Елінің азаттығы мен жерінің тұтастығы жолындағы күрестің қақ ортасында жүріп, қазақтың біріккен қолын басқарған, алдыңғы ту ұстаушы сардарларының бірі, XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы көрнекті мемлекет қайраткері табын Бөкенбай батырдың қазақ тарихындағы орны бөлек. Оның асқан айбыны мен көзсіз ерліктері аңыз боп тараған. Елге сіңірген еңбектері нақты мұрағаттарда сақталса да бұл батыр бабамыздың есімі көпшілікке әлі де беймәлім. Сондықтан төменде осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалым Нұржан Жетпісбайдың материалы оқырман назарына ұсынылып отыр.
Қазақ даласы батырларға әсте кенде болған емес. Әсіресе 200 жылға таяу уақытқа созылған қазақ-қалмақ, қазақ-жоңғар соғыстары талай батырларды дүниеге әкелді. Өкінішке орай, азаттық үшін жан аямай күрескен сол батыр бабаларымыздың көпшілігі арада біраз уақыттар өткен соң ұмытылуға айналды. Біз төменде есімі мен көзсіз ерліктері кезінде барша қазақ даласына аян болса да, кейіннен белгісіз себептермен есімі ұмытыла бастаған ең жаужүрек батырларының бірі – Табын Бөкенбай жөнінде әңгіме қозғамақпыз.
Табын Бөкенбай батыр – XVIII ғасырдың І-жартысындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, атақты батыр әрі би, жоңғар-қалмақ шапқыншылығына қарсы азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі, қазақтың біріккен әскерін басқарған Бас Қолбасшы және Жетіру бірлестігінің басқарушы биі.
Бөкенбай батыр – ел бастаған көсемдігімен, қол бастаған батырлығымен, елін ұйыта білген сөз бастаған шешендігімен болсын, адамгершілікті парасат тұрғысынан болсын өзінің көптеген замандастарынан ілгері жаратылған жандардың бірі еді. Өз заманының жарық жұлдызы, біртуар ұлы болса да, бұл батырдың тұлғасы ұмыт бола бастады, соңғы жылдары ол туралы біршама мақала жарық көргенімен, олар оның туған өңірі көлемінен аспай келеді.
Аталған қазақ-жоңғар соғыстарының «Ақтабан шұбырынды» кезеңінде қазақ арасында аты шыққан бір емес бірнеше Бөкенбай (Бөгенбай) есімді батыр болған еді. Бұл кезеңнен сәл ертеректе жасаған Керей Бөгенбай Маянбайұлын қоспағанда аталмыш дәуірде атақты Қанжығалы Арғын Бөгенбай Ақшаұлы, Шақшақ Арғын Бөгенбай Қожекеұлы, Табын (Кіші жүз-Жетіру) Бөкенбай Қарабатырұлы және би атанған осылар аттас тағы бір-екі тұлға сол тұста өмір кешкен болатын. Бұлардың ішінен бізге ең танымалы – Қанжығалы Бөгенбай. Негізінен Абылай ханның қасында көп жүрген бұл батырдың есімі ресми деректерден гөрі халық фольклорында, Бұқар жыраудың, т.б. жырларында жиі аталады.
Бөкенбай батыр 1667 жыл шамасында дүниеге келген. Нақты туған жері белгісіз, дегенмен Елек, Шыңғырлау немесе Үстірт пен Ырғыз аралықтарында дүниеге келген деп жорамалдауға болады. Тарақты Табынның Жиембет бөлімінен тарайды. Әкесінің есімі Бисембі, ол да батыр болған, ел арасында Қарабатыр атанып кеткен.
Бөкенбайдың өз жеке бас ерлігімен, батырлығымен атының шыға бастауы шамамен XVII ғ. соңында болуы керек. Кез келген батырдың атын шығаратын көбіне оның жас күнінде көрсеткен ерлігі, не шайқас алдындағы жауымен шығатын алғашқы жекпе-жегі еді. Бұл тұрғыда Бөкенбайдың жас кезі туралы көп дерек жоқ, бірақ ол да жас Әбілқайыр сияқты ақтабаннан көп бұрынғы Еділ қалмақтарымен соғыстарда көзге түскендігі сөзсіз. Кіші жүздің басқа да батырларымен бірге талай рет қол бастап, қиян-кескі ұрыстар нәтижесінде қалмақтарды Жайықтың арғы жағына ығыстырып, қазақ жерін жаудан босатуға айрықша үлес қосады.
Оның атын алты алашқа мәлім қылған 1710 ж. өткен Қарақұм бойында өткен бүкілхалықтық құрылтай, дәлірек айтқанда сол жиында сөйлеген жалынды сөздері еді. Неге екені белгісіз, зерттеушілер тарихымызда үлкен із қалдырған осы жиынға көп тоқталмайды. Оқиғаны кеңірек баяндасақ…
Қарақұм жиыны. XVIII ғасырға өткен қазақ даласына жан-жақтан қауіп төніп тұрған еді. Оның алдында жүз жылға жуық уақыт бойы қазақтың ең шұрайлы жерлерінің бірі – Баянауыл өңірін басып алған торғауыт қалмақтары Сарыарқаны кесіп өтіп Жем мен Жайық аралығына жеткен. Олар осы аралықта қазақтарға соғыс ашумен болды. Тобыл мен Жайық аралығын башқұрттар жайлады, қазақтар олармен де соғысты. Сібір мен Жайық казактары да солтүстік пен солтүстік-батыстан шабуылдар жасап отырды. Маңқыстау қазақтарына түрікмендер тыным бермеді. Оңтүстікте өзбек хандықтарымен қақтығыстар жиі орын алып жатты. Тіпті Алатау қырғыздары да Шу өңірлеріне көз алартып, оңтайлы сәттерде шапқыншылық жасаудан тартынбаған. Алайда, қазақтар үшін ең қауіпті жау шығыстағы жоңғарлар және олардың туыстары жоғарыдағы батыс қалмақтары болатын. Қазақстанның шығысы мен оңтүстік-шығысы, дәлірек айтқанда Ұлы жүздің үлкен бөлігі мен Орта жүздің бір бөлігі осы жоңғарлардың қолында болды. Жайық пен Жем аралығын қалмақтар иемденді. Бұл жерден уақытша қол үзген Кіші жүз рулары Сыр бойына шоғырлануға мәжбүр болды.
Осылайша, солтүстіктен де, оңтүстіктен де, батыстан да, шығыстан да жау қыспағында қалған Қазақ хандығының жағдайы мүшкіл халде еді. Хандық деген ұғымның өзі шартты секілді, себебі Тәуке хан бірқатар реформалары арқылы елді бір мезгіл біріктіргенімен, саяси жағынан қазақ рулары мүлдем бытыраңқы болатын. Билігі мықты сұлтандар мен ықпалды билер дербес басқаруға ұмтылды. Нәтижесінде, қазақтың әрбір үш жүзінде бірнеше ханнан және билеуші сұлтаннан болды. Қорыта айтқанда, XVIII ғ. басында қазақ халқы үшін шынымен де қиын-қыстау күндер, тіпті жойылып кету қаупі төніп тұрды.
Осындай қиын-қыстау кезеңде, 1710 жылы күз айларының бірінде Арал өңіріндегі Қарақұмда қазақтың хандары, сұлтандары, билері мен батырлары бас қосқан үлкен жиын өтеді. Кіші жүздің барлық үш одағы мен Орта жүздің бірқатар руларының өкілдері қатысқан бұл кеңесте негізінен жоңғарлармен қарым-қатынас мәселелері талқыланады. Ол сол жылы болған жоңғарлардың кезекті ірі шабуылының салдарынан ұйымдастырылған болатын. Бұл тарихта Қарақұм жиыны ретінде белгілі, бұл мәжіліс туралы алғаш рет 1803 ж. сол өңірлерде тұтқында болған орыс офицері Я.П. Гавердовский жергілікті Әлімұлы ақсақалдарынан жазып алған.
Гавердовскийдің жазуынша, қазақтың игі жақсылары жоңғарларға қатысты басты мәселеде көпке дейін ортақ шешімге келе алмапты. Жоңғарлар әскери қуаты жағынан қаншалықты күшті болса, сол кезде жасы біразға келген Тәуке хан мен Қайып, Әбілқайыр сияқты жеке билеушілер басқарған, саяси бөлшектенген қазақ күші бытыраңқы болатын. Сол себепті қызу талас кезінде кейбір билер жоңғарларға бағынуды ұсынса, енді біреулері өз мекендерін тастап, Еділден өтіп бас сауғалауды жөн көреді. Жан-жаққа тарап, бытырап қашуды ұсынғандар да болады. Осындай таластардың дәл қызған шағында, жоғарыдағы ұсыныстарға жаны күйіп кеткен Табын Бөкенбай батыр билердің ортасына атып шығып, үстіндегі өз киімін өзі жырта, қылышын жоғары көтеріп: « Уа, ағайын! Жауларымыздан кек аламыз, қасық қанымыз қалғанша шайқасып өлеміз! Ауылдарымыздың күл болып, қыздарымыздың күң болғанына қалайша төземіз. Қоян секілді қашқанша, шайқаста өлген артық. Мініңдер атқа, еріңдер соңымнан…» деген сөздерімен беттері қайтып, еңсесі түскен жұртшылықты дүр сілкінтеді.
Түпнұсқадан ауытқымас үшін орыс офицерінің жазғанын сол күйінде келтірейік: «… слабые души даже среди сего собрания обнаружили страх свой, и предлагали искать безопасности от милосердия контайши, другие хотели оставить жилища свои и спасаться бегством за р. Волгу, а некоторые подобно зайцам, желали рассеяться в разные стороны и поколебали было постоянство многих. Но известный в то время по храбрости старшина Буканбай уничтожил сии предприятия их. Киргизы [казахи] рассказывают, что он среди жаркого спора, разорвав на себе одежду и повернув в круг совета меч свой, говорил с иступлением: «Отомстим врагам нашим, умрем с оружием, не будем слабыми зрителями разграбленных кочевок и плененных детей наших. Робели ли когда воины равнин кипчакских! Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей. Теперь могу ль равнодушно снесть тиранство от варваров? Еще нет недостатка в добрых конях! Еще не опустел колчан со стрелами!». (История Казахстана в русских источниках XVI-XIX вв. 5 том.А., 2007. 393-394 бб.).
Бөкенбайдың сөздері жиналған елге қатты әсер етеді, олардың рух-жігерін көтереді. Деректе айтылғандай, осы оқиғадан соң барлығы оның кеңесімен жүруге ант еткен, халықтың ынта-жігерінің артқандығы сондай, тіпті кейбір билер анттың беріктігі үшін өздерін-өздері жаралап, өзіндік ырым-жоралғылар істеген. Ақбоз атты құрбандыққа шалып, алдағы жеңістердің кепіліне құдайға құлшылық еткен. Ең бастысы, осы ұлы жиында жиналған халықтың игі жақсылары – билері, батырлары мен төре-сұлтан тұқымы Әбілқайырды хан сайлап, Бөкенбай батырды ерекше алғыс сезімімен бүкіл қазақ қолының Бас Қолбасшысы етіп тағайындайды.
Біз Бөкенбайды ең алдымен осы сөздері арқылы білеміз. Азаттық үшін күрестің мәңгі ұранына айналған оның бұл сөздері қазақ тарихында алтын әріптермен жазылуы тиіс еді. Өкінішке қарай, Бөкенбайдың сөзі тұрмақ, оның мұрағаттарда тұнып тұрған есімінің өзі де ұмытылды. Ал, біз, бүгінгі ұрпақ Бөкенбайдың халық рухын көтерген осы мінезі мен жеке басының батырлығын лайықты насихаттауға тиіспіз.
Аталмыш бас қосуда жолы үлкен Жәдік әулетінен емес, аталары ешқашан хан сайланбаған кіші Өске әулетінен шыққан Әбілқайырдың қалыптасқан дала заңдарын бұза отырып, хан сайлануы да айрықша оқиға. Бұған ол өзінің Бөкенбай, Есет тәрізді сенімді қолбасшыларымен бірге талай рет қалмақ пен орыс шептерін бұзып-жарып талқандап, қазақ жерін солтүстік-батысқа қарай ұлғайтуының, сол себепті ел арасында өз батырларымен бірге өзінің де баһадүр хан атанып, алғыс пен даңққа бөленуінің арқасында жеткен еді. Қазақтың ең мықты аға хандарының бірі болса да, шынайы тарихтан хабары аз кейбір тұлғалар тарапынан орынсыз қараланып келген, қазақ жерін жоңғарлардан негізгі азат етуші бұл қайраткердің өсу жолы, жүргізген саясаты, ұстанған мақсат-мүдделері және шын мәнінде не үшін өлтірілгені жеке тақырып ретінде арнайы зерттеуді қажет етеді.
Бөкенбай батыр бастаған қазақ қолының сол жылдары болған жоңғар шапқыншылығына сәтті тойтарыс бергені күмән тудырмайды. Екі арадағы соғыс сол кезеңдерде біраз саябарсыған болатын. Алайда, жоңғарлардың кезекті жойқын шабуылы 1723 ж. басталғаны белгілі. Осы бүкілхалықтық азаттық соғысқа да Бөкенбай өз сарбаздарымен, ауыл-аймағымен қатысып, жан аямай соғысады, осы соғыста өзінің төрт бірдей туған ағасынан айырылады.
1726 ж. Оңтүстік Қазақстандағы Ордабасыда қазақтың бүкіл үш жүзінің өкілдері бас қосқан үлкен жиын өтеді. Бұл жолы да күн тәртібіндегі басты сауал – жоңғар мәселесі болатын. Бірақ осы ретте жиналғандар алдыңғы кеңестегідей пессимизмге бой алдырмай, ата жауларына тойтарыс берудің нақты шараларын айқындайды. Қазақ даласын сонау шығысынан батысына дейін жебе тәрізді жарып өтіп, Торғай, Ырғыз жерінен бір-ақ шыққан басқыншыларды, сол өңірлерде Әбілқайыр, Бөкенбай, Есет, Тайлақ, Шақшақ Жәнібек батырлар бастаған Кіші жүз бен Орта жүздің жергілікті руларынан құралған қолдың тас-талқан етіп жеңуі халықты рухтандырған болатын. Бұл жиында шайқасты ұйымдастырудағы тамаша қолбасшылық қасиеттеріне риза халық Әбілқайырды тағы да бүкіл үш жүздің аға ханы қылып сайласа, Бөкенбайды осы жасақтың бас қолбасшысы етіп бекітеді. Бірақ әдетте бұл жолғы қолбасшы алдыңғы Бөкенбайдан есімінде бір әріп айырмашылығы бар Қанжығалы Бөгенбай саналады…
Батыр есімдеріндегі шатысулар. Осы жерде Бөгенбай-Бөкенбай батырлардың бастарын ашып алу керек сияқты. Қазақ жеріне елшілікке жіберілген Ресей Сыртқы істер коллегиясының аудармашысы Тевкелев Кіші жүз Бөкенбайдың қасында көп жүріп, көп тілдескен, ол туралы өзінің күнделігінде де, коллегияға жолдаған хаттарында да көп жазған. Осы елшінің, Левшин, Витевский т.б. ертедегі зерттеушілердің еңбектерінде Бөкенбайдың, Тама Есеттің және Шақшақ Жәнібектің Әбілқайыр ханның ең сенімді жақтастары болып, оның ең жақын ортасын құрағаны айтылады. Расында осы үшеуі ханның алдыңғы «қалмақ науқаны» кезінен қандыкөйлек жолдастарына айналған, оның көпшілікке белгісіз сұлтан кезінен қасына еріп, кейін хан сайлануына да ықпал етулері мүмкін. Орыс чиновнигі әрі тарихшысы Татищевтің айтуынша, бұл батырлардың халық арасындағы беделінің зор болғандығы сондай, бұларға ханның өзінің де билігі жүрмеген. Сонымен қатар, бұлар соғыс кезінде пайда бола салған батырлар емес, соңдарынан қалың жұртын ерткен бас билер болған. Мысалы, Бөкенбайға Жетірудың 7 мың шаңырағы қараған, кейін батыр өлген соң бұлар оның күйеу баласы Тама Есет батырдың қолына өткен. Ресей сыртқы саясаты архивінің (АВПРИ) «Киргиз-кайсацкие дела» деп аталатын қомақты қорында да, қазақ жерінің империя құрамына кіру науқаны кезіндегі істерде осы үш батырдың және Бөкенбайдың немере інісі Құдайназар мырзаның аттары үнемі бірге аталып, олар туралы біраз мәлімет беріледі.
Бір өкініштісі, Бөкенбай батырдың мұрағат құжаттарында хатталған сөздері (Тевкелевке айтқан т.б.), төңкеріске дейінгі еңбектерде кездескен басқа да мәліметтері көптеген тарихи кітаптарда, оқулықтарда қате түрде өзі аттас басқа батырларға телініп кеткен. Басқасын былай қойғанда, баспаға ең белгілі ғалымдар даярлаған соңғы академиялық жинақ «Қазақстан тарихының» өзінде осындай қателіктерге жол берілген. Атап айтқанда, осы еңбектің 2000 ж. шыққан орыс тіліндегі 3-томының 101-бетінде Табын Бөкенбайдың Тевкелевке Әбілқайыр туралы айтқандары осы кітаптың 136-бетінде дәл сол күйінде тағы қайталанады, бірақ бұл жолы Қанжығалы Бөгенбайдың атынан беріледі. Алғашқысының Қарақұм жиынында айтқан жалынды сөздері де осы томда айна-қатесіз соңғысының атынан айтылған. Біз бұл жерде атақты Бөгенбай батырдың ерлігі мен даңқына ешқандай да шек келтірмейміз, оның батырлығы Бұқар, Үмбетей жыраулар, басқа да халық жырларында жеткілікті баяндалған. Біздің мақсатымыз, тарихи фактілерді беруде қателіктерге бой алдырмай, сол күйінде жеткізуге тырысу. Жоғарыдағы шатысулар еңбекті әртүрлі авторлардың жазуынан және кейіпкерлердің аттарының бірдейлігінен де болар, бірақ мұндайда тарихи шындыққа жету үшін фактілерді егжей-тегжейлі салыстырып отырып қана қорытынды шығару керек деген ойдамыз.
Кейбір мамандар Қарақұмда сөйлеген Табын Бөкенбай екендігіне күмәнмен қараулары мүмкін. Алайда, көптеген ертедегі және қазіргі зерттеушілер дәлелді түрде 1710 ж. қолбасшылыққа сайланған дәл осы батыр екеніне ешқандай шек келтірмейді.
Бұлардан бөлек, осыдан біраз ертеректе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында газет беттерінде жарық көрген кейбір мақалаларда осы Бөкенбайларды «топтастыруға» біршама талпыныстар жасалғандығын айта кету керек. Атаулары да, мазмұндары да ұқсас осындай екі мақалада авторлар ел аузындағы деректерді бере отырып, біраз мәселенің бастарын ашуға тырысады (Қарамендин С. Батырдың аты өшпейді: төрт Бөгенбай, үш Бөкенбай хақында // «Қазақ батырлары». 1991, 29 қараша; Боранбаев С. Төрт Бөгенбай, үш Бөкенбай туралы // «Сарыарқа самалы». 1992, 25, 27 тамыз.). Назар аударарлығы, бұл авторлар Бөгенбай батырларды жіктеуде XIX ғ. орта тұсында өмір сүрген ақын Сегіз Сері (Мұхаммед Қанапия) Баһрамұлының жазбаша және ауызша сақталған жырларын көп негізге алған. Олар осы ақынның «Ақтабан шұбырынды» оқиғаларынан шамамен 130-140 жылдан кейін жазылған «Ер Бөгенбай» жырына сүйеніп, 1710 ж. бас қолбасшылыққа Қанжығалы Бөгенбайдың сайланғандығын жазады. Бірақ бұл жерде кеңес өткен өңір – Қарақұм аты аталмайды. Сонымен қатар, екі автор да өз мақалаларында соңғы жылдары «Елім-ай» дастанының шығарушысы саналып жүрген Қожаберген жырауға көп орын арнайды. Негізінде, 1710-1723 жж. қазақ-жоңғар соғыстары туралы жазғанда, бүкіл оқиғаларды көзімен көріп, басы-қасында жүрген осы жорық ақынының жыр жолдарына сүйенген дұрыс секілді. Н.Әбуталиевтің «Ордабасы Қожаберген» зерттеулері осыны дәлелдей түседі.
Бірқатар авторлар Бөкенбайлардың араларын анықтай келе, Табын Бөкенбайға да қысқаша тоқталып өтеді. Алайда олардың бірі (Қарамендин) батырды Жағалбайлы руынан деп қателессе, екіншісі (Боранбаев) оның өмір сүрген жылдарын 1717-1758 жж. аралығы деп қате көрсетеді. Соңғы автор Бөкенбайдың 1758 ж. Тарбағатай өңірін жаудан тазартып жүргенде ауыр жараланып қайтыс болғанын, өз өсиеті бойынша сол маңға жерленіп, ол жер қазір де Бөкенбай сайы аталатынын жазады. Зерттеуші бұл деректерді қайдан алғанын көрсетпеген. Ералы сұлтан бастаған Кіші жүз сарбаздары мен Абылай басқарған Орта жүз әскерінің бірлесе отырып, аталған жылдары Қытай қырғынынан қалып қойған жоңғарларға жорық жасағаны тарихта бар. Алайда, біз сөз етіп отырған Бөкенбай батыр көрсетілген мерзімнен әлдеқайда бұрын, мүлдем басқа өңірде және басқа жаулармен шайқаста қаза тапқан болатын. Бұл мұрағат деректерінде нақты көрініс тапқан (Казахско-русские отношения в XVI-XVIII вв. Сборник архивных материалов. А., 1961. 205-бет.).
(Басы.Соңы келесі санда)
(Соңы. Басы өткен санда)
Айта кетеріміз, Тәуке де, Әбілқайыр да, Абылай да, жалпы қазақтың қай ханы болмасын, ешқашан шексіз билей алмаған, олар өзіндік парламент тәрізді жыл сайын шақырылатын билер кеңесінің шешімдерінен аттап кете алмаған. Өз атына сай, қазақ халқының еркін болғаны соншалық, олар ешқашан да өз хандарына басыбайлы бағынбаған, төре заты оларға әскери қимылдар жүргізген кезде ғана бір ту астына жиналу үшін қажет болған. «Хан талау» дәстүрін қоспағанда, наразы адамдар ханға бөгетсіз кіріп, ойларын іркілмей ашық айта берген. Кіші жүз бұл жөнінде басқаларынан «озып» кеткен тәрізді, XVIII-XIX ғ.ғ. өзінде ғана өз халқының қолынан оларға ұнамаған бірнеше хандар мен сұлтандар уақыттарынан ерте о дүниеге аттанған. Еркіндікті шамадан тыс сүйген халық өздерінің сырттай бодандыққа қаратылғандарын естігенде де төбелерінен жай түскендей болып, Ресейдің елшісі ресми сапармен ханға келгенде, оларды кездестірмей, кеңеске дейін хан үстінен де, елші үстінен де қарауыл қойған. Хан алғашқы кезде тіпті үстіне жамау-жасқаулы шапан киіп, қарауылдан сытылып шығып, Тевкелевпен түн ішінде жасырын жолығып жүрген. Әлсіз билеуші болса бір сәрі, Әбілқайырдай мықты патшасының үстінен өз қоластындағыларының қарауыл қоюы көп елдердің тарихында кездеспейтін де болар…
Жоғарыда айтылған кей тұлғалардың өз елі жайындағы соны пікірлері туралы айтсақ, Әбілқайыр да, Бөкенбай да орыс елшісіне халқының мәрт мінездерімен қатар, қынжыла отырып өздерінің көңілдері толмайтын жақтары туралы да көп айтқан. Олар елшіге билермен, жалпы халықпен сөйлескенде сөзіне аса сақ болуын, үркітіп алмас үшін жылы, майда тілмен сөйлеуін, өйтпеген жағдайда даланың еркін ұлдарының құрық көрмеген асау тағылар секілді бірден жалт беріп, одан соң оларды қайтадан мәмілеге келтірудің бос әрекет екенін, басқа да осы тұрғыдағы кеңестерді көп берген болатын. Бөкенбай бірде тіпті, Тевкелев қарсы жақ өкілдерінің өзіне қылған бір қылығын жеткізгенде, «осындай бағынусыз кеткен халық болған соң енді не істейміз?» деп, шарасыз күрсінген екен. Бұларды келтірудегі мақсатымыз, халқымыздың бір жағынан басқарусыз еркінсүйгіштігімен қатар, екінші жақтан оларды бір орталыққа жұмылдыруға тырысқан тұлғалардың еңбектерін көрсету. Оларды ұлтын сынағандары үшін жазғыруға болмайды, себебі бұл қайраткерлер ру-руға бөлініп, бөлшектенген халқын біртұтас етуге ұмтылды. Кей қылықтарына күйіне отырып, олар сол өздері сынаған ел-жұртын жан аямай қорғады да. Сырт жауларын жапырып жеңіп жүрген бұл боздақтар өз халқының алдында шарасыз күй кешті десе де болады. Бөкенбайдың да ашынып кетіп, өз халқын қылыштың күшімен бағындырамын деуі осыдан еді. Жатса-тұрса біртұтас ел болуды ойлап, сол үшін амалсыз бодандыққа баруға мәжбүр болған Әбілқайыр мен Бөкенбай өздерінің ұлы мұраттарына жете алмай, бірі мәселенің байыбына бармаған ішкі жауының, бірі сыртқы жауының қолдарынан қаза тапты.
Бөкенбай батыр өзінің ұлы мұратына жете алмай, арманда кетті. Қалмақтармен, жоңғарлармен, орыс-казактарымен, қарақалпақтармен, башқұрттармен соғыстарда ажалға бой бермеген есіл ер сол қылықтарына күйінген елін қорғаймын деп жүріп, 1742 жылы түрікмендермен болған бір шайқаста 75 жасында қаза болады. Деректерде Бөкенбайдың 500 сарбазбен түрікмендерге жорыққа барғаны, алайда бұл туралы алдын-ала біліп, көп әскермен дайындалып отырған олардың қазақтарды түгелдей қырып жібергендігі айтылады (Казахско-русские отношения… 205-бет; История Казахстана в русских источниках. 4-том. А., 2007. 33-бет).
Әбілқайыр мен Бөкенбай саясаттарының негізгі өзегі – бүкіл қазақ руларын біріктіріп, өз ықпалдарына алып, Ресей қорғауындағы орталықтандырылған мықты мемлекет құру болатын. Хан да, оның Бас Сардары да «бодандықты» тиімді пайдалана отырып, ұлы жүзді түгелдей дерлік, орта жүздің бір бөлігін алып отырған жоңғарлардан, Арал өңіріне көз алартқан парсы шахынан және оянып келе жатқан Қытайдан да өз тәуелсіздіктерін сақтап қала алды. 1755 жылы жоңғарларды бесіктегі баласына дейін қырып, тұтас бір ұлтты жер бетінен жойып жіберген қытайлықтардың, саны аз, жері көп қазақтарға да шабуыл жасамасына кепілдік жоқ еді. Цинь империясының қазақ хандарына өз елшілері мен грамоталарын көптеп жібере бастағаны, тіпті Абылайдың оларға бодандыққа ант қабылдауға мәжбүр болғаны белгілі. 1758-1760 жылдары Ресей мен Қытай қазақ жері үшін бірнеше рет әскери қақтығысқа баруға аз қалған. Қазақтармен шекараға 180 мың әскерін қойған (Крафт И.И. Сборник узаконений о киргизах степных областей. Приложения, 55-бет) қытайлықтар шабуыл жасауға тек орыстардан ғана сескенуі мүмкін. Сондықтан, сыртқы саясатта Ресей протекциясының пайдалы жақтары да болғанын мойындауымыз қажет.
Әрине, өз кезегінде патша үкіметі де қазақ даласын отарлады. Бірақ Қазақстанның көп бөлігінің іс жүзіндегі отар елге айналуы шамамен жүз жылдай уақыттан соң, 1822-1824 жылдары хандық билік жойылған соң ғана іске асты. Бодандықтың айқын белгілері ретінде қазақтардың түтін салығын төлей бастауы да сол кезеңнен басталады, ал кіші жүз 1837 жылдан бастап төлей бастады. Отаршылыққа қарсы күрестердің өршуі де сол кезеңдерде орын алды. Бір қызығы, сол ұлт-азаттық күрестердің бәрін дерлік сол «бодандықты» алғаш қабылдаған өңірлердің ұрпақтары бастады. Сол күрестердің бірін 1780-1790 жылдары Бөкенбайдың ұлы Жетірудың бас биі Тіленші батыр басқарса, үзілістерімен 1822-1840 жылдарға дейін созылған аса ірі қозғалысты оның немересі – атақты батыр әрі Жетірудың бас биі Жоламан Тіленшіұлы бастады. Жоламан 1822 жылы Ресейге ашық соғыс жариялаған болатын.
Алайда, Ұлы Даланы отарлауды асықпай көптеген онжылдықтарға, тіпті келер ғасырларға жоспарлаған мықты мемлекеттерге қазақ сияқты көшпелі халықтардың қанша қарсыласса да тәуелсіздігін сақтап, қарсы тұрулары мүмкін емес еді – ерте ме, кеш пе, солардың ықпалына түсетін. Ресей, Қытай және қуатты мұсылман мемлекеттерінің арасында орналасқан қазақтарда сол кезде өз еріктерімен таңдау құқы болған жоқ, үлкен өкінішке қарай, солардың бірін өздеріне сөз жүзінде болса да «үлкен аға» ретінде мойындау қажет еді. Уақыт Әбілқайыр бастаған топқа Ресейді таңдатты…
Әр халықтың сапында қылған қызметі арқылы тұтас бір елінің тарихи тағдырына әсер еткен тұлғалар болады. Мұндай тұлғалар әдетте ел басына күн туған қиын-қыстау замандарда дүниеге келіп, өз халқын жақсы қылу жолында өмірлері күреспен өтеді және бір атап өтерлігі мұндай тұлғалардың өмірбаяндары көбіне қарама-қайшылыққа да толы болады. Бөкенбай батырды, Әбілқайыр, Абылай хандарды тура осындай тұлғалардың қатарына жатқызуға болар еді.
Әбілқайырға келгенде, кімнің де болсын есіне оның 1731 жылы орыс тарапына ант бергені түсетіндігі анық, мұны әсіресе кейбір зиялы қауым өкілдері мен жалпы жұртшылық еске түсіргенді жақсы көреді, осы әрекетін үстіртін түрде «сатқындық» ретінде бағалайды. Оның батырларымен бірге қалмақтармен болған жүз жылдық қырғын соғысты нәтижелі аяқтап, оларды Батыс Қазақстан далаларынан біржолата қуып шығарған және одан кейін шығыстағы жоңғарларды тамаша жеңген қызметтері бір сәтте естен шығарылғандай. Әбілқайыр қазақ тарихында өшпес із қалдырған, қаһарман қолбасшы ретінде қалуы тиіседі. Оны бодандық туралы сұрауға мәжбүрлеген жоңғар қаупі емес, батыс шекарада орын алған күрделі жағдай болатын, ол Тевкелевке жоңғарларды өз күшімен де тойтара алатынын ашық айтқан және олармен сол тұста бітімге келгенін де анық жеткізген. Сол себепті Әбілқайырдың аға хан сайланбағанына «ренжіп», ұрыс даласын тастап кетті-мыс деген мифті тарихымыздан алып тастау кезек күттірмейді. Халық тарапынан бір емес, екі рет хан көтерілген адамның өзін тағы да хан сайламағанына ренжіп кетуі мүлдем ақылға сыймайды. Бұл негізсіз қаралау.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары біздің тарихымызда белгілі бір тұлғаларды жұлдыз жасап, қалғандарын ұмыт қалдыру үрдісі орын алғаны да жасырын емес. Еңбек қылған қайраткерлердің ұмыт қалып, тіпті аяққа тапталуы тарихқа жасалған қиянат болар еді. Шыны керек, тәуелсіздік тұсында Абылай ханның тұлғасына баса мән беріліп, Әбілқайыр өзінен жасы көп кіші, өзін қатты құрметтеген осы Абылайдың тасасында қалып қойды. Шындығында, қазақ тарихында бұрынғы мықты билеушілер Қасым, Хақназар, Есім, Тәуекел, тіпті Тәуке хандардың есімдері де көп аталмай, бұлардың бәрі де тасада қалған сияқты. Соңғы кезде белгілі бір тұлғалар тарапынан Әбілқайыр мен Абылай қызметтерін салыстыру, тіпті екеуін бір-біріне қарсы қою әрекеттері де байқалып қалады. Оларды да түсінуге болады, себебі екі тұлға да XVIII ғасырда орасан-зор еңбектерімен есте қалған бірден-бір жарық жұлдыздар, тек бірінің жарығы қолдан өшірілсе, екіншісі одан ары шарықтай түсті. Бірақ, олардың қызметтеріне бұлай баға беру дұрыс емес. Әбілқайыр Ресейге ант берсе, Абылай Ресейге де, Қытайға да ант берді. Осыларға қарап екеуін де сатқын деу дұрыс болар ма еді. Іс жүзінде екеуі де сол кезде орын алған жағдайға байланысты, сол заман тұрғысынан іс-әрекет етті. Екеуінің арасындағы қарым-қатынасқа келсек, Абылай жасы үлкен Әбілқайырды қатты сыйлаған, ұлы Ералымен өте сыйлас жақын жолдас болған. Кейіннен Әбілқайырды өлтірген Барақ сұлтан орта жүз жерінде жүрген Ералының да көзін жоймақ болғанда, Абылай үлкен азаматтық танытып оны өлімнен құтқарған.орта жүздің атақты тұлғалары Қазыбек би, Қаракерей Қабанбай және басқаларымен бірге Әбілқайырдың қазасына қатты қайғырған, Бопай ханымға көңіл айтуға арнайы барған. Тіпті шынайы деректер бойынша 1755-1758 жылдары шамасында Абылай Ералыны өз орнына Орта жүздің билеушісі болуға да шақырған. Бұл Абылайдың Әбілқайырмен, оның әулетімен шынайы сыйластық қарым-қатынастарда болған, пендешіліктен тыс парасатты тұлғасынан хабар береді.
Әбілқайыр да, Абылай да ел болашағын алыстан ойлаған, сол үшін күрескен жандар. Бірі Ресеймен, екіншісі Қытаймен қарым-қатынас орнатып, Қазақстанның ғасырларға созылған геосаясатының негізін қалады. Екеуі де қиыр далада көшіп-қонып жүрген халқын бір орталықтан басқарылатын мемлекет етуге, қалалар салдыруға күш салды. Себебі жасырары жоқ, қазақтар сол тұста өркениеттен алыс, өзара дау-дамай, барымталарымен өмір сүріп, көрші елдерден артта қалып қойған еді. Білім беру ісі дамымады, қала-кенті жоқ иен далада бұл мүмкін емес те болатын. Рас, Әбілқайыр салдырған Орынбор қаласы сауда-саттық орталығымен қатар, қазақ даласын отарлаудың да орталығы болып табылды. Бірақ дәл осы шаһар кейіннен қазақ зиялыларының да орталығына айналғанын, оның ең жарқын өкілдерінің осы жерде білім алғанын, алғашқы қазақ баспасөзі пайда болып, тұңғыш қазақ съездерінің де дәл осы қалада өткенін ұмытпау қажет. Жалпы ХІХ ғасырдағы оқу-мәдениеттегі қайта өрлеу, ұлы Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты тұлғалардың пайда болуы көп себепте Әбілқайыр, Абылай хандар, Бөкенбай, Жәнібек батырлар армандаған қазақтардың бірте-бірте отырықшы тұрмысқа көшуінен, дамыған көрші елдер сияқты оқу-білімге ұмтылуынан пайда болды. ХХ ғ. басында Алаш идеясын ұстанған, алдыңғы қатарлы зиялылардың барлығы дерлік ресейлік оқу орындарында оқыған еді. Бұл бір саясатты, бір тарапты біржақты жақтау емес, отарлықтың салдары орасан болды, оның ақ-қара тұстарын саралау бұл жерде басты тақырып та емес әрі мүмкін де емес.
1726 жылы Ордабасыдағы құрылтайда бас қолбасшылыққа кім сайланды деген сауалға келсек, бұл жерде біз көптеген тарихи фактілерді пайымдай келе ол аталған Табын Бөкенбай болуы тиіс деген пікірге келеміз. Себебі біріншіден, ол 1710 жылы да Әбілқайырмен бірге Бас Қолбасшы болып сайланды, біраз жылдардан соң сол дәстүрмен аталған хан қайта сайланғанда, ұзақ жылдар оның серігі болған, көне сардары Бөкенбайдың кенеттен түсіп қалуы сауал туғызады. Екіншіден, Тевкелевке (бұл адамның тегі қазақ төрелерінен, Тәуекел, Ораз Мұхаммед хандардың ұрпағы) айтқан сөзінде ол «қандайда бір жорық не соғыс болмасын, өзінің ең алдыңғы сапта жүретінін, өзінің төрт бірдей туған ағасының жоңғарлардың қолынан қаза тапқанын» айтқан. Алдыңғы сапта деген сөз бұл қол бастау дегенді білдіреді. Бір атап өтерлігі, Бөкенбайдың ағалары да көрші қалмақтардан емес, шығыстағы жоңғарлардың қолынан шейіт болған, демек Қалмаққырған, Аңырақай шайқастарына өз қауымдарымен белсене қатысқан. Үшіншіден, мұндай жоғарғы лауазымға әдетте қарапайым ел арасынан шыққан батыр емес, оған дейін де билікте болған, ел басқарған, басқарушы би дәрежесіндегі белгілі тұлғалар сайланған. Бөкенбай ата-тегі жағынан батыр әрі ел басқарған жандардың ұрпағы болса, деректердің көбінде өзі де «би» атауымен аталады. Ауызша деректерге қарағанда, Қанжығалы Бөгенбай батырлыққа қатардағы саптан көтерілген, қазақ-жоңғар соғыстары тұсында би аталмаған әрі жасы да кіші болған. Ал Табын Бөкенбайды орта жүздің игі жақсылары да ерекше құрметтеген әрі беделімен санасқан, Левшин ол туралы «Знаменитый и чтимый как Среднею, так и Меньшею ордами старейшина киргизский Букенбай», – деп жазған болатын. Бұл жерде би атағын білдіретін «старшина» емес, жасы үлкен би атағын білдіретін «старейшина» аталуы Бөкенбайдың жасынан да хабар береді. Гавердовский, басқалары да батырды «би» деп атаған.
Қазақта жаужүрек батырлардың көп болғаны белгілі. Бір журналистің ертеректе жазғанындай оларды бағы жанған және бағы жанбаған батырлар деп бөлуге болады. Ерліктерімен аты шыққан атақты Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты батырлардың еңбектері еленіп, олар туралы көп жазылса, Есет Көкіұлы, Есет Көтібарұлы, Барақ Сатыбалдыұлы немесе Кенесарыға ерген Ағыбай, Иман, Бұқарбай тәрізді батырлардың есімдері ұмытылып, ерліктері айтылмай келді. Бір құптарлығы, соңғыларының есімдері еліміз егемендігін алғаннан кейін аталып, мерейтойлары тойланып, сіңірген еңбектері ақпарат құралдары мен кітаптарда кеңінен жазылса, Бөкенбай батырға мұндай «бақыт» та бұйырмады. Шындығында, бүкіл ғұмырын жорықтарда өткізіп, батыс пен шығыстан, солтүстік пен оңтүстіктен анталаған жаулардан елін қорғаймын деп шыр айнала жүгірген, сол соғыста шау тартқан жасына қарамастан 75 жасында қол бастап, елі үшін өмірін құрбан еткен бұл қайраткердің есімі еленуге әбден лайық еді. Жігіт шағынан бастап қартайған шағына дейін аттан түспей, өмір бойы сырт жауларымен соғысып өткен, сексенге жеткен жасында сол үшін жанын пида еткен мұндай батырлар қазақ тарихында некен-саяқ болар. Ауыл-аймақ арасында сойыл ұстаған кейбір жандардың өзі ешқандай түп-дерексіз батыр атанып, ескерткіштері орнап жатқанда, нақты іс-әрекеттері орталық мұрағаттарда тұнып тұрған нағыз хас батырдың еленбей тасада қалуы орасан олқылық болды. Осы туралы батырдың жақын серіктері Әбілқайыр хан мен Есет батырдың есімдері еленіп, Ақтөбе қаласының ең басты көшелеріне аттары берілсе де, Бөкенбайға ондай құрметтің көрсетілмей жатқандығы, тіпті атаусыз қалғандығы жөнінде жазылған болатын (Жетпісбай Н. Бөкенбай батыр жөнінде. «Алаш» журналы, 2006. № 1-2; «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттеріі, 2006 ж. желтоқсан).
Осы олқылықтың орны кеш те болса түзеле бастады. Бөкенбай батырдың қастерлі есімі халқымен қайта қауышуға бет алды. Бірнеше жыл бұрын жазылған батыр туралы дүниелер, ондағы ұсыныстар, сонымен қатар Алматы қаласының бір топ зиялы қауымының атынан жазылған Ашық хат та өз нәтижесін беріп, Ақтөбенің үлкен көшелерінің бірі Табын Бөкенбай батыр атымен аталды. Батырға сәулетті ескерткіш орнату да жоспарланды. Бүкіл қазақ тарихындағы ерекше тұлғалардың бірінен саналған, ерлік пен елдіктің тамаша үлгісіне айналған оның қасиетті есімінің туған еліне кеш те болса қайта оралуы өте орынды оқиға болып отыр. Дегенмен, бұл шаралар, батыр туралы жарық көрген мақалалар оның туған өңірі көлемінен аса алмай келеді, Бөкенбайдың қастерлі есімі қалың қазақ еліне әлі де белгісіз болып қалуда. Әбілқайыр мен Бөкенбай сияқты тұлғаларға еліміздің орталық шаһарларынан да көшелер мен ескерткіштер берілсе жөн болар еді, себебі бұл тұлғалар өңірлерге бөлмей, азаттық жолында еліміздің батысы мен шығысын да, түстігі мен терістігін де талмай шарлаған жаужүрек қолбасшылар болатын.
Қорыта келгенде, Бөкенбай – ру-аймақ деңгейіндегі батыр емес, өз қызметімен, жеке бас ерлігімен бүкіл жалпыұлттық деңгейге көтерілген тұлға әрі елді ұйыта білген дана би. Оның атақ-даңқы заманында тек қазаққа ғана емес, көрші халықтарға да тарады. Оның айбынын қалмақтар мен башқұрттар да, түрікмендер мен қарақалпақтар да сескене отырып сыйлады. Оның айбынымен қуатты орыс-казактар да санасты, ел арасындағы күшін бағамдап, ерекше сый-құрмет көрсетуге тырысты. Сол себепті Бөкенбайды жалпыұлттық батыр дәрежесінен – еларалық тұлға дәрежесіне қоюға әбден болады. Ол сөзсіз қазақ тарихындағы көрнекті де жарқын, қасиетті де қастерлі тұлғалардың бірі болып қала береді.
Нұржан ЖЕТПІСБАЙ, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері.
ПІКІРЛЕР