«Адамның бір қызығы бала деген» деп Абай атамыз айтқандай, бала – біздің басты байлығымыз. Адам өмірінің мәні мен сәні – өсіріп отырған ұрпағы емес пе?! Бүгінгі ерке құлыншақтар – еліміздің ертеңі мен болашағы. Келер күннің айнасы. Елімізді дамытудың басым бағыттары айқындалған «Қазақстан-2050 Стратегиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек», – деген болатын. Ұлтымыздың жалғасы болар ұрпағымызға жан-жақты тәрбие беріп, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз ету және оларды өнер-білімге баулу – бүгінгі күннің басты міндетіне айналып отыр.
Әдеттегідей елімізде биыл да бақыт туын көтерген балақайлардың мерекесі ескерусіз қалмады. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Сөз мерген» медиа студиясының ұйымдастыруымен Қазмедиа орталығының киноконцерт залында «Мен – бақытты баламын» атты концерт болып өтті. Шара басында құрметті қонақ ретінде шақырылған мемлекет және қоғам қайраткері, ана тіліміздің жанашыры Оразкүл Асанғазықызы арнайы сөз алып, барлық балаларды төл мерекесімен құттықтап, бүлдіршіндерімізге жарқын болашақ тіледі. Ерекше көңіл-күймен өткен мерекелік кеште өнерлі бүлдіршіндер Ақбота Керімбекова, Роза Әлқожа, Ардақ Балажанова, Бейбіт Қорған,Индира Елемес, Ринат Малцагов, Дос, Дильхан Исаев т.б. қазақ эстрадасының жұлдыздарымен дуэт болып ән шырқап, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын Қалқаман Саринмен бірге жырдан шашу шашты.
Балалар арасында түрлі байқаулар ұйымдастырып, әрбір мерекеде оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды әдетке айналдырған «Сөз мерген» медиа студиясы егемен еліміздің ертеңі болар бүгінгі өрендердің талапты да білімді, өнерлі болып өсуіне өзіндік үлес қосып келеді. Балаларға арналған тамаша кештің өтуіне Қазақ радиолары, «Әдемі-ай» кәде-сыйлар компаниясы, «TerCia» дыбыс жазу студиясы, «Бақорда» компаниясы, «Жасар» қоғамдық ұйымы және «Joyballoons_astana» агенттігі қолдау білдірді. Сонымен қатар концертте өнер көрсеткен әнші Индира Елемес,көп балалы отбасынан шыққан өнерлі бүлдіршінге ұялы телефон тарту етті.Шараға ақпараттық қолдау білдірген «Хабар», «Балапан» және «Қазақстан» ұлттық телеарнасына алғыс білдіреміз. Концертті тележүргізуші, блоггер Эльвира Ергалина мен өнерлі бүлдіршін Фараби Өміржанұлы жүргізді.
Жас ұрпақтың болашағы жарқын болу үшін оларға бір күн ғана назар аударған жеткіліксіз. Олардың болашағы жарқын болуы үшін өмір бойы жұмыс істеген де артық болмайды. Бала – бақытты болу үшін жаралған. Ендеше, әлемдегі барлық бала балалық шақтың бал дәмін сезінсін, барлық ана, барлық бала бақытты болсын деп тілейміз!
Эльмира Оралбаева
ПІКІРЛЕР