Студенттерге бұйырмаған жатақханалар

Маңғыстауда жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының жатақханаларын аралау кезінде заң бұзушылықтарға жол берілгендігі анықталды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті ұйымдастырған шараға қоғамдық ұйым өкілдері және Арнайы мониторингтік тобының мүшелері қатысты.

Заңнама талаптарына және оқу орындарымен бекітілген ішкі тәртіп сақталмаған. Яғни, жатақхана тек сол оқу орнының студенттеріне арналғанына қарамастан, өзара келісім арқылы осындай заңсыз әрекеттерге жол берілгендігі белгілі болды.

Атап айтқанда, Маңғыстау политехникалық колледжіне қарасты жатақханада Ресей Федерациясының азаматшасы Г.Байгузина өз жанұясымен, Маңғыстау гуманитарлық колледжінің студенті Л.Аймуханова, облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің қызметкері, полиция лейтенанты Д.Мурзамурадов заңсыз тұрып жатқан фактілері анықталды.

Дәл осындай жағдай өңірдегі жалғыз мемлекеттік жоғары оқу орны – «Yessenov University» студенттеріне арналған жатақханасында да орын алған. Яғни, жатақхананың №129 бөлмесінде сол оқу орнының жүргізушісі Б.Балтаев және №302 бөлмесінде ағайынды Қосбаевтардың заңсыз тұрып жатқаны белгілі болды.

Маңғыстау облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік тобы төрағасының орынбасары Әсет Мановтың айтуынша, бұл іс-шаралар сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға бағытталғанын.

“Нұр Отан” партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев студенттерге жатақхана салу мәселесіне тоқталып өткен болатын. Шаһарды аралап жүріп студенттердің базарлардағы лашықтарда күнелтіп жүргенін көріп, сабақ оқуға да, дұрыстап жуынуға да жағдай болмағасын жерде білім саласы қалай дамиды деген еді. Яғни, студенттерге арналған жатақханалардың мәселесі қоғамда өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бірақ, соған қарамастан мұндай деректердің орын алып отырғандығы көңіл көнжітпейтіні анық”, – дейді ол.

Тағы бір айта кететіні, Маңғыстау политехникалық колледжі жатақханасының ішкі жағдайы мен санитарлық талаптарға сай келмейтіндігі. Яғни, тазалық туралы айтудың өзі артық, жатақханада көп жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегендігі көзге ұрып тұр.

Барлық орын алған кемшіліктер бойынша тиісті органдарға мәселені ретке келтіру жөнінде ұсыныстар жолданатын болады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0