Астанада ақиық ақынның 80-жылдық қорытынды кеші өтті

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ақиық ақын Төлеген Айбергеновтың 80 жылдығына орай «Сендер менің бақытымның бұлағы…» аттыәдеби-сазды қорытынды кеші өтті. Аталмыш шара Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»мақаласы аясында «Ақжол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанынан құрылған «Ақжол – жастар» қанаты мен «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының бастамасымен өткізілді.

Оған белгілі ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен Астана қаласындағы Т.Айбергенов атындағы № 16 орта мектептің мұғалімдері және оқушылары белсенді қатысты.

Маңғыстаулық делегацияны бастап барған Жаңбырбай Матаев және Сәбит Тоқымбетов болды. Поэзия сүйер қауымға «Айбергенов әлемі» бейнефильмінен үзінді көрсетіліп, ағайынды «Арна» тобының Төлеген Айбергеновтің сөзіне жазылған, композитор Жеңіс Естілеуовтің «Марфуға», «Сайрашы сандуғашым», «Ақ қайыңдар» әндері, әнші, композитор Гүлмира Сарина «Сағыныш» әнін, Шымкенттік жас әнші Арайлым Саттарбай, ақын Сәнді Ақылайдың сөзіне жазылған ақын Төлегенге арналған «Төлеген толғау» әнін, Ажар Сейтенова «Әуен мен ырғақ», «Төлеген жыр» әндерін орындалып, Л. Гумилев атындағы еуразия ұлттық университетінің студенттері мен Т.Айбергенов атындағы № 16 орта мектептің оқушылары ақынның қаламынан туған өлеңдерін оқып, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері күйлерін тарту етті.

Сондай-ақ, Төлеген Айбергеновтің мұрасын насихаттаушылар мен төлегентанушыларға «Т.Айбергеновке 80 жыл” естелік медалі табысталып, алғыс хатпен марапатталды.

Жалпы өткен 2017 жыл Төлеген ақынға арналды десек артық айтпаған болар едік. Себебі Ақтау, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Астана қалалары мен Ресейдің бас қаласы Мәскеу, Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нөкіс шаһарында ақынның 80 жылдығына орай бірқатар шаралар бірінен соң бірі өткізілді.

Бұл ретте Төлеген Айбергеновтың құрметіне орайластырып өткізіліп келе жатқан барлық шараларға белсенді түрде қатысып келе жатқан танымал тұлғаларды да айтпай кетуге болмайды. Олар Мұхтар Шаханов, Әділғазы Қайырбеков, Ғалым Жайлыбай, Оғыз Доған, Светқали Нұржан, Мұқан Амангелді, Мақсет Әлсейітов, Әлімбай Найзабаев, Бауыржан Жақып және т.б.

Бұған қоса, ақынның 80 жылдығына арналған «Төлеген Айбергенов поэзиясы және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы Түрік, Қытай, Өзбекстан, Қарақалпақстан  мемлекеттері мен Қазақстаннның әрбір облысынан зиялы қауым өкілдерінің басын қосты.

Сонымен қатар, ауқымды шара кезінде қарар қабылданып, ҚР Үкіметіне Шымкент қаласындағы Т.Айбергенов көшесіне ескерткіш орнату, ҚР Білім және ғылым министрлігіне Оңтүстік-Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты жанынан «Төлегентану» ғылыми-зерттеу орталығын ашу, Қазақстан Жазушылар Одағына Төлеген Айбергеновтің толық шығармалар жинағын басып шығаруды ұйымдастыру, Алматы қаласы әкімдігіне Бұқар жырау көшесіндегі № 81 мектепке Т.Айбергеновтың есімін беру, Алматы қаласының орталығындағы Марков көшесін Т.Айбергенов көшесіне ауыстыру, Маңғыстау облысындағы салынып жатқан жаңа мектептің біріне ақынның есімін беру туралы бірқатар ұсыныстар жолданған.

Тағы бір жағымды жаңалық Үстіміздегі жылы 24 ақпанда Ақтау театрының сахнасында Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» қойылымы көрсетілмек. Спектакль кезінде тұңғыш рет ақиық ақын Төлеген Айбергеновтың 11 өлеңі оқылып, 5 әні орындалады.

Бірнеше кітаптары да оқырмандарға жол тартты. Сонымен қатар, өлеңдері орыс, өзбек, түрік, испан, қытай тілдеріне аудару қолға алынды.

Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмыр сүргеніне қарамастан, оның артында мəңгі өлмейтін жырлары қалды. Ақиық ақын бар болғаны 30 жыл өмір сүрді. Осыншама аз ғана ғұмырында ұлттық әдебиетімізде өшпестей із қалдырған оның өлеңдері, талай сахналарда оқылып жүр, әлі де оқыла бермек…

 Нұрбол Оқуов, ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0