Қалай дегенмен Иран қарымта соққы берді. Мұның алдында Кек Туы қаза құны өтелмей сол орында тұратынын жариялаған болатын. Ендігі кезек АҚШ-та. Бұл екі ел бұрыннан қырғи-қабақ. Осыдан бірнеше жыл бұрын да соғысып қала жаздады. Бірақ, бұл жолғы бөлек…
Себебі, соғысқа жол ресми ашылды, яғни, былтыр АҚШ Иранның Ислам төңкерісі күзетшілерінің Корпусын террористік ұйым деп жариялаған еді. Иран да АҚШ әскерін террорист деп бекітті. Пентагонмен қоса. Демек, Иранның кешегі өлтірілген генерал-майоры АҚШ үшін террорист. Соның кегі ретінде Иранның да АҚШ әскери базаларын бомбалауы, алдыңғысы үшін “террористен” кек қайтару.
Алдында Иран іштен шалуды ойлағандай. Иракты АҚШ-қа қарсы қою арқылы. Қ. Сүлейманидің Ирактың әскери қолбасшысымен кездесуі тегін болмаса керек. Генерал Қ. Сүлеймани осал адам емес. Ол Путиннің Сирияға Ресей әскерін кіргізуіне көзін жеткізген адам саналады. Ал, Сириядағы соғысқа араласу арқылы Ресей билігі өз ықпалын сақтағаны белгілі. Әзірге солай. Демек, АҚШ тарапы жеделдетпесек кеш қаламыз деп ойласа керек. Сондықтан өзі үшін де үлкен тәуекелді іске қойды да кетті…
АҚШ президенті Д. Трамп былтыр-ақ: “Егер Иран соғысқысы келсе, өз-өзінің түбіне жетеді. Бұдан былай Құрама Штаттарға байбалам салма” деген болатын. Иран да қайтар түрі жоқ. Осы елдің жоғарғы көшбасшысының кеңесшісі Әли Әкбар Уелаяти АҚШ аймақтан кетпесе «Екінші Вьетнамға тап болады» деп жіберді. Өз елі емес, аймақтағы өзгенің жерінен де Иран АҚШ әскерін көргісі келмейді.
АҚШ – әскери де №1 қуатты ел. Қорғанысқа бөлетін қаржысы Ирандыкынан 56 есе көп! Ұшақ саны 10 еседен аса артық. Танк төрт есе көп. Әскери-ғарыштық технологияларда да алда. Иранның жан-жағындағы кей елдерде АҚШ-тың шамамен 68 мыңдай әскері тұр делінеді. Экономикасы көптарапты. Валютасы да №1ді берер емес. Саяси жүйесі де орнықты ел. Тіпті бұл жағынан басқа елдерге үлгі тұстары аз емес. Бұл енді басқа әңгімеге өзек. Ал, Иран әскери қуаты бойынша аймақтық деңгейде де нөмірі бірінші емес (әрине, осалға да жатпайды). Саяси жүйесінің “бензинге” байланысты жағы басым… Оқта-текте осындай секілді соғыс жағдайында елін бір бағытқа жинап алады. Экономикасы мұнайға тәуелді. Валютасы 1 АҚШ долларына шаққанда былтыр 42мың риалды төңіректеп кетті. Қара рынокта тіпті бұдан бірнеше есе артық құнсызданды.
Әлбетте, Иран – Ирак не Ауғанстан емес. Бұл анық. Орта және жақын қашықтыққа ұшатын зымырандары, Жер серігі т.б. бар. Ресеймен де, Қытаймен де қарым-қатынасы әзірге түзу ел. Қолдаушысыз емес. Қытай да, Ресей де өз елдеріндегідей диктатураның әлемде тарылғанын қаламас. Иран мұнайынан бөліп қарағанда да…
Егер, АҚШ Иранды ядролық қаруға қол жеткізбей тұрып, “шаруаны” біржолата шешуді ойласа, соғыстан басқа қай жол бар?.. Эмбаргода жылдар бойы ұстады. Бірақ, Иран ядролық қаруға ұмтылысын тежемеді. Әлсін-әлсін көтеріп…
Беті әрмен, АҚШ-Иран соғысы бастала қалса, бұл аймақтық болуы екіталай. Тіпті аймақтық болғанының өзінде сілемі әлемдік болуы мүмкін…
Құрманғали Қалмахан, саясаттанушы
ПІКІРЛЕР