тайвань соғысы…

Қытай-Тайвань соғысы…

Егер, Қытай Тайваньға соғыс ашса, мұның салдары әлемдік экономиканы шамамен 10%-ға құлдыратуы мүмкін көрінеді. Әйгілі Bloomberg осылай болжайды. Он пайыз дегеніміз 10 трлн. АҚШ долларынан көп ақша. Қытай экономикасының жартысынан асады.
Қытай басшысы Тайвань туралы қатқыл мәлімдеме жасауын жасап-ақ келеді. Бірақ, соғыстың жөні бөлек. Ел болып ес жиғанына көп болмаған чайналықтар бұл ықтимал шайқастан қандай деңгейде шығары белгісіз.
Басы бүтін бір елге баса көктеп кірсе де, әзірге мұртын балта шаппаған Ресейге қараса, Тайвань түк емес секілді көрінер. Қытайға. Десе де, АҚШ та қарап қалмайтынын қадап айтудан қайтқан емес. Демек, нөмірі бірінші елмен біраз дүние байланысты. Аз-маз әлсіздік танытса, геосаяси шегініс жасаса…әбден мүмкін-ау.

Десек те, әскери жағынан Тайвань әлсіз ел емес. Күші мығым мемлекетке жатады. Қарсыласы мен орналасуы оң жамбасқа келмей тұрғаны болмаса. Мәселен, Global Firepower рейтингінде 24-орында тұр. Алпауыт Канаданың өзі кейін тұр. Резервтегі әскері Қытайдан көп. Жан басына шаққанда Тайвань артиллерия, танк, әскери ұшақ, тікұшақ т.б. бойынша алда.

Тайвань территориясы 36,2 мыңдай км². Қазақстанның кей ауданымен шамалас. Сөйте тұра, экономикасы Қазақстаннан үш еседей үлкен! Жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші көз салып отырған Қытайдан 2,5 еседен аса артық. Демократия саясат салтына айналған ел. Сондықтан да қаны бір болса да, тоталитарлы Қытайдан гөрі Батыспен сөзі түзу…
Сонымен қатар, Тайваньның ендігі экс-басшысына айналатын Ц. Инвэнь, Қытайға қосылу-қосылмауды тайвандық халықтың өзі шешеді деген еді. Ал, бүгінгі сайлауда президенттіктен үміткер У. Лай (Лай Циндэ) жеңді. Ол Қытаймен қоян-қолтық байланысқа қарсы саяси ұстанымдағы саясаткер. Оппозиция болса, жеңілгенін мойындады.

Енді Қытай билігі қайтпек?..

Қ. Нұрғали

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0