Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңнамалық түзетулерді мақұлдады. Отырыс барысында депутаттар бюджетке қатысты бірқатар өзекті сұрақтарды көтерді. Атап айтқанда, сапасы сын көтермейтін жол құрылысына, оның уақытылы аяқталуына қатысты мәселелерге ерекше мән берді. Осы ретте Нұрлан Нығматулин:
– Жасыратыны жоқ, бәріміз қар түсіп кетсе де, жол жөндеп жатқанын жиі көріп жүрміз. Кейде бір жыл өтпей қайтадан ремонт жасап жатқанын да көреміз. Бұл ненің көрсеткіші? Біріншіден, сапалы конкурс өткізу үшін, сапалы компания табу үшін уақыт жетіспейді. Екіншіден, барлық жұмыстар асығыс жасалады. Әрине, одан кейін ешқандай сапасы да болмайды. Ал, бюджеттен қанша ақша кетіп жатыр. Өткен айда ол туралы Президент те айтты. Қазірде 140 млрд. Тағы берейін деп отырмыз, – деді
Сонымен қатар, Палата Спикері Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне осынша қаражат бөлгеннен кейін, нәтиже, яғни, сапалы жолдар болу керектігін айтты.
Республикалық бюджет туралы заңнамалық түзетулер бойынша қорытынды жасаған Нұрлан Нығматулин бюджет – еліміздің тұрақты дамуын, халқымыздың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етудің кепілі екенін алға тартып, бұл құжат әрқашанда Мәжіліс қарауындағы ең маңызды, ең жауапты заң жобалардың бірі екенін айтты.
– Бүгінгі бюджетте әдеттегідей әлеуметтік қолдауға, денсаулыққа, білім, еңбекпен қамту салаларына, және жол құрылысы, тағы басқа да маңызды бағыттарды жүзеге асыруға қосымша қаражаттар қаралды. Осының барлығы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бастамаларын, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сессияның ашылуында берген тапсырмаларын жүзеге асыруға ықпал етеді. Ендігі міндет – осы бөлінген қаражаттарды алға қойған мақсаттарға тиімді пайдалану. Әрине, бұл сұрақтар Мәжіліс депутаттарының да бақылауында болады, – деді.
Айта кету керек, аталған заң жобасы 2021-2025 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының нақтылануына байланысты әзірленіп, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына, Мемлекет Басшысының Жолдауына және коронавирустық инфекциямен күрес жөніндегі іс-шараларды іске асыруға бағытталған.
ҚР Парламенті Мәжілісінің Баспасөз қызметі
ПІКІРЛЕР