Бәріміз де адамбыз. Пендеміз. Күніне басқа неше түрлі ой келеді. Көптеген көріністерді көз алдыңнан өткізесің. Санамның түкпірінен осындай қорқынышты ойларды ұмытып, көкірегімде күллі көріністер күңіреніп, жалаңаштана бастаған жиренішті, жұртқа жиырыла қарап, жын қаққан адамдай күбірлеп, күнделікті тірлігіме беттеп келе жатқанмын. Бір кезде жүйкеңді жүндей қылып түтіп жіберетін қаланың жүйесіз көліктерінің дыбыстары мазамды қашырды, бұрылыстан бұрыла бергенімде, тап алдымнан валюта айырбастайтын дүңгіршекте АҚШ-тың көк қағаз бағамы 340-ке шарықтағанын көріп, не істерімді білмей тоқтап қалдым. Күнұзағына қарапайым халықтың әңгімесі тек доллар туралы болды. Кешке үйге келіп, телеарнадағы жаңалықтардан, үкімет өз командасын жинап алып, доллар құны не үшін қымбаттап кеткенін әлемдік деңгейде мұнай бағасының құлдырауына байланысты екенін айтып ақталды.
Еңбекақысы мен жиған-тергені құндызданған халық жоғары лауазымды шенеуніктерден ақылға қонымды жауап ала алмайтынын білген соң, тым болмаса не үшін, алдын ала ескертпеген билікке өкпелері қара қазандай, 29 қыркүйек күні Д. Ақышев мырза «доллардың құны 330-дан аспайды деген». Өз сөзінде тұрмаған төрағаға бұдан былай ешкімде сенгісі жоқ. 18 қыркүек Елбасы Ақордада Ұлттық банк төрағасын қабылдап, кездесу барысында «Данияр Ақышев елдің қаржы секторы мен банк жүйесінің ахуалы туралықабаяндады»,- деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. Соған қарағанда, Д. Ақышевқа Елбасы бірқатар нақты тапсырма берген. Еуразиялық экономикалық одаққа кірместен алдын, тым жақсы қалыпты жағдайда өмір сүріп едік, Кедендік одақ, Еуразиялық экономикалық одақ әсілі бізге мүлдем керек емес еді деп ойлайды көпшілік. Енді Ресейге АҚШ пен Батыс тарапынан жарияланған санкцияның ықпалы бізге де тиіп отыр. Ресей өзімен бірге бізді де құрдымға ала кететінге күмәнім кәміл. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, сақалынан айырылыптының» кері болмасын. Осыдан бірнеше жыл бұрын жазушы марқұм Геральд Бельгер ағамыз былай депті:
Что такое Казахстан?
Девятое место в мире по площади. А населения—каких-то 17 миллионов. Средний мегаполис. При таком богатстве говорить об экономическом кризисе в независимой стране—глупость. Это нонсенс. Это смешно. О каком экономическом кризисе может быть речь? Значит, кризис в головах правителей. Духовной кризис, культурный кризис, какой угодно, но только не экономический. Его в Казахстане быть не должно. А между бедствуют больше всего именно казахи. Везде руководит казахи, доминируют везде казахи, но и внизу бедствуют казахи. Везде жуткое воровство. Те, кто наверху, воруют без оглядки. А внизу народ с рабской психологией. Тәуба-тәуба, шүкір-шүкір, бізде тыныштық. Мы живы, сегодня существуем, и хвала небесам. Вот это и доконает казахов.
Бұдан кейін не айтуға болады. 26-жылдан бері ұйғырдың лагманына ұқсап кеткен биліктің ертегісіне қарапайым халықтың наразылығы қара қазандай. 26-жылдан бері халықты жұмыспен қамтамасыз ететін тетіктер қарастырылмаған, елімізде дені дұрыс жұмыс істейтін бірде-бір завод не фабрика салынған жоқ. Халыққа өз күніңді өзің көр дегеннен әрі аспады. Министрлер БАҚ-тарда кеуде соғып айқайлағандарымен қалың бұқара халықтың ортасына келіп, жергілікті жерлердегі жағдайды өз көздерімен көрмейді әрі көргісі келмейді.
Яғни, елдің әлеуметтік-тұрмыстық деңгейінің қандай екенінен бейхабар.26-жылдан бері Парламент депутаттары немесе сенаторы шалғайдағы ауылдарға барып, тым болмаса «әй тірімісіңдер?» деп сұрамаған. Біздің республикамыздың Маңғыстаудың бір ауылына «бәленбай» бір депутат немесе көп мақтайтын Ассамблея мүшелері келіп дәрет сындырып кетіпті дегенді естігеміз жоқ! Олар әрі кетсе, аудан орталығына келіп, мәдениет үйіне арнайы жиналған тұрақты көрермендерге жолығып, ән-күйін тыңдап, етін жеп қымызын ішіп, «бәрі өте жақсы» деп кекірене сөйлеп тайып тұрады. Мұны Елбасымыз талай қайталап айтқан. Бірақ, өзгеріс еш байқалмайды.
Жуырда Парламент депутаты, Генерал-майор Абай Тасболатов ағамызды көріп қалып: Ассалаумағалайкум, Әбеке қалыңыз қалай?—десем, ол кісі «Елбасының арқасында» деп жауап берді. Қазіргі заманның генералы, баяғы заманның батыры, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты болмас па еді… Ащы болса да шындықбіз оларға қарағанда жалтақпыз, көп орыстанып кеттік. Жалпы, бодандықта көп болған ел жалтақ, тайғақ, көнгіш болатынын италияндық ғұлама Никколо Макиавелли айтып кеткен. Сол үстем елден именшек, өз-өзінен жеруін, тіпті өз мәдениетіне бөтен көзбен қарайтын салғырт жандар туады. Біздің арамызда ондайлар толып жүр. Ұланғайыр Қазақстанның ішінде атқарылып жатқан болмашы істердің бәрін (тауық күрке салып берсе де) Президент Назарбаевтың атымен байланыстырып жатады. Бұл Президентті мақтау емес, қайта оның атақ-абыройын нұрсан келтіру деп түсінген абзал.
Парламенттің экс-депутаты Камал Бұрханов мырза: Бізде бір жылда Жоғарғы оқу орындарынан халықаралық қатынастарды бітірген 5000 түлектер дипломдарын алып шығады. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ең көп дегенде 10 түлектерді жұмысқа ала алады. Ал қалған 4990 түлектеріміз қайда барып жатқанын бір Аллаға аян деді. Бұған Парламент депутаты Меруерт Қазбекованың «У нас без отката ничего не решается» деген сөзін қосыңыз. Үнемі есесі кетіп жүрген қазағыма араша түсетін, ойланбай-ақ отқа түсіп кететін қайсар тұлғаларға зәруміз. Өкінішке қарай, 260 жыл Ресейдің отарлауында болған, құлдықтың қыл бұрауында жүріп табиғи қайсарлығынан, туа біткен адами ұстанымынан айырылған, ар-намысы ортайған халқымыздың жағымпаздығы, жалтақтығы,жарамсақтығы әлдеқайда өсіп кеткен. Қазақ халқының рухани жұтаңдануының себеп-салдары сан-алуан. Базар жырау кезінде «Байсалды ел байқаусыз қате жібермес»,-деп жырлаған еді.
Қаңырап қалған ауылдардан тым-тырақай көшіп кетушілердің бір-бірімен ағайындық, туыстық арақатынастары бырт-бырт үзілуде. Ауылдардан жүздеп, мыңдап жел қуалаған қаңбақтай басы ауған жаққа қаңғырып, әсіресе жастар қалаларға келіп орыстанып жатқанымен ешкімнің шаруасы жоқ. Парламент депутаты В. Божко сол ауыл жастарының қалаларға келуіне қарсы екенін айтып қалды, соған әлеуметтік желілерде қарсы пікірлер қарша борады. Осылай туған халқының мұң-мұқтажын түсінбейтін, ана тілін ұқпайтындарды депутат қылып сайлайтын әлемде жалғыз ел бар, ол біздің Қазақстан.
Қазақ халқына тән асыл киелі де қасиетті ұғым-түсініктен жұрдай болдық. Әйтпесе, біздің елде ғана, әке ұлымен, шеше қызымен орысша сөйлесетіні ешкімге жасырын емес, керісінше соны мәртебе санайды. Иіліп сәлем салатын келін таппайсың. Оның орнына баяғыдай «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген ұғымдар далада қалды. Сәбиді бөлейтін бесіктер мал қорада ілініп тұр, танысын не танымасын «нан ауыз ти» деп нан ұсынатын үйдің мүшелері жоқтың қасы. «Әлди-әлди бөпешім» деудің орнына «баю- баю» дейтін болды. Атасының тері сіңген омырауын иіскеп жатып ұйықтап кететін немере азайды. Оның үстіне ауыл мектептері бірінен соң бірі жабылуда. Өйткені, ауыл халқының жапатармағай қалаға кетуі етек алған, ауылда жұмыс істегенімен, жалақы көрмегелі қай заман. Ал, білім саласына министр Ерлан Сағадиев келгелі басынан дау арылмады. Парламент депутаты Бекболат Тілеухан жекпе-жекке шақырсада ештеңе ұқпады.
Телеарнадан неше түрлі ток-шоуларда қайдағы-жайдағы отбасылық кіркілжіңдерді насихаттайтын болды. Сайқымазақ Тұрсынбек Қабатов пен Нұрлан Қоянбаевтарды шығарып қояды. Олар аузына келгенін айтқанына, парықсыз көрермендердің екі езуі құлағында күліп отырғаны. Одан қала берді «Айтса айта берсін», «Жұлдыздар жарқырайды» деген бағдарламаларын көрсең, ұяттан жарылып өлесің. Баян Есентаева, Жанар Дұғалова, Қайрат Нұртас, Төреғали Төрәлінің не жегенін, не кигенін айтып ұялтады. Осылай бара беретін болса, қазақ халқы өзін-өзі телеарна арқылы-ақ әлем картасынан жойылып тынады.
Биыл Қарағанды облысын су басқанда да, Ақтөбе облысындағы ақбөкендер, Оңтүстік Қазақстан облысында белгісіз аурудан малдар, Жамбыл облысында Зеңгірбаба тұқымы сиырлары жаппай қырылғанда да, жергілікті әкім-қаралар қарапайым халықты айыптады. «Жығылғанға жұдырық» демекші, оның үстіне теңгенің құнсыздануы мен қоса жанармайдың қымбаттауы бұқараның қабырғасын қайыстырып барады.
Өзінің сорын, үкіметтің зорын, көршінің байлығын, көшенің лайлығын, базардың нарқын, заманның қалпын—бір сөзбен қайыратын болсақ, жалғанның бар тауқыметін қазақтан көреді. Тіршілік болған соң, әрнеден қауіп-қатер бар. Оның бәрі— әдепкі, табиғи жағдай. Мұндай кілтипан тәуелсіздік туын көтергеніне 26 жыл өтседағы, кез келген орнықты, қуатты елдің басында болуы ықтимал. Ал біздегі жағдай—мүлде шетін құбылыс. Теңгенің құнсызданғанына билікте отырған шенеуніктердің мұрты да қисаймайды, қашанда зардап шегетін қарапайым халық. Оларды «Отырса опақ, тұрса сопақ» етіп көрсеткісі келеді. «Көңіл кірі айтса кетеді» дегеннің күйін кештім. Шырылдаған шындықтың бетін ашсам, арым тазаланар, өркөкірек көңілім орнына түсер деп ойлаймын.
Жұмамұрат Кеңесұлы Шәмші
ПІКІРЛЕР