БҰҰ Адам құқығы аясында Сайрагүлді қорғау…

САЙРАГҮЛДІ САҚТАУ немесе ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ…
Сайрагүл Сауытбайды Қытайға экстрадициялауға жол бермеу керек! Əрине, Қазақстанға қатысты заңды бұзған. Оны өзі де мойындап тұр. Дегенмен, өз сөзіне сəйкес түйсек, ол адам құқығы аясында, өмірін сақтап қалу жолында мəжбүрлі əрекетке барған… Мұны түсіну үшін төменге зер салсақ.
Сонымен Қытайға қатысты не айтуға болады?.. Қытай билігінің адам құқығын айқын түрде аяқасты етіп отырған əрекеттерін (бұл жерде саяси лагерьге қатысты) баяндау – олар үшін “Мемлекеттік құпияны” бұзу санатында екен. Еркін түрде басқа елге қоныс аудару, партиясынан шығу – “Екі типтік жүрек” немесе саяси сатқындық саналады дейді. Бірақ, Сайрагүл ханымдыкы дұрыс. Себебі, халықаралық адам құқығы нормасына сəйкес келеді. Мысалы, Сайрагүлдің басынан өткен жағдайларды Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы аясында аз-маз талдасақ.
БІРІНШІ.
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ
3-бап. Әр адам өмір сүруге, бостандықта болуға және оның жеке басына қол сұғылмауына құқылы.
4-бап. Ешкім де құлдықта немесе кіріптарлықта ұсталуы тиіс емес. Құлдық пен құл саудасына, қандай түрде болса да, тыйым салынады.
5-бап. Ешкім де азапталуға немесе қадір-қасиетін қорлайтындай адамшылыққа жатпайтын қатыгездік жолмен жәбірленуге, немесе жазалануға тиіс емес.
● Сайрагүлдің айтуынша, оның төлқұжатын Қытайдың арнаулы органдары тартып алған. Сонымен қатар, “мемлекеттік құпия”, ал, шынында, адам құқықтарын айқын бұзып отырған саяси лагері туралы айтқызбау мақсатында өлім жазасымен қорқытқан. Демек, қытайлық билік тікелей ҮШ бап бойынша оның құқығын қасақана бұзды. Мұның сыртында Қытайдағы Ту көтеру салтының бейнтаспасын салған қазақ əйелінің өлім жазасына кесілгенін мысалға келтіреді. Сондықтан да ол, бұл жолда аман қалмаймын деп санап, “қалайда атамекеніне (Қазақстанға – Қ.Н.), отбасына” жетуді ойлап, сондай əрекетке барған.
ЕКІНШІ.
13 бап. 1. Әр адамның кез келген мемлекеттің ішінде жүріп-тұруына және өз қалауынша тұратын мекен-жайды таңдауына құқығы бар.
2. Әр адам кез келген елден, соның ішінде өзінің туған елінен, басқа елге қоныс аударуға және өз еліне қайтып оралуға құқылы.
● Халықаралық адам құқығының 13-бабына сəйкес, С. Сауытбайдың елден-елге қоныс аудару, мекен-жай таңдау құқығы да бұзылған.
ҮШІНШІ.
14 бап 1. Әр адамның қуғынға ұшыраған жағдайда, басқа елдерден баспана іздеп және сол баспананы пайдалануға құқығы бар.
2. Бұл құқық шынтуайтында саяси емес қылмыстың негізінде, немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен қағидаларына қайшы келетін әрекеттері үшін қуғындалғандарға жүрмейді.
● Саяси құқығы бұзылған немесе қуғынға ұшырау бабы бойынша да Сайрагүлді аман алып қалуға болады. Қазақ билігінің шамасы жетпей, басқа дамыған елден саяси баспана тисе, елдігіміздің еңсесі қандай екенін де білдіреді… Мысалы, мұндай жағдайда оның атамекенінен бөлек, басқа елден де САЯСИ БАСПАНА алуға құқығы бар деп ойлаймыз.
Ал, дамыған қуатты елден саяси баспана тиіп, қауіпсіздік кепілдігімен Сайрагүл көргендерін, білгендерін үлкен саяси мінберден айтса, халықаралық саясат қызып, бұл мемлекетке қатысты саяси-экономикалық көзқарас өзгеріске түсіп қана қоймай, Қытайда қамалып отырған бірнеше мың делінетін қазақтың да қайғыдан арылуына сеп болар ма еді… Саяси қамалмаса да ойы қамаулы, əрекетте əбден шектелген Қытайдағы қазақ диаспорасына, жұртына да жақсы болмақ. Бұл енді басқа тақырып…

 Құрманғали Нұрғали

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0