Астана – стратегиялық қызметін атқарған қала

Астана – стратегиялық қызметін атқарған қала

Өткен ғасырдың 90жж. орта тұсына таяу астана ауысады деген әңгіме ел ішінде, соқпа жел секілді, әлсін-әлсін қозғалып қоятын. Баламыз ғой. Аса бір мән бермесек те, сәл елең етерліктей еді. Бір себебі, бәлкім, марқұм әкемнің отбасы болып сарыарқа жеріне көшуді қозғауында жатса керек.

Жылдар өтті. Қала кеңейді. Тұрғындар саны бірнеше есе өсті. Қазақстанның саяси ғана емес, әлеуметтік және экономикалық өмірінде зор өзіндік орны бар қалаға айналды.

«Солтүстік» синдромын азайтты…

 Әлі күнге дейін Ресей Қазақстанның солтүстігінен дәмелі. Оң жамбасқа түссе, от тұта салудан кетәрі емес. Орыс билігі, мұның ішінде Мемдума депутаттары да, империялық-шовинистік идеология ауруына ұшыраған Ресейдегі, Қазақстандағы қатардағы орыстар да ашық айтатынын ел біледі. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында, басқа-басқа, М. Горбачев те солтүстіктегі бес облыс Ресейдікі деп, соңы шу болған. Анау А. Солженицынның «Как нам обустроить Россию?» деген көлемді мақаласы да шыққан еді. Сол өткен ғасырдың 90жж. ғой. Сонда қазақ елінің жері шығыстан тартып, оңтүстікпен өтіп, Каспий теңізіне дейінгі территория ғана деді. Оның сызған «картасында» Астана жоқ. Бұл аумақты Ресейге «қосып» қойған. Осындай от тақырыптардың бетін қайтаруда, Астана өзінің саяси қызметін атқара алды.

Бірер мысал. КСРО кезінде, Целиноград болып тұрғанда, былайғы ортада «хрущевка» деп аталатын, бесқабатты үйлердің бірінші және бесінші қабатындағы пәтерлер, әдетте, қазақтарға берілгенін айтқан еді. Осы қаланың байырғы тұрғыны. Жанарында: Қазір сендер бозда жүрсіңдер деген сөздер тұрды. Осы қаланың сірнікті тұрғыны, яғни, балалық шағы осында өткен тағы бір қазақтың да айтқаны бар. Оқушы кезі. Орыс әдебиеті пінінен «5» алу үшін неше ұмтылады ғой. Содан мұғалім оған: Сен не, Пушкиннен артықсың ба? – деп бағасын кемітіп қойған көрінеді. Қазіргі астаналықтар үшін бұл аңыз сияқты көрінер, бәлкім. Менмұндалаған мұндай мысал аз емес-ау…

1997ж. астана Алматыдан Ақмолаға салтанатты түрде көшірілгенде, қала тұрғыны 275 мыңдай болған. Мұның шамамен 40%-ы орыстар. Сөйткен астаналықтар саны биыл мамырда 1 371 309 адамға жетті. Мұның 75%-дан астамы қазақтар. Осылайша, бүгінгі күні қазағы басым солтүстіктің іргелі бір қаласына айналды. Ұлт арасына сына қағу ойымызда жоқ, Десек те, «Солтүстік» синдромымен ауыратын, ниеті арамдар, бүгінгі Астана елорда болмағанында, ширек ғасыр ішінде бұл жерге қандай да бір лаң не от салмасына кепіл жоқ еді. Мәселен, Петропавлдан әлсін-әлсін жікшіл пиғылдағылар бой көтере беруіне қарағанда, осындай ой еріксіз қылаң береді.

Әлеуметтік өмірді әлдендіріп, экономикаға қан құйып жатқан қала…

 Ілгеріде, Астана – құдық, қаржыны жұтқан сайын жұтуда деген сарындағы сөздер аз айтылмайтын. Сөйткен қала қазірде донорға айналды. Бір емес бірнеше жылдан бері. Елімізде, бар болғаны, төрт қана донор өңір бар: Атырау, Маңғыстау облыстары және Астана мен Алматы. Қалғандары – дотацияда отыр. Республикалық бюджет туралы Заңға сәйкес, Астананың донор ақшасы – 38,5 млрд. теңге. Бұл республикалық донор қаржының шамамен 8%-ы. Мемлекеттік шеңберде алсақ, алып бара жатқан үлкен сома да, айтарлықтай үлес те емес, әрине. Дегенмен тоғыз жолдың торабына орналасқан, мұнайы да, өндіріс ошақтары да бар облыстар бар ғой. Қол жайып отырғандай күйдегі. Солармен салыстырғанда, жетістік…

Еліміздің жалпы сыртқы сауда айналымындағы үлесі де орасан. 2021 ж. 12% болды немесе 12 млрд. АҚШ долларын төңіректеді. Егер, шарты түрде мемлекет деп алсақ, бір сауда көлемінің өзі Тәжікстан, Қырғызстан экономикасынан үлкен. Бірақ, соңғы жылдардағы экономикалық ахуал бұл қаланы да айналып өтпеді. Себебі, $12 миллиардтық межеге 2012ж. жетіп қойған еді…

Астана шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны бойынша да кеуде кере алады. Республика бойынша үштікте келеді. Құрғақ сөз емес, төмендегі диаграммада 2011-2021жж. көрсеткіші берілген. Соған салсақ, он жылда екі еседен аса артқан.

Screenshot_20230616-230625_Word.jpg

2011-2021жж. көрсеткіш

Астана – еліміздегі әлеуметтік өмірдің анау-мынауын білдірмей тұрған қала. Алматы екеуі.  Облыстар денінің жыртығын жамап тұр. Аталған екі қала болмаса, жүздеген мың қазақстандықтар жәй жұмыс үшін сырт елдерге босып кететіндей көрініс шығар еді. Астанада «тегін» тұруға болатын көптеген қызметтер, жұмыс түрлері, оңтүстік өңірлерде тіпті мүмкін емес дерлік жағдайда. Тамыр-­таныссыз, парасыз жұмысқа тұру қиын екенін ел-­жұрт біледі. Сондықтан да кей адамдар амал жоқ, Астана жағалап келіп жатыр. Қала әкімінің сөзінше, қала тұрғындарының саны жыл сайын 60-70 мың адамға артып отыр. Мұның сыртында маусымдық жұмыс істеп, үйіне нәпақа тауып кететіндер де бар.

Бұл қалада 600 мыңнан аса адам жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардың шамамен 50%-ы. Тәуір көрсеткіш. Экономикалық белсенді қала. Орташа жалақы бойынша да қамшы салдырмай тұрған өңірлердің бірі. Осыған сай республика бойынша бестікті ұсындық. Астана биылғы I­-тоқсан бойынша, 20 өңірдің ішінде (облыстар мен республикалық маңыздағы қалалар) төртінші орында тұр: Атырау, Маңғыстау, Ұлытау облыстарынан кейін. Айлық орташа жалақы көлемі – 432 197 тг. Бесінші тұрған – Алматы.

Screenshot_20230616-230642_Word.jpg

Демек, Астана саяси ғана емес, әлеуметтік-экономикалық өмірде де өзіндік қызметін атқарды. Неге «Атқарды» деп тәмам сөздей жаздым? Сыры төменде…

Астана назы…

 Әр қала белгілі бір мақсаттарға негізделіп, сондай-ақ, экономикалық басымдығына сүйене салынады не дамиды. Осы жылдар ішінде Астана саяси стратегиялық қызметін атқарған секілді. Еліміздің әкімшілік орталығы деген ресми ұғымнан асып кеткені қашан. Дегенмен донор не басқа екен деп бұл қалаға жөнсіз міне берудің ендігі қажеті жоқ-ау. Ауыртпалығын тартуымыз мүмкін. Таяуда ғана су жетіспеушілігі байқалып, қайта-қайта сөндірілуі – қаланың сыр беруі секілді көрінді. Бар болғаны, үш жылдың ішінде 200 мың тұрғынға артқан екен. Орташа  бір қала саны ғой. Мұның үстіне шенеуніктер де шабан қимылдаған… Соған сәйкес, екі жаңа нысан –  сорғы станциясы мен су құбыры осы айда пайдалануға берілгенде, қаланы күніне қосымша 85 мың м³ сумен қамтамасыз етеді. Қуантарлық жаңалық. Бірақ, мұның өзі 3-4 жылға ғана жетеді екен. Желдей есіп, сол уақыт өткенде не болады?.. Бірнеше күн суды үзіп беруі, тұрғындардың ретті ашуын тудырды. Жүзмыңдаған адамның су іздеп босып кетуін елестетіп көріңіздер… Сонымен қатар, Астананы, тиісінше, ауыз сумен қамти алмауы сырт көзге оғаш көрінгені тағы бар. Мұны бір дейік. Екіншіден, шетелдіктер Астанаға кіргеннен бастап, қазақ елінің астанасы екендігі менмұндалап тұруы тиіс қой. Жылдар алдын ресейлік шовинист, Мемдума депутаты К. Затуллин елордаға келгенде, әуежайдан бастап, орыс тілінде жазылып тұрғанын, әрі соны құптайтынын шімірікпей айтып, Украинаны мысал еткен. Есіктен кіріп, төрдегінің сөзін айтуға жол бергеніміз жөн емес еді. Сырт елден келгендерге ел астанасынан мемлекет құрушы ұлттың бітім-болмысы, қадір-қасиеті байқалмаса, бұл өзіміздің кемшілік. Осы жағы да күшейсе екен. Үшінші. Азық-түлік қауіпсіздігі жете мән беруді керек етеді. Алдыңғы жылы Астанада ит арқасы қияндағы Египеттен картоп әкеліп, сатып жатты. Бұл басқа-басқа елорда өңірі үшін ұят көрініс болуы тиіс еді. Меніңше, картоп, сәбіз, қызанақ, қияр, болгар бұрышы, қырыққабат, баклажан т.с.с. бақша дақылдарымен қатар, сүт өнімдерімен астана өзін-өзі қамтамасыз етуге әлеуеті жетеді. Бұл үшін радиусы 40-50 шақырымға дейінгі аумақта азық-түлік белдеуін жасау қажет. Қамшыласа, мүмкіндік берсе, шаруашылықпен айналысатындар табылады деп ойлаймын. Қазірде қала маңында жылыжай саны артуда. Бұл да бітіп жатқан оң іс. Әрі құрылыс көпшілігінің күнкөрісіне айналған қалада, болашақта бұл сала бәсеңдегенде, қаншама астаналықтардың табыс көзі болады. Әлеуметтік шиеленістің алдын алуға септеседі. Әйтпегенде, ертеңгі күні қарайған адамның барлығына жұмысты қайдан тауып береді? Төртіншіден, астананың энергетикалық қауіпсіздігін де ойлау қажет. Астаналықтардың электроплитаға сүйеніп өмір сүріп жатқаны жөн деу қиын. Себебі, электр қуаты үзілсе, ыстық-салқын су сөнумен, қыста жылу кетумен қоймай, плитаңыз да соңынан еріп, бір-ақ сәтте жәй темір-терсек болып қалады. Құдай сақтасын, қалада үлкен апатты жағдай болса, 1,3 млн тұрғынды қайтпек? Көпқабатты үйлердің жүзмыңдаған тұрғындары бір уақытта тентіреп кетпеуі үшін, осы кезден баламалы қуат көздерімен қаланың энергетикалық қауіпсіздігін бекіте беру керек. Бұған табиғи газбен қаланы қамтамасыз ету де кіреді. Былтыр мұзда қалған Екібастұзды көрдіңіздер ғой. Астананың одан бірнеше есе үлкен қала екенін ұмытпайық. Бесінші қозғамақ ой. Елордаға жыл сайын басқа өңірлерден қоныс аударушыларға көлемді әлеуметтік зерттеу жүргізген жөн. Олардың келу себептерін жіктеу керек. Ішкі миграциялық тасқынның бірі әлі күнге елордаға бағытталып тұрғаны ендігі Астананы ойлантқаны абзал.  Қала қандай экономикалық басымдығына сүйеніп өмір сүріп жатыр? Экономикада абсолюттік басымдық деген бар. Астана сондай басымдығына сүйене кеңейіп жатыр ма, әлде, басқаға ма?.. Бюджеттік қызметкерлер (мұғалімдер, медқызметкерлер, полиция т.б.) саны мен қаладағы жеке салаларда, өндірісте т.б. жұмыс істеп жатқан адамдармен балансын қарау қажет. Бұл үшін әлемдегі агломерациясы қалыптасқан, дамыған қалалардың тыныс-­тіршілігіне назар аударған дұрыс болар. Әдеттегі қала стандартына сәйкес дамып бара ма, жоқ па? Егер, бюджеттік қызметкерлер саны тым артық болып кетсе, шешу жолдарына осы кезден кіріскен жөн. Соған сәйкес, Астананың әлеуметтік-экономикалық саласына кешенді талдау жасау қажет. Бұған топырлаған зерттеу орталықтарын, экономикалық институттарды пайдалануға болады. Солардан артылмайтын жұмыс. Егер, науқанға салмаса… Басқаша жағдайда, кей моноқалалардағы дағдарыс Астанаға жетіп келуі әбден мүмкін. Алтыншы. Астананың этикасы, моральдық деңгейі басқа өңірлерге үлгі болатындай деңгейге көтеріле түссе дейміз. Кішкене ғана мысал. Бұрын, шамамен 5-6 және соның алдында суды сөндіретін кезде көпқабатты үйлердің алдындағы хабарландыру тақтайшаларына алдын ала ескертетін. Соңғы жылдары мұндай да қалып барады. Жалп еткізіп суды сөндіре салады. Жуынып жатып, сабын­-сабын күйде қалдың ба, әлде лифт ішінде ме – оларға бәрібір секілді. Сонымен қатар, бір көпқабатты үйдің астында екі автокөлік жуатын жер бар. Бұл қаншалықты қауіпсіз тірлік екен? Кей тұрғын үй кешендерінің алдында, жаңбыр жауа қалса, қар ерігенде, көлшік пайда болады. Автожолдарда да осы көрініс байқалады. Осындай да, басқа да Астананың рухани да, материалдық реңін бұзатын мәселелерді барынша ретке келтіру – бітіре алмайтын шаруа демес едім. Жетінші қозғамағым. Туристік әлеуетін жақсылап зерделеу, зерттеу керек секілді. Дубайды былай қойғанда, Аланья да соңғы жылдары тұрмысы қоңданып, адамдардың сұранысы жағынан Астананың үстінен қарайтындай деңгейде ілгерілеп барады. Себеп неде екен? Климат десеңіз, ауа­райы суық қалалардың бірі Хельсинкидің қадірі неге төменге сырғымайды? Сондықтан Астана әрі қарай барынша экономикалық басымдығын пайдалана дамыса деймін.

«Айтпаса сөздің атасы өледі» деген ғой. Соған салып, жанымыз аши ойымызды ықшамдай жеткізуге тырыстық. Астана әрі қарай да өрлей берсін…

Құрманғали Нұрғали

 Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0