Жаңа басшымен соны белестер

Жаңа басшымен соны белестер

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – қазіргі таңда үлкен дамудың, елеулі өзгерістердің ортасына айналған еліміздегі шоқтығы биік білім ордасы.  Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр Әл-Фараби айтқандай: «Білімді болу деген сөздің мағынасы — белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу деген ұғым»-демек, Қазақ ұлттық университеті еліміздің білім ізденуде талпынған жас мамандарын бәсекеге қабілетті етіп әзірлеу барысында жан-жақты озық технология мен білім берудің жүйелі үрдісін жүргізіп келе жатқан ұлттық білімнің қара шаңырағы іспетті.

1934 жылы ірге тасы қаланған ұлттық университетіміз әлемдік білім беру жүйесінде өзіндік орнын қалыптастырып үлгеріп, қазіргі кезде ғылым мен инновацияның дамығанорталығына айналды. Жалпы даму бағыты халықаралық білім беру стандарты бойынша қабылданған университетіміз жоғарғы білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім кеңістігінде интеграциялауға, өндіріске енгізілетін іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған кең көлемдегі білім мен ғылымның, инновациялық және өндіруші негізге ие болып отыр.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Жансейіт Түймебаев жаңадан университет басшылығына келгелі ҚазҰУ қалашығындағы тыныс-тіпшіліктің жаңа бастамамен жаңару жұмыстары бірден көзге түсті. 2021-2022 оқу жылының басталуы пандемия мен карантинге қарамастан, белсенді жұмыстар қыза түсті: оқу үдерісі заманауи талаптарға сай жолға қойылып, ҚазҰУ-ды зерттеу университетіне трансформациялау жұмыстарын жасау жалғасуда.

Сонымен қатар, университеттің 16 жатақханасының 14-не күрделі жөндеу жүргізіліп, жеті факультет ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, білім алушыларды қабылдауға толықтай әзірлігімен технологиялық жабдықтау жүзеге асты. Тағы бір қуантарлық жағдай университеттің профессорлық-оқытушы құрамының еңбекақысының өсуін толықтай қолға алып, білім мен ғылым саласында жүрген қызметкерлердің еңбектері бағалануда.

Университет тарапынан білім алушылар мен оқытушы ғалымдардың, қызметкерлердің денсаулығын сақтау мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қатаң түрде сақтап қана қоймай, оқу ғимараттарында, жатақханаларда, кітапханада, университет кампуының барлық ғимараттарына кіру үшін QR кодтары орнатылған «Ashyq» жүйесі орнатылған. Сондай-ақ, студент жастардың спорттық өмірі мен оқытушы-профессорлар құрамының әлеуметтік жағдайын жақсарту, жас мамандарға көңіл бөлу жоспарларыда басшылық тарапынан қолға алынып жатқан бастамалар мен кешенді шараларға толы екенін көреміз.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап көрсеткендей, «қазіргі уақыттазаман талабына сай, университеттер адам капиталын қалыптастырудың субъектісі ретінде жаңғырту үдерістерінің және елдің инновациялық дамуының көш басында болуы тиіс». Осы бастамаға сәйкес, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің білім беру флагманы ретінде, жаңа буын университеті – «4.0 Университет» моделін жасады. Бұл модель «Al Farabi Unirversity Smart City» тұжырымдамасы бойынша жүзеге асырылуда. Бұл жоба шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби идеялары негізінде жоғары технологиялық және рухани-адамгершілік платформаларының символын құрайды. Кластерлік тұрғыдан кешенді құрылымдық модернизациялау және нәтижелерге негізделген басқару жүйелерін енгізу негізінде университеттің төрт маңызды миссиясын тиімді түрде жүзеге асыруға ықпал етті. Бұл – сапалы білім беруді, терең ғылыми-зерттеулер жүргізуді, жаңа инновацияларды өндіріске енгізуді және жоғары білімді-білікті мамандарды елін, адамзатты сүйген тұлғалар ретінде рухани-адамгершілік тәрбие арқылы қалыптастыруды  көздейді.

Сондай-ақ, академиялық статистикалық көрсеткіштерді талдау мен сарапшыларды бағалау және жұмыс берушілерге сауалнама жүргізу негізінде жасалған еліміздегі ЖОО-ы арасынан ең жоғары көрсеткіштермен ҚазҰУ көш бастап тұр. Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің 2021 жылғы үздік көпсалалы жоғары оқу орындары арасынан қазақ ұлттық университетінің қай саладан болмасын озық білім беру ордасы екенін тағы бір дәлелдеді.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айындағы көрсеткіш бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ QS WUR рейтингінде топ-200-ге кіріп, әлемнің үздік университеттері арасында кезекті рет көшбасшылық позициясын танытып, халықаралық академиялық сарапшылардың да, отандық жұмыс берушілердің де жоғары бағасын алған қазақстандық жалғыз жоғары оқу орны болып отыр. Мндай көрсеткішке жету де жан-жақты білім беру мен ғылымды дамытудың сара жолына түсіп, аянбай еңбек етудің жемісі.ҚазҰУ пандемияның әсеріне қарамастан QS by Subject рейтингінде 11 пәндік сала бойынша өз позициясын жақсартып, жаңа жолға қойды. Және де, ҚазҰУ өте жоғары бағаға ие болып, «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» басымдық белгісін иеленген Орталық Азиядағы алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны атанды.

Университетің заң факультеті ең күрделі ғылыми-тәжірибелік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін жақсы ғылыми әлеуеті бар ірі кешендердің бірі саналады. Факультетте бір ҚР ҰҒА академигі, 30 докторлар мен профессорлар, 80-нен аса ғылым кандидаттары, доценттер, сонымен қатар ҚР Парламенті, ҚР Үкіметі, ҚР Президерті Әкімшілікгі, ҚР Жоғары Соты, Құқық қорғау органдары мен ғылым Академиясынан жоғары тәжірибелі мамандар жұмыс жасап, болашақ заңгерлерді даярлауда. Профессор-оқытушылардың басым көпшілігі шет тілдерін меңгерген, АҚШ, Еуропа, Туркия және өзге де мемлекеттерде тағылымдамадан өтіп келген.Заң факультеті мемлекет пен құқықтың өзекті мәселелері бойынша республикалық және халықаралық конференциялардың, сондай-ақ Қазақстан студенттері арасында жыл сайынғы республикалық құқықтық олимпиаданың тұрақты ұйымдастырушы болып табылады. Факультет құрамында ғылыми және оқу әдебиеттінің бай қоры, соның ішінде мұрағат материалдары бар кітапхана жұмыс жасайды. Студенттер арнайы мамандырылған, сонымен қатар магистранттар мен докторанттарға арналған оқу залдарында сабақтарына дайындалады, қазіргі заман талабына сай компьютерлік техникамен жабдықталған компьютерлік сыныптар, «Интернет Залдары» бар.

Заң факультетінде Қазақстан СОРОС қорының қолдауымен Студенттік заң клиникасы жұмыс жасауда және үздік студенттер халыққа заң кеңесін беру арқылы табысты жұмыс жүргізіп отыр. Заң факультетінде студенттердің білім алуы мен қатар, ғылыми жобалар да қолға алынып, әр түрлі үйірмелер жұмыс жасау арқылы білім мен тәрбие қатар берілуде. Сонымен қатар, біітруші түлектерді жұмыспен қамту көрсеткіші де жоғары бағалауға лайық деңгейді көрсетті.

Қорытындылай келе, қазақстандық білім беру саласының үздік университеті ҚазҰУ-дың алар асуы мен бағындырар белестеріне әлі де куә болып, сол жетістіктерді жасауға бірге атсалысып, бәсекеге қабілетті жас мамандар даярлауға өз үлесімізді қосамыз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, С.К. Атаханова Заң факультеті, Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасы, з.ғ.к., профессор, А.Е. Жатканбаева, Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.д., профессор, К.Т. Райымбергенова 2-курс докторанты 

 Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0