Маңғыстауда жол қозғалысы ережесін бұзған көлік жүргізушісі жол сақшысына – «Келісейік, көмектесіп жібер, қазақпыз ғой» деп, 2000 теңге бергені үшін басы бәлеге қалып, 336 700 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды.
Оқиға 20 маусымда «Ақтау – Жетібай» тас жолының 16 шақырымында болған. Газель автокөлігін тізгіндеген К.Төлешов үзіксіз жолақты кесіп өткені үшін Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция қызметкері Т.Оразұлымен тоқтатылған.
Жауапкершіліктен жалтарғысы келген көлік жүргізуші жол сақшысына 2000 теңге заңсыз материалдық сыйақы ұсынғаны белгілі болған. Аталмыш іс ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне жолданған. Мұнан соң сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Е.Сисеналиев көлік жүргізушісінің үстінен ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 676 бабымен әкімшілік іс қозғап, сотқа жолдаған.
Мұнайлы аудандық әкімшілік сотында қаралған материал бойынша, жауапкершілікке тартылған көлік жүргізушісі өз кінәсін толықтай мойындап, шынайы өкінгенін және өзінің жұмыссыз екендігін, асырауында кәмелеттік жасқа толмаған үш баласының барын, денсаулығының сыр бергенін алға тартып қатаң жаза қолданбауын өтінген.
Судья барлық мән-жайды ескеріп, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жаза қолдануды жөн деп тапқан. 819 баптың 2-ші бөлігін назарға алып, салынатын 481 000 теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұл мөлшерін 30 % төмендетіп, нәтижесінде 336 700 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салу жазасын қолдануды жөн деп тапқан.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарованың айтуынша, елімізде соңғы кездері әкімшілік жаза қолдану кезінде осындай ірі көлемде айыппұл салу практикасы жиі енгізіліп жүр.
«Кез келген жүргізуші немесе мемлекеттік орган қызметкері осыдан нәтиже шығарса игі. Заң алдында барлығының құқықтары мен міндеттері бірдей. Барлығы да таныс-тамыр арқылы немесе сыйақы беріп жауапкершіліктен құтылып кетемін деген ойдан арылуы қажет. Талапты орындап тәртіпті сақтамасаңыз, мойыныңызға жүз мыңдаған айыппұл арқалаумен жүресіз. Таңдау қашанда өз еркіңізде», – дейді ол.
Айта кету керек, жеке тұлғамен заңсыз материалдық сыйақы беру фактісі автокөлік жолдарында сыбайлас жемқорлық көріністерін азайту жөніндегі 10 қадам жоспары бойынша қоғам өкілдерінің қатысуымен рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында анықталып отыр.
Ал заңсыз сыйақыдан бас тартқан жол инспекторының заңды әрекеті, оның әріптестеріне үлгі болары анық. Бұл ретте агенттіктің аумақтық департаменті ішкі істер органдарының басшылығына полиция қызметкері Т.Оразұлына алғыс жариялау туралы ұсыныс бермек.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі
Фото commons.wikimedia.org-тен алынды
ПІКІРЛЕР