Астық нарығындағы жағдай қазір өте қиын…

Астық нарығындағы жағдай қазір өте қиын…

Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы саласының стратегиялық орны тіпті зор. Соған сәйкес, Астанада «Eurasian agricom» халықаралық конференциясы өтті. Маңызды тақырыптар қозғалды. Өзекті мәселелер көтерілді. Егіс даласы, егіндік жайы, алынатын өнім, мұны сату кезіндегі кедергілер т.б. сөз болды.

Әдетте, қарапайым халық үшін бағаның арзандауы құлаққа жағымды естілетіні бар. Десек те, мұның да экономикалық шегі бар. Егер, асып кетсе, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне зиян тигізіп, қымбат бағаға да сол затты табу мұң болуы мүмкін немесе сырт елге тәуелді етіп қояды. Сондықтан нарықтық тепе­теңдік, экономикалық заңдылықтар жәй сөз емес, күнделікті өмірмен сабақтасып жатыр. Әрине, «Барында батып іш, жоғында сатып іш» дегенді құптаған да елміз…

Осы орайда, 87 компанияның үнін бір жерден шығарып отырған алқалы ұйым – Қазақстан астық одағының ресми өкілі Қазыбек Омаровпен сұхбаттасудың сәті түсіп еді…

Қазіргі астық нарығындағы негізгі мәселелер қандай? Жағдайы нешік?

– Жағдай қазір өте қиын. Апта сайын бағалар төмен түсіп жатыр. Оның үстіне вагондар мен локомотивтер жетіспеушілігі бар. Тиелген вагондардың айналымы азаюда. Бұрын тауарды 5-6 күнде жеткізсек, енді он күн не екі апта уақыт алады. Бір вагон қайта айналып келгенше, ай өтеді.

Мысалы, қай елге?

– Мәселен, Өзбекстанға. Негізгі нарығымыз сол ел ғой.

Бұл вагон жалдау бағасының қымбаттауына әкелді. Былтыр осы уақытта Ақмола облысынан Өзбекстанға дейінгі вагонды жалға алу құны 680-700 мың тг тұратын. Енді 1,2-1,3 млн теңгеге дейін өстті. Екі еседей қымбаттады.

Осы шығындардың салмағы шаруа қожалықтарының қалтасына түседі.

Қазақстандағы астық нарығына Ресей­-Украина соғысы қалай әсер етуде?

– 2022-жылы Ресейдегі астық түсімінде рекорд болды. 104 млн тонна астық жинады. Тек бидайдың өзі. Алдыңғы жылы 76 миллион т алған еді. 2017ж. 87 миллион тонна жинаған болатын.

Ресейге санкция салынған, білесіздер. Соған байланысты алыс шетелге сатуы қиындады. Олардың банктерімен жұмыс істеу күрделенді. Сондықтан ресейлік астықты алуға адамдар құштар емес. Соғыс болмағанның өзінде, осындай рекордтық өнімді сату қиын. Сондықтан бұл жағдай бізге де әсер етеді.

Ресей экспорттық квота қойды. 25 млн тонна көлеміне. Дегенмен бұл шектеу Еуразиялық экономикалық одаққа әсер етпейді. Ал, Қазақстан сол одақта, яғни, ресейлік астық біздің нарыққа ағылуда. Ағып жатқан өзенге тосқауыл қою қиын ғой: бір жолын жапсаң, басқа жағынан саға табады. Сол сияқты астық экспортына тосқауыл қойып еді, кедергісі жоқ жер – экономикалық одаққа қарай бұрылды. Сәйкесінше, біздегі баға да түсіп кетті.

– Бізде қазір неше пайызға түсті?

– Өткен айдың ортасында, бидай 112-115 тг (1 кг) еді. Қазір 90 теңге. Сапалы дегені сол бағада.

– Негізгі себеп соғыс па, әлде көрші елдегі астық түсімінің мол болуы ма?   

Еуразиялық экономикалық одақтамыз дегенімізбен біздің пікірмен ешкім санасып жатқан жоқ.

Олай болса, Қазақстан да Ресей нарығына неге солай ұмтылмайды?

– Бұл үшін сол елмен келісу керек қой…

– Қазақстанның дәстүрлі нарығына айналған Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б. елдерден айрылмау үшін, нарықтық тетіктер жеткілікті емес пе?.. 

– Нарықтық тетіктер арқылы реттей алады ғой. Реттеп те жатыр.

– Қазақстан бидайы банкротқа ұшырамас үшін неше теңгеден төмендемеуі тиіс?.. Орташа өзіндік құны неше теңге?

– Әр заттың өзіндік құны бар ғой. Ал, бидай бағасы әр облыста әртүрлі. Солтүстік өңірлер бойынша орташа баға – 85-87 теңге. Кей жерде 95-100 не 80 теңгеден келеді. Бірақ, жыл сайын өзіндік құны өсуде. Неге? Утильалым дегенді білесіз. Ауыл шаруашылығы техникасына 2021ж. бастап, утильалым қойды. Комбайндар бағасы бірден 15-20 миллион теңгеге қымбаттап кетті. Бір данаға. Осыдан бес жыл бұрын 40 миллион тг тұратын комбайн, қазір 120 млн тг тұрады.

– Сол сападағы комбайн ба? 

– Иә, сол комбайн. Себебі, Еуразиялық экономикалық одақ деп, Еуропадан, Канададан, АҚШ-­тан келетін комбайндарға баж салығын іліп қойдық. Ресей мен Беларусь техникасын алуымыз керек…   Сонда да әкеліп жатты. Содан: «Мә, саған» деп, утильалым қойды.

Президент еңбек өнімін арттыруды тапсырады. Бұл дегеніңіз өнімділікті арттыратын техника алу керек дегенді білдіреді. Канада, АҚШ және Еуропаның тұқым себетін, егін жинайтын техникалары жанармайды аздау жейді, әрі жұмысы өнімді. Мысалы, Ресей комбайнымен 100 гектарды екі күн орса, америкалық техникамен бір күнде орып тастауға болады. Уақытында егіп, кешікпей орып алсаң – жақсы өнім аласың. Билік бір қолымен еңбек өнімділігін арттыруға шақырады да, екінші қолымен, сапалы техника әкелушіге баж салығын салады не утильалым алады.

«Қазақстан», «Хабар24», КТК т.б. телеарналарға, республикалық сайттарға айтудай­-ақ айтудамыз. Олар өздеріне керегін алып шығарады. Маңызды жерлері қалып қойып жатады. «Атамекенге» де шырылдап айтудамыз.

– Утильалым пайызының көлемі қандай?

– Бір комбайнға 15-20 млн теңге қосылады.

Еуразиялық экономикалық одақтан тыс келетін комбайнға…

– Иә. Соған да қарамастан әкелудеміз. Қалай дегенмен, Ресей, Беларусь техникаларынан әлдеқайда артық қой. Содан 2022ж. бастап, импортталатын ауыл шаруашылығы техникаларына қосымша құн салығын салатын қылды. Тағы 12% қосылды. Сондағы мақсаты – Ресей өндірісін қолдау. Мұның үстіне табиғи газ қымбаттады. Бұл минералды тыңайтқыштар бағасының 2,5 есеге қымбаттауына әкелді. Ал, мемлекеттің тыңайтқыш үшін беретін субсидиясы өскен жоқ.

Осының барлығы бидайдың өзіндік құнына әсер етпегенде қайда барады?..

Ауыл шаруашылығы министрлігіне утильалым туралы айтсаңыз, жаңа техника алғанға субсидия береміз ғой дейді.

– Жаңа техника алғанға неше теңге көлемінде субсидия береді?

– Утильалымға неше теңге төлейсің, тура сондай береді. Бірақ, утильалымға қатысы жоқ. Ал, есептеп көрсеңіз, сонымен бірдей. Бюджеттен шаруа қожалығына беріледі. Сосын қожалық утильалым компаниясына төлейді… Шаруаға субсидиядан келетін пайда жоқ.

– Қазақстанға өткен жылы Ресейден неше тонна бидай импортталды?

– Былтыр 2 миллион тоннадай кірді. Таза бидай. Биылғы көлемі 3 млн деп болжаудамыз.

– Бұл үш миллион тонна неге айналады?

– Үш миллион ұнға айналсын, жем болып шықсын – айырмашылығы жоқ. Бұл – біздің шаруа қожалығы сата алмаған үш миллион. 15 миллион тонна бидай сатсақ, бұл соның 20%-ы. Бағаны сондай пайызға құлдыратады. Әрі шаруа қожалығы аздау пайда тапты дегенді білдіреді. Мемлекет соны ойлауы қажет.

 Мен кәсіпкермін. Егер, осы салада пайда болмаса, басқа салаға кетіп қаламын. Мысалы, құрылыс, ресторан бизнесімен айналысуым мүмкін. Сондықтан ауыл шаруашылығы шаруа қожалықтарына табыс әкелмесе, кәсібін тастап кетеді. Жерін, техникасын сатады. Сол кезде Ресейге тәуелді болып қаламыз. Азық-түлік қауіпсіздігі төмендейді. Ресейден бидай, ұн, одан қалды жем сатып алатын боламыз. Себебі, мемлекет шаруа қожалықтарын қолдаудың орнына, үсті-үстіне төпелеп жатыр.

Ресей не басқа елдердегі болсын, ауыл шаруашылығы саласы, субсидиямен отыр. Олардың бәсекелес болуы сол субсидияның арқасы. Қай ел көбірек қолдаса, сол мемлекеттің ауыл шаруашылығы бәсекеге шыдамды. Ресейдегі субсидия көлемі Қазақстаннан екі есе көп. Беларусь субсидиясы 2,5 есе көп.

Үкімет: бидайды, ұнды қымбаттатпа, – дейді. Олар неге алдымен электр энергиясы бағасын арзандатуды айтпайды? Бензин, солярка, тыңайтқыш бағасын арзандат деп неге тапсырма бермейді?

Шемішкіге экспорттық баж салығын қойды. Бірақ, шемішкі майға қойған жоқ. Енді шемішкі өсіретін шаруа қожалығы сыртқа сатайын десе, трейдер – мен, баж салығы 100 еуро, сондықтан сол соманы алып тастайтынымды айтамын. Амал жоқ, олар ішкі нарықтағы май шығаратын зауыттарға сатады. Демек, мемлекет май шығару кәсібіне көмектесті. Дегенмен бұл көмек кімнің есебінен жүзеге асты? Шаруа қожалығы есебінен…

Ресей өз нарығын қорғайды. Еуразиялық экономикалық одақ десеңіз де, сертификат бермейді.

 Мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан: Қ. Нұрғали

 Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0