Қызылорданы қызу өзгерістер күтіп тұр…

Қызылорданы қызу өзгерістер күтіп тұр…

Қызылорданы қызу өзгерістер күтіп тұр. Биылдың өзінде облыста мемлекеттік бағдарламалар аясында ондаған әлеуметтік нысан салынбақ. Ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, балалар демалысы т.б. сан-алуан тіршілікті қыздырып жатқанға ұқсайды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтегі әңгімесінен естідік. Сонымен Сыр өңірін не күтіп тұр? Ал, кеттік…

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 36,4 млрд. теңге», – деді аймақ басшысы.

Мұнан бөлек, облыс орталығында 200 төсектік перинаталдық орталық салынады. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы
3 жылда облыста 15 100 орынға арналған, құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектеп бой көтермек. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады.

Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде аймақтың өзекті мәселелері көтерілген еді. Сол жолы Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатын салу «Білімді қолдау қоры» қаражаты есебінен қаржыландырылатын болып шешім тапты, бүгінде құрылыс басталды. Жобаның жалпы құны – 7,9 млрд. теңге.

Үкімет басшысының алдында көтерілген тағы бір мәселе – сол жағалаудағы көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Жергілікті бюджет есебінен жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Жоба құны 6,9 млрд.теңге, құрылысы биыл басталады.

Аталған тізімге облыс бойынша 1 775 орынға арналған
4 мектептің қосымша құрылысы енгізілді. Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылдары аяқталады.

Айта кетейік, өңірде өзге де әлеуметтік нысандар салынуда. Атап айтқанда, құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын «Неке сарайы» тамыз айында пайдалануға берілмек. Жалпы құны 3,7 млрд. теңге болатын 1000 орындық «Өнер орталығы» желтоқсан айында, ал, сол жағалаудағы құны 2,7 млрд. теңгені құрайтын «Қан орталығы» 2024 жылы іске қосылады.

 БАЛАЛАР ДЕМАЛЫСЫ БАРЫНША ТИІМДІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ

Денсаулық сақтау саласында даму динамикасы байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 12%-ға азайған. Ана өлімі 48%-ға, сәбилер өлімі 44%-ға, жарақат, жазатайым оқиғалардан және уланудан болатын өлім-жітім 41%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім 33%-ға төмендеген.

Кеше ғана аяқталған кезекті оқу жылында облыс мектептерінің 179 869 (мемлекеттік – 172625,  жеке -7244)  оқушысы жазғы демалысқа шықты. Оның 8210-ы биыл мектеп бітірді.  Түлектердің 7421-і(90,4) Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген.

Жылдағы дәстүр ізімен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға ерекше назар аударылды Осы жылы жергілікті бюджет есебінен аймақтағы 10 лагерьде (7-мемлекеттік, 3 жеке) 8 мыңнан астам баланың демалысы ұйымдастырылды. Демеушілердің қолдауымен 3000 бала еліміздің алдыңғы қатарлы лагерьлерінде тынығады. Бұдан бөлек, 96 мың бала мектеп жанындағы күндізгі лагерьлерге барады.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА СУДЫ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ КЕШЕНДІ ТҮРДЕ ЕНГІЗІЛУДЕ

«Бүгінде Қызылорда облысында 265,3 мың гектар суармалы жер болса, оның 178,6 мың гектары – инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егістік. Биыл су тапшылығына қарамастан егіс алқабын 7 мың гектарға ұлғайтып, жалпы 196 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді». Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.

«Әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру үшін малазықтық дақылдар көлемін 2300 гектарға, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын 222 гектарға, негізгі дақыл – күріштің көлемін 5400 гектарға ұлғайттық. Әлеуметтік маңызы бар дақылдарды егіп, жинап алуға ынталы тұрғындар үшін өткен жылы арнайы жер телімдері бөлінді. Осы игі бастама биыл да жалғасып, қала мен аудандарда 3 мың гектардан астам жер берілді. Қазір 5488 отбасына жер телімдері беріліп, аяқ су жүргізілді. Оның нәтижесінде тұрғындар өздерін қажетті өнімдермен қамтамасыз ете алады», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, биыл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және  Сыр диқандарын мемлекеттік қолдау үшін «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясымен» бірлесіп, күздегі күріш өнімін форвардтық сатып алу жұмыстары қолға алынды. Бүгінде 6000 тонна ақ күрішті сатып алуға 1,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, облыстың 4 шаруашылығы «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-дан келісім-шарт арқылы қаржы алды. Оны көктемгі дала жұмыстарына қажетті тыңайтқыш, жанармай, гербицидтер сатып алуға жұмсады.

Украина ғалымдарымен бірлесіп, өңірде демонстрациялық алаң ашылуда. Оның негізгі мақсаты – су тапшылығына орай жаңбырлатып, тамшылатып суару әдістерімен әртараптандыру бағытындағы соя, күнбағыс, жүгері, бидай дақылдарының және күріштің бірнеше сортын тәжірибе ретінде енгізу.

Мұнан бөлек, Үкімет қолдауымен өткен жылы «Көкарал» бөгетін сақтау жобасын бастауға республикалық бюджеттен 500 млн. теңге қаралса, биыл 1,9 млрд. теңге бөлу көзделуде. Жоба 2024 жылы аяқталады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінде мақсатына сай пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, оны қайта айналымға қосу жұмыстары қарқынды жүруде. Былтыр 157 мың гектар жер қайтарылды, биыл 200 мың гектардан астам жерді қайтару жоспарланған.

СЫР ӨҢІРІНДЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 19 МЫҢ ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

Сыр өңіріндегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндеттеріміздің бірі. Президенттің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес былтыр өңірде 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 263 пайызға орындалды. Осының нәтижесінде, жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз, жастар арасындағы жұмыссыздық 4 пайызға төмендеді», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында «Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы»  бекітіліп, көрсеткішті 4,8 пайызға дейін төмендету көзделген.

«Бүгінгі күнге Өңірлік картадағы жоспардың 43,3 пайызға орындалуына қол жеткіздік, яғни 19 мың жұмыс орны құрылды. Оның ішінде тұрақтысы – 6952 немесе 36,6%, уақытшасы – 12055 немесе 63,4%, 16 мыңға жуығы – жаңа жұмыс орындары», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0