Үкіметте тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін құрудың жаңа моделіне қолдау білдірілді

Үкіметте тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін құрудың жаңа моделіне қолдау білдірілді

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін жетілдіру шаралары туралы баяндады.

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) жаңа моделін әзірлеу туралы баяндай отырып денсаулық сақтау министрі ТМККК тізбесін қалыптастыруға және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  (МӘМС) жүйесінде медициналық көмек пакетіне жаңа тәсілдерді қарауды ұсынды.

Бұл моделді енгізуді үш кезеңде жүзеге асыру көзделген:

  1. Қазіргі жағдайда ТМККК-ны барынша нақтылау және оңтайландыру мақсатында медициналық қызметтерді басым ету және шектеу арқылы ТМККК пакетіндегі медициналық көмектің толық ревизиясы жүргізілетін болады.
  2. ТМККК-нің жаңа моделін МӘМС-ті енгізумен бірге өрістету. Бұл кезең, Е. Біртановтың айтуынша, бір жағынан ТМККК бойынша мемлекет міндеттемелерінің нақты шегін белгілей отырып, МСАК-тың профилактикасына және басымдықты дамытуға бағытталған саясатты одан әрі қамтамасыз етумен, екінші жағынан МӘМС жүйесіне толық ауқымды көшу және одан әрі дамытумен сипатталады.
  3. Медициналық технологияларды дамытуды ескере отырып, ТМККК және МӘМС тізімдерін үнемі жаңартып отыру.

Осылайша, ТМККК-да медициналық көмек әрбір адамға жедел және шұғыл күттірмейтін жағдайларда, сондай-ақ барлық қоғамға маңызы бар, яғни демографиялық көрсеткіштердің нашарлауын тудыратын және мүгедектікке алып келетін аурулар бойынша көрсетіледі.

 

Биыл ТМККК-ның нақтыланған тізбесі жасалды, ол медициналық-санитарлық алғашқы көмектің профилактикалық бағыттылығына басымдық бере отырып, медициналық көмектің формалары бойынша қалыптастырылған.

«МӘМС жүйесінде медициналық көмек әр адамның өмір сапасын жақсартуға бағытталатын болады. ТМККК жаңа моделін және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтер пакетін енгізуді қарастыратын заң жобасы әзірленіп, сараптаманың барлық кезеңдерінен өтті», — деді Е. Біртанов.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы өз Жолдауында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеуді тапсырғанын атап өтті.

Денсаулық сақтау министрлігінің ТМККК-ны құру жөніндегі тәсілдері қолдауға ие болды, белгіленген тәртіпте Үкіметке бекітуге ұсынылуы тиіс.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігіне халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Әрбір азамат кепілдік ретінде медициналық көмектің қандай көлемі тегін берілетінін, қаншасы ақылы негізде жүргізілетінін білуі тиіс.

primeminister.kz

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0