Әр заманның өз тұлғасы, танымал азаматы болады. Халқымыздың мақтан тұтар азаматтарының елімізді өркендету жолында атқарған істері халықтың жадында қалатыны хақ.
Кез-келген мемлекеттің өсіп-өркендеуі ғылым мен білім саласына тікелей байланысты. Еліміздің ғылымы және білімінің дамуына бар күш-жігерін жұмсап, өлшеусіз үлес қосып, дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына қосылуы жолында бел жазбай еңбек етіп жүрген азаматтар жетерлік.
Қазақстанның ғылым мен білім беру саласын дамытуға ерен еңбегі сіңген алаш азаматтарының бірі,ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген белгілі қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы – профессор Рахман Алшанұлы Алшанов. Ғылым мен білім беру саласының бесаспап маманына айналған Рахман Алшанов сынды азаматтар өз саласының алдыңғы шебінде жүріп, Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын бекемдей түсті. Білім мен ғылымның дамуы қоғамдық-саяси жағдайлармен де тікелей байланысты. Рахман Алшанов еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, еліміздің дамуында өз еңбегін сіңіріп келе жатыр. Оны Қазақстандағы білім саласындағы «алғашқы менеджер» деуге болады. Рахман Алшанов Қазақстандағы ең ірі «Тұран» жеке меншік білім ордасын қалыптастырды. Бүгінгі таңда «Тұран» университеті еліміздегі сапалы білім берудің сатылық қағидаттарын қалыптастырған, алдыңғы қатарлы оқу орны.
Рахман Алшанов 1947 жылы 13 қыркүйекте Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Бірлік аулында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, мектепте мұғалім болып жұмыс істеп, сонан соң Шу қант заводында еңбек етті. 1969-1974 жылдары С. М. Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетінің саяси экономика бөліміне оқуға түсті. Үздік оқып қана қоймай, үлкен қоғамдық жұмыстармен айналысты. Студенттік құрылыс отрядтарын басқарды. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академиясыныңакадемигі.
1973-1984 жылдары комсомол комитетінің хатшысы, ҚазМУ-дың саяси экономика кафедрасының әрі ассистенті, аға оқытушы, доценті қызметтерін қатар алып жүрді. Жастар арасындағы және көптеген қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырушы болды. Құрмет грамоталарымен, «За освоение целинных и залежных земель» медалімен, ССР Қазақ Жоғары Кеңесінің Грамотасымен, «Ұлттар Достығы» орденімен марапатталды. Аудан, қала, облыс және Орталық комитет комсомолына сайланды, аудан кеңесінің депутаты және атқарушыкомитеттің мүшесі болды.«Мәдениет», «Білім және ғылым беру туралы» заңдардың жобасына, Еңбек және Салық кодекстерінің жобаларын талқылауға белсенді қатысты. Бірнеше экономикалық қоғамдық журналдардың редколегия мүшесі.ҚР еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері, КСРО-ның «Халықтар достығы» ордені, Қазақстанның «Парасат» ордені, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болған, Рахман Алшанов бірнеше қоғамдық Академия мен сайлау органдарының мүшесі, Ұлттық және халықаралық инженерлік Академияның, жаратылыстану ғылымдары Академиясының, Еуразиялық экономикалық Академияның, Халықаралық қоғамдық туризм Академиясының президенті, Білім және ғылым министрлігі коллегиясының, ҚР Үкімет жанындағы Республикалық Кеңестер мен комиссиялардың, инновациялық қордың жанындағы талдаукеңесінің мүшесі, сондай-ақ, ҚР премьер министрішілік Кеңестің экономика саласы бойынша кеңесшісі.
Рахман Алшанов ғылыми-педагогикалық жұмыстармен де белсенді айналысты. Ол 200-ден астам ғылыми және публицистикалық мақалалардың, бірнеше сараптамалық монографиялардың авторы. Ол 30 кандидаттық, 4 докторлық диссертацияның қорғалуына жетекшілік еткен. Солардың қатарында Маңғыстау облысының ғылым және білім саласының дамуына үлесін қосып, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде студенттерді білім нәрімен сусындатып, тәлім беріп жүрген,экономика ғылымдарының кандидаттары Джолдасбаева Г.У., Саймагамбетова Г.А., Кадырова Г.М.,ЖумуроваА.К. да бар.
Исақұлова Айша Тұқпатоллақызы, Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар
және инжиниринг университеті, «Менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы
ПІКІРЛЕР