Парасатын серік еткен тұлға

Еліміздің рухани жолына бет бұрып, қоғам үшін түбегейлі маңызы бар құндылықтарды анықтап жатқан тарихи кезеңде есімі елге рухани үлгі болатындай тұлғаларды айқындау үдерісі де жүріп жатыр. Тәуелсіздіктің рухы өрістеген сайын ұлттық идеяның субьектілері сондай бірегейліктің қайта жаңғыруына, қайта түлеуіне және өрістей түсуіне үлес қосуды өзіндік парызына айналдырып келеді. Ғылым қашанда жеке тұлғалардың жемісті еңбегінің, шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде жинақталып, пайда болады. Жеке тұлға ретінде азаматтық жолына талдау жасалған, оның қайраткер ретінде қалыптасуы әр дәуірде әр ұрпақтың жадына сирек кездесер болмыс-бітімімен, қайталанбас мінезімен жазылатын адамдар болады, мәселен, ғылымда, өнерде, саясатта өзінің туа біткен дарынымен оқшау көзге түсіп, бойындағы ізгі қасиеттерін ұлттың іргелі істеріне жұмсаған перзенттеріміз, ардақты тұлғалары аз емес.

Сансыз соқпақты тіршілікте өзіндік биік ерекшелігіңді өзгеге дарыта да, таныта да алу теңдессіз қасиет. Тұла бойындағы асыл қасиеттер мен таза қаракеттерін тағылымды тірліктерге, сәулелі де сындарлы істерге бағыттай білген сондай дара азаматтың бірі де бірегейі-Серік Есентайұлы Нұрмұратов биыл айтулы 60 жасқа толды.

Серік Есентайұлы Нұрмұратов киелі Сыр өңірінде, Қызылорда облысы, Жалағаш қыстағында 1958 жылдың 5-ші қазанында елге сыйлы, ұлағатты ұстаздардың отбасында дүниеге келген.

Мектепті алтын медальмен бітіріп, 1981 жылы Қазақтың қара шаңырағы атанған ҚазМУ-дың философия мамандығын үздік дипломмен тәмамдағаннан бергі ғұмыры тек ғылыммен байланыстырып, ғылыми өмірдің қиыншылығы мен қызықтарға мол өтпелі асу белестерінің күрделігінен қарамастан, болашақ ұстаз-ғалым заман талабына сәйкес, ғылыми диссертациясын жазуға өзінің рухының сенімділігі арқылы батыл түрде кіріседі. Сөйтіп, 1989 жылы «Қоғамдық пікірдің тұлғаның қалыптасуына әсері»  деген тақырыптағы кандидаттық дисертациясын сәтті қорғап, өзінің өмір жолының түбегейлі ғылымға арналғандығын терең сезінген талантты ізденуші ғылыми ізденісті әрі қарай жалғастыруға қарай бет түзеді де, философия ғылымдарының докторы атану мақсатын алғы шепке шығарды.

Серік Есентайұлы «Рухани құндылықтардың қалыптасуы мен дамуы: әлеуметтік-философиялық талдау» деген тақырыпты таңдап алып, өзінің еңбекқорлығына ғана сенім артып, тиянақты түрде кірісті. Нәтижесінде, 2000 жылы болашақта отандық ғалым ретінде мойындауға болатын ірі тұлға философия ғылымдарының докторы атағына ие болды.

Осы зерттеу негізінде Қазақстандағы аксиология саласын қазақ тілінде жүйелі түрде зерттеп, дамуына алғашқылардың бірі болып үлес қосып,  рухани құндылықтардың қалыптасуы мен дамуын әлеуметтік-философиялық талдау барысында теоретикалық мәселелері және әдіснамалық мәселелерін анықтап, рухани құндылықтар адамзат болмысының нағыз қайнар көзі екендігін дәйектеп, қазақ руханиятының сан ғасырлық тарихындағы эволюциясы туралы тұжырымдар ұсынды.

Тағылымды еңбек жолын 1981-85 жылдары Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтында бастап, 1988 жылдан Қазақ КСР Ғылым Академиясының философия және құқық институтында еңбек етті.  Қазіргі таңда ҚР білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің  философия, саясаттану және дінтану институтында отыз жылдан астам ғылыми қызметкер лауазымынан бастап, институт директорының орынбарына дейінгі басшылық қызметтерді абыроймен қызмет атқарып келеді.

Қажырлы еңбек пен кәсіби біліктілігіңіздің арқасында жеткен жетістіктерінің өзі бір төбе. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі төс белгісімен»,  «Қазақстан техникасы мен ғылымын дамытуға орасан зор үлес қосқан мамандар мен ғалымдарға арналған Мемлекеттік ғылыми степендиясын», ҚР Білім және Ғылым Минстрлігінің және Ұлтттық Ғылым академиясының «Құрмет» грамотасын алып, 2005 жылдан профессор, 2012 жылдан бері ҚР  Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының академигі атанды.

Көрнекі ғалымның ғылыми басшылығыңызбен қорғаған 3 ғылым докторы, 5 ғылым кандидаты, 1 PhD докторы ғылыми ізденіс жүргізіп, диссертацияларын табысты қорғап, майталман мамандарға айналды.

Серік Нұрмұратұлы ғылыми ізденіс жолын өзінің таланты мен шығармашылық ойлауына сәйкес өрістете түсті. Оның 300-ден астам дін, этностың саяси және мәдени өміріне, ұлт менталитетін зерттеуге қатысты мақалалары мен жеке монографиялары отандық және шетелдік  ғылыми ортада жоғары бағаланып, сұранысқа ие болып жарияланды.

Әрдайым шығармашылық ізденістерімен, қоғамдық өмірдің өзекті мәселелеріне белсене араласатын ғалымның тікелей жетекшілігімен «Қазақ руханияты: тарихи-философиялық және этномәдени негіздер», «Қазақ философиясының тарихы. Ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейін» 5 томдық топтамасы жазылды.

Философия ғылымының іргелі мәселелерін, әлемдік философия тарихын, қазақ философиясының этикалық, эстетикалық, логикалық мәселелерін жетік меңгергендіктен, ғалым еліміздегі «Мәдени мұра», «Ұлы дала тұлғалары», «Философиялық энциклопедиялық сөздік», «Қазақ диаспорасы», «Ғылыми қазына», «Халық тарих толқынында»  атты іргелі  ғылыми жобалардың басы-қасында жүріп, тың бастамаларымен өзіндік белсенділігін әрдайым таныта білді.

Таразы басын тең ұстап, ғылымды да, қызметте де, отбасында да, бастысы- өзінің жанында да жайлылық пен түсіністік орната алған ғалымды ғылым жолынан бақыт тапқан тұлға ретінде тануға болады. Көне Рим ойшылы Сенека: «Өмір ұзақтығымен емес, өмірлік мазмұнымен өлшенеді»,-деп айтқандай, шындығында, ғылым мен өмірді, тұлғалық пен саяси-әлеуметтік мәртебені  үйлестіре білген Серік Есентайұлы отбасында да тұрмыстық ахуалдардың биік белестерінен көрініп, жұбайы Жазира ханыммен бірге отбасында асықтай үш баланы тәрбиелеп, қызығына бөленіп, бақытты ғұмыр кешуде.

Ғалымның қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі мен озық ойлайтын дара қабілеті әлі де ғылыми қоғамды тәнті етіп келеді. Соның ішінде қара шаңырақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да (PhD) докторлық диссертация қорғау кеңесінің мүшесі ретінде жемісті қызмет етіп, ғылыми-ұйымдастырушылық қырынан да танылды.

Сонымен қатар профессор Құрманалиева Айнұр Дүрбелеңқызы басқаратын «Мәдениеттану және дінтану» кафедрасының біліктілігі жоғары ғылыми мамандар дайындау үдерісінде әрдайым ғылыми және шығармашылық байланыста болып, үлесіңізді қосқаныңызды ерекше бағалап, құрметтейміз.

Серік Есентайұлының рухани болмысы мен құбылысы философиядағы адами болмысымен, оның құндылықтық бағдарымен, шығармашылық табиғатымен тығыз байланысты. Ол ғылымда өзінің дара бітім-болмысымен үлгі өнеге көрсеткен, жаны жайсаң, жомарт жанды және адами биік қасиеттерге ие азамат пен қазақстандық философия кеңістігінде өзіндік орнын айшықтаған тұлға деп білеміз.

Міне, осындай парасатты ғұмыр иесі Серік Есентайұлын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Мәдениеттану және дінтану» кафедрасының әріптес ғалым ұстаздары атынан мерейтойымен құттықтап, мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға баянды бақыт тілейміз!

Т.Х.Ғабитов, профессор, Ж.О. Әбікенов, PhD докторант

 Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0