Бұл туралы Ақтауда «Білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдар: ұлттық заңның имплементациясы мен ерекшелігі» тақырыбында өткен конференцияда айтылды. Шара ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің әлеуметтік тапсырысы аясында «Азаматтық құқық» үкіметтік емес ұйымдастыруымен өтті.
Өткен жылы өңірімізде білім беру ұйымдарында 2 тұлға сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша сотталған. Олардың тарапынан жол берілген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланумен ұштасқан.
Маңғыстау ауданы Шетпе селосындағы «Айналайын» балабақшасының меңгерушісі 2016-2017 жылдары аралығында балабақшада жұмыс жасамайтын екі азаматқа заңсыз жалақы аударып отырған. Аталмыш дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189 бабымен кінәлі тұлғаның үстінен іс қозғалып, сотта қаралды. Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу дерегі бойынша 5 жылға бас бостандығын шектеу және мүлкін тәркілеу арқылы, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруға сотталған.
Тағы бір дерек – Ақтау қалалық №24 орта мектеп директорына қатысты қозғалған. Жеке кәсіпкерден мектепке азық-түлік жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алу келісім-шартына кедергісіз қол қою үшін 100 000 теңге пара алған. Ол бойынша Ақтау қалалық сотымен ҚР ҚК 366 бабының пара алу дерегі бойынша 5 млн. теңге айыппұл төлеуге және мүлкін тәркілей отырып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруға сотталды.
Жыл басынан бері білім саласы бойынша бір тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотта қаралған. Атап айтқанда, Бейнеу ауданы «Үстірт» орта мектебінің директоры 2015-2017 жылдары аралығында үш азаматқа атқарылмаған жұмыстар үшін мемлекет бюджеті есебінен заңсыз жалақы аударып отырған. Нәтижесінде, қылмыстық іс-әрекетімен мемлекетке 676 000 теңге шығын келтірген. Кінәлі тұлға ҚР ҚК-нің 189 бабымен, яғни сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу және қызметтік жалғандық жасау баптарымен кінәлі деп танылып, 5 жылға шартты түрдегі сотталды.
«Өз кезегінде жоғарыда көрсетілген кемшіліктер мемлекеттік мекемелермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегендігін, кейбір лауазымды тұлғалардың қолданыстағы заңнамаларды сақтауда құлықтарының жоқтығын, жауапты басшылардың бұл міселеге формальды түрде және немқұрайлы қарап, тиісті шаралар алмағандығын көрсетеді. Ендігі кезекте сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында бақылауды күшейту, осы бағыттағы тиісті шараларды тұрақты негізде жүргізіп отыру, оқу орындарында ата-аналардан және қамқоршылық кеңестерінен заңсыз ақша жинау мәселесін тоқтатуды, көрсетілген кемшіліктерді жоюды және алдағы уақытта сыбайлас жемқорлық сипатындағы көріністерге жол бермеу қажеттігі ұсынылады», – деді Нұргүл Жанназарова.
Айта кету керек, білім беру саласындағы грант бөлу мәселесінде кемшіліктер бар бұған дейін техникалық және кәсіптік орта білім беру орындарында мемлекет тарапынан бөлінетін оқу гранттары мен мемлекеттік тапсырыстар бойынша комиссиясының құрамына Арнайы мониторингтік тобының мүшелері еніп, біртақар кемшіліктерді анықтаған. Бұл туралы облыстық арнайы мониторингтік топ төрайымының орынбасары Әсет Манов айтып өтті.
«Түлектер үшін тест сұрақтарын құрастыруда бақылау жоқ және грантқа үміткер жастар үшін жасақталған тест сұрақтарының деңгейі жауапты мемлекеттік орган тарапынан бақыланбаған. Емтихан өткізілетін аудитория жеткілікті деңгейде жасақталмаған, кей жағдайда үміткерлер тест тапсыру кезінде ұялы телефонның көмегіне сүйенген деректер орын алған. Бұл ретте білім басқармасының өкілдеріне бірқатар ұсыныстарымызды жеткіздік. Әсіресе, аудиторияда емтихан тапсырушыларға шпаргалка пайдалануға мүмкіндік бермес үшін жекеленген партамен және орындықпен жасақталуы тиіс. Сонымен бірге гранттарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу үшін қабылдау комиссиясының құрамында білім саласына жауапты мемлекеттік органнан тұлғалардың болуы және емтихан тапсыратын аудиторияларға бақылау камераларын орнату қажет», – деді Әсет Манов.
Барлық кемшіліктер мемлекеттік мекемелермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейтіндігін, кейбір лауазымды тұлғалардың қолданыстағы заңнамаларды сақтауда құлықтарының жоқтығын, жауапты басшылардың бұл мәселеге формальды түрде және немқұрайлы қарап, тиісті шаралар алмағандығын көрсетіп отыр.
Жиын соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында бақылауды күшейту, осы бағыттағы тиісті шараларды тұрақты негізде жүргізіп отыру, оқу орындарында ата-аналардан және қамқоршылық кеңестерінен заңсыз ақша жинау мәселесін тоқтатуды, көрсетілген кемшіліктерді жоюды және алдағы уақытта сыбайлас жемқорлық сипатындағы көріністерге жол бермеу қажеттігі айтылды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі
Түпнұсқадағы тақырыбы: Маңғыстаудағы білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа жол берген үш тұлға сотталды
ПІКІРЛЕР