Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі әлі шешілмеген

Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі әлі шешілмеген

«KazWaste» – Қазақстанның қалдықтарды басқару жөніндегі қауымдастығының ұйымдастыруымен Астанада IX Еуразиялық бизнес-форум GREEN ENERGY & WASTE RECYCLING (GEWR’25) өтті. Орталық Азиядағы тұрақты даму, «жасыл» энергетика және қалдықтарды қайта өңдеуге арналған басты іс-шараға халықаралық ұйымдардың басшылығындағы адамдар, белгілі сарапшылар, үкіметтің жауапты қызметкерлері қатысты.

Өкінішке қарай, Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі әлі шешілмеген. Мәселен, 2024-жылдың қорытындысы бойынша елімізде тұрмыстық қатты қалдықтардың (ТҚҚ) тек 25,8%-ы ғана қайта өңделген (жалпы көлемі – 4,8 млн тонна). Заңнамалық ілгерілеулерге қарамастан, қалдықтарды сұрыптау мемлекет бойынша барлық жерде енгізілмеген, халықтың жүйеге деген сенімі төмен, ал бизнес үшін бұл сала әлі де тиімсіз болып отыр.

GEWR’25 форумы аясында мынадай маңызды тақырыптар талқыланды:

  • Айналмалы экономика: тұрақты болашақ үшін қалдықтарға жаңа көзқарас;
  • Заманауи технологиялар: өзекті мәселелерді шешудегі рөлі;
  • Метан және биогаз: жасыл энергетиканың негізгі ресурстары;
  • Пластик және айналмалы экономика: қайта өңдеу жүйелерін жаңғырту және бизнеске арналған жаңа мүмкіндіктер;
  • Коммуналдық қалдықтар: жаңа Тұжырымдама, қолдау тетіктері және цифрлық шешімдер;
  • Өнеркәсіптік қалдықтар және айналмалы экономика: қалдықтарды циклге қалай қайта енгізуге болады?
  • ТҚҚ сұрыпталғаннан кейінгі қалдықтар: тиімді және экологиялық қауіпсіз кәдеге жарату тәсілдері;
  • Бизнес пен білім берудің серіктестігін дамыту: кадр – бәрін шешеді!

Сонымен қатар, экологиялық трансформацияны жай тренд емес, тұрақты дамудың бөлігі ретінде қабылдаған компаниялардың нақты мысалдары көрсетілді. Мәселен, Польшаның, Корея Республикасынан, Германиядан келген қалдықты қайта өндірісінің өкілдері өз өнеркәсіптерімен сырттай таныстырды. Олардың бұл салада да алға кеткенін көргенде, естігенде, өз еліміздегі жағдай еріксіз бас шайқатады.

Дамыған елдерде «жасыл» энергетика, қалдықтарды қайта өңдеу – экономикада орны бар салаларға айналғалы қашан. Германия, Ұлыбритания, Норвегия, Нидерланды, қайсысын алмаңыз, бұл бағыттағы жетістітері аз емес. Дегенмен Еуропадағы бүкіл ел дамып кетті дей алмаймыз. Мысалы, Эстониядағы қалдықтардың үлкен бөлігі шет мемлекеттерге кетеді екен, яғни өз елі қайта өңдей алмай отыр.

Алдағы уақытта тек Экология және табиғи ресурстар министрлігі ғана емес, Оқу-­ағарту, Ғылым және жоғары білім және басқа да министрліктер белсенді қатысқаны жарасар еді. Себебі, жоғарыдағы тақырыптар тұтастай қоғаммен сабақтасып жатыр.

 Қ. Нұрғали

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0