Адамзаттың бірнеше ұрпағы ауысса да, аттан түспей келе жатқан индустрияның күрделі бағыты бар. Бұл – машина жасау саласы. Адам баласы тарихта тас ғасыры, қола дәуірі т.б. деп аталатын кезеңдерден өткен. Тас қашауды, одан қажетті еңбек құралдарын жасауды, қоламен танысып, соны құюды үйренгенде, бір-бір дәуір болып артта қала берді. Ал, индустриалды дәуір ше? Солай қала ма, әлде дүние соңына дейін ере ме?..
Әрине, Құдай біледі. Десек те, адами ақыл-ой көкжиегінен қарасақ, тіршілік соңына дейін адаммен еріп баратындай. Абай атамыздың: «Махаббатсыз дүние бос…» деп келетін өлеңі бар ғой. Сол жолға салып, өзгерте жазсақ, қазіргі адамзат үшін өнеркәсіпсіз дүние бос. Ал, өнеркәсіпті, индустриалды бағытты машина жасау саласынсыз елестету мүмкін емес.
Олай болса, осы сараптамалық мақалада да жеңіл және ауыр көлік жасау ісі, электроника, жасанды интеллект секілді тақырыптарға тоқталғанды жөн деп таптық. Еліміз аталған салаларда әлемнің алдыңғы елдерінің біріне енбесе де, ілгерілеу бар. Қалай дегенмен экономикадағы стратегиялық орны зор ғой.
Машина жасау – тұтастай өнеркәсіп өндірісіне серпін беретін сала. 2022ж. өнеркәсіп өнімінің көлемі елімізде 48 777 млрд. теңгеге жеткен. АҚШ долларына шақсақ, $100 миллиардтан асады. Аз емес, десек те, төмендегі алып үш елге назар салыңыздар.
Алдыңғы екеуін былай қойып, Германиямен салыстырайық. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі бізден сегіз есе үлкен. Шартты алсақ, Қазақстан Германияға жету үшін кемі $200 миилиардты бағындыруы тиіс. Өнеркәсіп өнімінің құрылымдық жағына мән бермей, жайдақ алғанның өзінде.
Қазақстан 2020ж. 17 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі машина жасау өнімдерін импорттапты. Әлемдік масштабта алсақ, алып бара жатқан үлкен сома санала қоймас. Ал, біздің экономика тұрғысынан есептесек, аз қаражат емес. Себебі, сол жылғы ЖІӨ-нің шамамен 10%-ын төңіректейді, яғни әр оныншы теңге осы салаға, сыртқа жұмсалған.
Машина құрастыру ісі қай елге де оңай емес. Әйтпесе, әлемнің бүкіл елі белсене айналысқан болар еді. Ауыр өнеркәсіптің бет-бейнесі саналатын, әрі экономикалық драйвер бола алатын машина жасау саласындағы өндіріс көлемі елімізде артып келе жатқаны қуантады. Төрт жыл бұрын, осы бағытта Қазақстан машина жасаушылар Одағы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық министрлігімен бірге 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын жасағаны белгілі. Соған сәйкес, алдағы уақытта өндіріс көлемі 2 есе өспек. Ал, 2024–2028жж. қамтитын Машина құрастыруды дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, өндірістік өнімдерді 2,2, экспорт көлемін 2,9 есе арттыру көзделіп отыр екен. Кешенді жоспар аясында, 1,7 трлн теңге болатын 151 жоба іске асады. Осы орайда, осындай ірі жобаларға мұрындық болып, келелі істерді қыздырып жүрген Қазақстан машина жасаушылар Одағының еңбегін атап өту ләзім.
Электромобиль дәуіріндегі әлем және Қазақстан
Өткен жылы елімізде 103 мыңнан аса жеңіл автокөлік құрастырылған. Алдыңғы жылғыдан шамамен 11%-ға артық. Биылғы жеті айдағы көрсеткіш – 78 492. Демек, былтырғы деңгейден асуға мүмкіндік бар. Халқымыздың жылдық сұранысын шартты түрде ала салыстырсақ, жаңа автокөлікпен өзімізді өзіміз қамтамасыз етуге таядық. Қуантарлық жағдай. Сырттай есептей салғанға. Ал, іштей енсек, әлі де мәселе аз емес екені байқалады. Мәселен, қазіргі таңда Ресей санкцияда қалуына байланысты, бізге олардың экспорты едәуір төмендеді. Мәселен, Lada импорты екі есеге жуық азайған. Ондықта әрең тұр. Мұның рахатын өзбек автоөндірісі көріп жатыр. Олар қазақ автонарығында бірінші орынға шықты, яғни, былтыр қазақстандықтар сатып алған жаңа автокөліктердің шамамен үштен бірі солардың Chevrolet-і. Бұл жақсы көрініс демес едім.
Автокөлік – қазіргі ат. Ал, бабаларымыз әлімсақтан “Ер қанаты – ат” деп, сол кезден-ақ көлікке баса мән берген. Олай болса, көлік өнеркәсібін стратегиялық бағытта қарау қажет.
Тағы бір жайт. Ел экономикасында ауыл шаруашылығының орны зор екені белгілі. Десек те, бұл сала да әрі қарай индустрияландыруды, цифрландыруды қажет етеді. Басқаны қозғамағанда, ауыл шаруашылығы техникаларының шамамен 80%-ының тозығы жетіпті. Еліміздегі агропаркте 2021ж. 180 мыңдай комбайн мен трактор болған. Мұны неге қозғадым? Енді әр елдің комбайны мен тракторын құрастыра бермей, өзіміздің зауыт салуға мойын бұрсақ. Осылайша, шартты түрде алғанда, еліміздегі 140-150 мың комбайн мен тракторды қазақстандық брендпен жаңаласақ, бұл дегеніңіз қаншама жұмыс орны, әрі халқымыздың өндірістік әлеуетін, кәсіптік-техникалық дағдысын жедел арттыруға қосқан үлес болады.
Көктемде «Kazakhstan Machinery Fair 2023» көрмесін қарай отырып, елімізде автобус жасау ісі де ілгерілеуде екенін көрдік. Қазақстандықтар құрастырған Daewoo, Yutong авто-электробустар қойылыпты. Көңілді тағы бір жайландырғаны, уақыт талабына сай, электробус жасауға мамандана бастауымыз. Мысалы, Yutong электробусы Астана, Алматы, сонымен қатар, жақын шетелде де сұраныста екен. Елордаға биылдан бастап жолаушыларды тасымалдауға Yutong электробусы алынды. Автобус жүргізушісінен арнайы барып сұрадық. Айтуынша, іші жайлы, жүрісі жеңіл. Ал, әскери техника дегенде, назарға түскені – “Alan-2” көпмақсатты бронемашинасы. Сынақтан өткізген жүргізушінің сөзінше, әлемдік деңгейде теңдесі жоқ. Израиль көз тігіпті. Ресейдің әскери темір-терсегін ғана көрген кей жұртқа бұл таңғаларлық техника саналған секілді.
Бірақ, назар аударарлық маңызды мәселе бар. Өзімізді «дәстүрлі» автокөлікпен қамтамасыз ете алмай жүргенде, әлемнің дамыған мемлекеттерінде, автоөнеркәсібі ілгері кеткен елдерде электромобиль жайылып барады. Бейнебір арнайылап электромобиль дәуірінің лентасы қиылғандай көрініс. Былтыр дүние жүзі бойынша 10,5 млн электрокөлік сатылған. Масштабты елестетіңіз.
Бұл Қазақстандағы бүкіл автокөлік санынан 2,5 еседей көп. Осылайша, 2022ж. сатылған бүкіл автокөліктердегі үлесі 14%-дың үстіне шыққан. Еуропаның көптеген елдері, АҚШ, Қытай тіпті алдыға кетті. Данияда 2030-жылдан бастап, бензин немесе дизельмен жүретін автокөліктерді тіркеуге тыйым салынуы мүмкін. 2017ж. Норвегия парламенті 2025-жылға қарай, сатып алынатын жаңа автокөліктердің барлығы электромобиль болуына дауыс берді. Бұл, бұл ма, норвегтерде 2040-жылға таяу, ішкі рейстегі ұшақтары да тек электрмен ұшады делінген болатын. Үндістан да үн қосты. Олар 2033-жылға қарай толық электромобильге көшу мақсатын қойып отыр. Үнді елі халық санынан дүние жүзі бойынша бірінші орынға шыққанын ескерсек, электромобиль сұранысын одан сайын өсіреді.
Дүниежүзілік экономикада зор орны бар компанияларға жетекшілік етіп отырған И. Маск 2030ж. қарай, әлемдік көлік өндірісінде электромобильдердің үлесі 80%-ға жетеді деп болжайды. АҚШ-тың кей қалалары бұл қадамды бастады да. Ол басқаратын «Tesla» электромобильге деген сұранысты қамтамасыз етуге үлгіре алмай жатқаны да жарияланды. Ал, Audi 2025-жылға қарай, жылына 800 мың электромобиль жасамақ. Германияның Гельзенкирхен институты жанындағы Автотранспортты зерттеу Орталығының болжауына сүйенсек, 2025-жылға таяу Еуропа тек электромобильдер мен гибридті ғана пайдалануы мүмкін.
Осылайша, бұрын тиіп-қашып жүрген, жаппай өндіріске енбеген тоқпен, сутегімен жүретін көліктер – күнделікті көрініс болып, «әдеттегі» автокөлік тарихқа енуі бек мүмкін. Әлемдік бұл үрдістен біз тыс қала алмаймыз. Экономиканы бейімдеу керек.
Электроника, жасанды интеллект, смарт техникалар – экономика драйверлері
Микроэлектронды индустрия тарихын беріден алады. Дегенмен күнделікті өмірдің сан-саласына еніп кеткен. Компьютер, смартфон, кіржуғыш машина, автокөлік, жасанды интеллект (әрі қарай ЖИ), дрон және т.б. тұтыну тауарларының жаңалығына жаңалық қосып, «ақылын» арттырып жатқан, сол кәдімгі электроника өнімдері. Бұл саланы мұнаймен қатар қоюы тегін емес.
Шағын болса да, экономиканың күрделі, стратегиялық саласына айналып кетті. Кезінде Оңтүстік Корея, Тайваньды «Азия жолбарысы» деп атағанда, олардың электроникадағы жетістіктері еді таңдай қақтырған. Әлі күнге дейін Тайваньның әлемдік чип өндірісіндегі үлесі зор. Шағын елге шамамен бестен бірі тиесілі.
Атақты актер А. Шварценеггер сомдаған «Терминаторды» көрмегендер кемде-кем шығар. Естеріңізде болса, сол кино «Лос-Анджелес 2029ж.» деп басталады. Қызық болғанда, қазіргі ЖИ аталған фантастикалық көркем фильмдегі кейіпкерден кем емес деңгейге жетті. Ал, 2029-жылға дейін, егер, бір кедергі болмаса, қазіргіден де дамитыны анық. Әйгілі София ЖИ-дің голливудтық актер У. Смитпен кездесіп, «әңгімелесіп» отырғанын қарап көріңіз. Қытай жасаған «тележүргізуші» немесе компанияға басшы қылып қойған ЖИ ше? Ал, Үндістанда тележүргізуші ЖИ-лердің қарасы қалыңдап барады. Бір қарағанда, кәдімгі адам деп қалады. Ал, Tesla, SpaceX басшысы И. Маск былтыр Жасанды интеллект күні Optimus – гуманоид роботын көрсетті. Роботтың «интеллект» деңгейі алдыңғысымен салыстырғанда өскен. Үй шаруашылығында, бизнестің түр-түріне көмекші бола алады. Ол осындай роботтарды миллиондап шығаруды жоспарлап отыр. Қытай да миллиондап шығаруға қуаты жететін ел. Біз де осы көшке ілеспесек, солардың қолына қарап қаламыз.
Смарт пойыздар да транспорт жаңалығына жаңалық қосуда. Бірер күн бұрын ғана Польша, әлемдегі алғашқы, магнитті рельстегі пойызды сынақтан өткізді. Жылдамдығы 550км/сағ, яғни, Астанадан Алматыға дейін шамамен екі сағатта баруға болады. Біз ұшақтың өзіне сонша дерлік уақытымызды сарп етіп жүрміз.
Әзір азаматтық ЖИ басым дамуда. Алдағы уақытта әскери ЖИ робот – терминаторлар қаптаса не болмақ? Әскери күш қатарын солар жүздеп, мыңдап толтырса, қызықтың көкесі сонда шығуы мүмкін. Таяуда ғана АҚШ, роботтардан тұратын әскери жасақ құруды қозғады. ЖИ бойынша Қытай АҚШ-ты озып кетті деп те алаңдауда. Экономика бойынша ғана емес, әскери бюджет көлемінен де әлемдегі нөмірі бірінші мемлекет солай деп әбігерлене мәселе көтерген жайы бар. Дүние жүзінде көптеген әскери базалары бар, әрі НАТО-ның басы солай деп әлдебір алаңдаушылық білдірсе, біздің ел екі есе ойлануы тиіс. Әрі АҚШ әскерилері армияда ЖИ үлесі артатынын ашық айтуда. Олар тікұшақты, танкті басқара алатын ЖИ жасады.
Украина-Ресей соғысы да біраз нәрсені аңғартты. Бұрынғыдай топырлаған әскерден гөрі дрондардың, ұшқышсыз ұшатын аппараттардың, әуе шабуылына қарсы универсалды техникалардың маңызы артқан. Бұл жағынан алғанда, НАТО армиясы тіпті алдыға кеткенін көрсетті. Сол әскери блоктың мүшесі шағын Эстония адамсыз жүретін танк те шығарып үлгірді. Украина таяуда ғана жермен жүретін дрон жасады. Сондықтан да электронды индустрияны дамытуды, цифрландыруды, ЖИ көшіне ілесуді мемлекеттің стратегиялық маңызды бағытының біріне айналдыру қажет деп ойлаймын.
Ұлт бойында өндірістік әлеуетті көтеретін сала…
Машина құрастыру ісі – ұлт бойында өндірістік әлеуетті дамытатын сала. Қазақ – өндірістік қарым-қабілеті ашыла қоймаған ұлт. Осы салаға сәл үңілсеңіз де соны байқауға болады.
Өкінішке қарай, бұған қатысты мәселелерді шешу мемлекеттік деңгейде әлі жүйеленбей келеді. Көптеген шетін мәселенің шешілмеуі – Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен тығыз байланысты. Мәселен, заманауи техникалық мамандарды даярлау жүйесі жетілдіруді керек етеді. Өндіріс орны озық техника әкелсе де, соны игеріп әкететін маман табыла бермейді. Кейде маман табылса да, оның біліктілігі жетіспей жатады. Алдағы жылдары машина құрастыру саласындағы мамандар тапшылығы 7 мыңның үстіне шығады деген долбар бар. Бұл тиісті салалық министрліктердің, ондаған университет пен колледждің еңбек нарығын жете зерттей алмауының да салдары.
Сонау балабақша, одан қалды, мектеп қабырғасынан бастап, балалардың өндірістік қабілетін анықтап, тиісті мамандықтарға бағыттау ісі де бір ізін таппады. Осылай бірін-бірі қуып жатқан мәселелер. Меніңше, өндірістік саланың айтулы мамандарын министрлік жанындағы Ы. Алтынсарин академиясы, “Талап”, “Өрлеу” т.с.с. оқу-білімнің бағыт-бағдары, бір-бір кешені жасалатын мекемелердің ғылыми-шығармашылық ортасына тұрақты түрде қосып, тұтастай дерлік зерттеп барып, оқу бағдарламаларын, оқыту методикаларын жасау қажет. Оқушыларға арналған
техникалық оқулықты шығаруға қатысты да солай. Оқыту жүйесі де әлі әлсіз. Сыртпен кәсіби сабақтастық жетіспейді. Тіпті министрліктің өз ішіндегі өзара кәсіби байланысы да мәз емес күйде. Мысалы, оқу бағдарламасында, оқулықта әлдебір кемшілік байқалса, мұны жедел түзеудің орнына, бірбіріне сілтеп отыратынын көрдік. Басшылықтың өзінде. Сондай-ақ орта білім беру стандарттарын қайта қарау қажет. Адами капиталдың дамуына қайшы не кедергі келтіретін тұстарын алып тастаған дұрыс.
Осы күні жастардың дені Wolt, Яндекс – тамақ тасу, күзет, құрылыс т.с.с. салалардан нәпақа тауып жүр. Дені колледж, университет бітіріп, диплом алғандар. Жастардың тағы бір бөлігі блогер, ютубер боламын деп жүр. Той-томалақ, ырду-дырду жолында жүргендері де аз емес. Kazzinc, Балқаш түрлітүсті металлургия зауыты т.б. өндіріс орындарының жауапты қызметтерінде отырған адамдармен арнайы кездестім. Осы тақырып турасында. Олардың сөзіне қарағанда, жас буынның алып бара жатқан қызығушылығы жоқ немесе төмен. Жұмысшылардың орташа жасы қырықтың үсті көрінеді. Тау-кен саласы мамандығында оқып жүрген студенттердің арасынан менмін деген жиырмасын таңдап алып, өндіріс басына апарыпты. “Қазцинкмаш” цехының басшысы. Солардың екеуі ғана мойын бұрыпты. Қалғандары болашағын бұл саламен байланыстырмайтынын айтқан екен. Бұл ойлантарлық ахуал. Нақты әрекеттерге көшуді керек етеді.
Сондықтан балаларды ерте бастан ауыр өнеркәсіппен таныстырсақ, соған сай, қабілеті мен талабы ұштасып мен деп тұрған жас жеткіншектер осы салаға, тиісінше, көптеп келсе, ұтылмаймыз. Себебі, бұл саланың еліміз үшін стратегиялық мәні зор. Жасанды интеллект, робототехника, машина құрастыру ісіндегі техникалық, технологиялық алдыңғы жетістіктерді машина құрастыру ісімен сабақтастыра дамыту да мемлекет тарапынан қолдауды, бақылауды, бағыттауды керек етеді.
Мұнайға қатысты мамандықтарға ғана сүйреушілер, бұл саланың бүгіні мен келешегі кең екенін білсе екен дейміз. Күні батып бара жатқан мамандықтар емес дегіміз келеді. Бұл салада әлем бойынша 100 миллиондай адам жұмыс істейді. Ал, Қазақстанда 120 мыңдай адам қызмет етіп жатыр. Мұнай-газ, тау-кен, металлургия, ауыл шаруашылығы т.б. еліміздегі іргелі салалар да машина жасау ісімен байланысты. Сонда тіке және жанама әсерімен есептесек, еліміздегі миллиондаған адамның өміріне қатысы бар.
Сонымен қатар, бұл саланың басым тілі орысша. Қазақтілді ету де тиісті министрліктердің бас қатыратын бір шаруасы болуы тиіс.
P.S. 1. Біз жылда дерлік Қазақстан машина жасаушылар форумы мен көрмесіне қатысамыз. Соның аясында, барымызды байқап, жоғымызға бас шайқап қайтатынымыз бар. Көңілге медеу боларлығы, автокөлік, электрокөлік, трактор, комбайн т.б. құрастыру кәсіпорындары, зауыттары арқылы қазақстандықтар бұл істе машықтанып келеді. Дегенмен геосаяси жағдай от болса, құрастыру зауыттары арқасын беріп, кете салатынын көріп отырмыз. Сондықтан сырт елге тым тәуелді болып қалмауымыз қажет. Ендігіде. Бұл маңызды. Зауытта өзіміз жасап, әрі ұлт бойында өнеркәсіптік дағды қалыптастырмай, өндірістік өнерді дамытпай мемлекеттік стратегиялық қауіпсіздікті қамтамасыз еттік дей алмаймыз.
Әрине, қазіргі қарқын да бөтен емес. Десек те, әлемдік көштен қалмау жолында әлі де көп істер менмұндалап тұр.
«Kazakhstan Machinery Fair 2023» көрмесіне келген тұрмыстық заттар (тоңазытқыш, мұздатқыш, кіржуғыш машина және шағын станоктар, цех құрал-жабдықтары) шығаратын шетелдік компанияларға қарасаңыз да осы салаға Қазақстан баса мән беруі керек екені ұғындыра түседі. Сонымен қатар, заманауи медицина құрал-жабдықтары өндірісін, фармацевтика зауыттарын дамыту керек-ақ. Күнделікті өмірмен тығыз байланысты техникаларды, құрал-жабдықтарды, кәсіби аппараттарды өндіру ісін жүйелесек, алдыға сүйрей түссек, мыңдаған жұмыс орны ашылып, қыруар қаржы ел ішінде қалатыны тағы бар.
2. Көзін аша сала жер жыртып, балық аулаумен өскен, абсолюттік басымдығы сондай саламен байланысты Корея Республикасын, Жапонияны автогигант, техногигант елге айналады деп бір ғасыр бұрын кім ойлады?.. Әсіресе, оңтүстік кореялықтар өткен ғасырдың 60жж. жаңа техника мен технология мұрнына исі бара қоймаған ел еді ғой. Ал, қазір ше?! Samsung, Hyundai басқа да брендтер алыстағы біздің өмірдің де бір бөлігіне айналды. Кеме жасауда да айтулы мемлекет. Біз де жүйесін тапсақ, бәлкім, соларға жетерміз не асармыз…
3. Әр өңірге өнеркәсіп немесе өндірістік мектеп салуға да болады. Орта білім беру стандарттарының базасына сәйкес ете отырып. Машина құрастыру ісінің стартаперлерін қалыптастыру, сірнікті де заманауи ғалымдарын пісіріп шығару да кезек күттірмей шешуді керек етеді. Үкімет болмайтын немесе екінің бірі білетін және істей алатын “ғылыми” жобаларды емес, стратегиялық маңызы зор осындай салаларға екпін қоюы тиіс.
Құрманғали Қалмахан, журналист
Фото өңделіп жасалды
ПІКІРЛЕР