Биылғы жылдан бері елімізде іске қосылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу үшін біздің мемлекет елуден астам елдің медициналық сақтандыру үлгісін зерттеген. Әлем бойынша медицина саласы бюджеттік, сақтандыру және аралас жүйелер арқылы жүзеге асырылады. Бюджеттік үлгі 30-дан аса елде бар, көбіне Еуропада, ал әлеуметтік сақтандыру Шығыс Еуропа, Германия, Франция, Бельгия, Корея, Жапония, Словакияда. Жеке сақтандыруды көбіне АҚШ-та қолданады.
Қазақстан осы елдердің үздік тәжірибелерін зерделей келе, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізді. Тиімділігі дәлелденген бюджеттік және сақтандыру үлгілерін аралас түрде қолдану денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын, медициналық қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігін, аталған көмектің кең ауқымды пакетін қамтамасыз етеді. Бастысы сақтандыру медицинасы азаматтың тапқан табысына, ол үшін аударылған жарна көлеміне қарамастан медициналық көмектің барлық түрлерін алуына мүмкіндік береді. Яғни, жоспарлы стационарлық көмек те, дәрі-дәрмекпен қамту да, жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрлері мен оңалту да, диагностикалық-консультациялық көмек те, медбике күтімі мен паллиативтік көмек те осы жүйеге кіреді.
Маржан Иманғалиева, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ басқарма төрағасының кеңесшісі
ПІКІРЛЕР