Астананың қақ ортасында, апта аяғында, “Қазақстанның үздік тауары” атауымен отандық тауар өндірушілер көрмесі өтті. Еліміздің көптеген өңірлерінен жетістіктерін арқалай келген кәсіпкерлердің тауарларын алуға, көруге келгендердің қарасы да аз болмады.
Еліміз еуразиялық агроиндустриалды ірі елдердің біріне айналғысы келіп отыр ғой. Соған сай, үңіле қарай жүргенде, көзге ерекше түскені, әрі дәмін тата отырып, байқағанымызда “Organic foods” өнімінің дәмі татымдырақ секілді сезілді. Сүт өнімдерін шығаратын кей компания өнімдерінен.
Басшысы да көрме басында екен. Әңгімеге тарттық…
– Компания қашан құрылды? “Даму” секілді қаржылық қолдау мекемелеріне сүйеніп аштыңыздар ма?
– Біздің компанияның құрылғанына көп болған жоқ. 2017ж. бері жұмыс істеп келеді. Нарыққа шыққанымызға биылмен үшінші жыл.
Жоқ, өз күшімізге сүйеніп, тұрғыздық. Әкімшілікте 4-5 адам жұмыс істейді. Қалғаны – өндірістік қызметкерлер, жұмысшылар.
– Сиырлар да өздеріңіздікі ме?
– Иә, өзіміздің шаруа қожалығымыз бар. Сиырлардың сүттісін іріктеп алдық. Әрі өзіміздің жергілікті ірі қаралар, яғни, шетел асып, әкелмедік.
Біздің компанияның басты артықшылығы – табиғи сүт өнімдерін шығарамыз. Сауудан бастап, дайын өнімге айналғанға дейін көз алдымыздан өтеді.
Дегенмен күрделі тұсын да атап өткен жөн. Мәселен, сауғаннан кейін жедел өңдеуге көшпесе, сүттің құрамы бұзылуы мүмкін. Сонымен қатар, табиғи өнім болғасын, ұзақ сақтай да, алыстау өңірлерге тарата да алмаймыз.
– Қай елдің құрал-жабдықтарын пайдаланасыздар?
– Германия, Түркие, Ресей т.б. елдердің құрал-жабдықтары негізінде шаруа түзіп отырмыз.
– Сиырды күніне неше рет сауасыздар (кей дамыған елдерде үш рет сауылатыны меңзелді)? Әрі орташа есеппен әр сиыр неше литр сүт береді?
(Осы арада екінші бір басшысы – Гүлзат ханым қосыла кетті)
– Күніне екі рет сауамыз. Әр сиырдан 8-10 л алып отырмыз. Бір сауғанда.
– Компаниядағы жоғары жалақы неше теңге?
– 1 миллион теңгеге дейін барады. Мұны технолог алады.
– Рахмет, табысты болыңыздар…
Қ. Нұрғали
ПІКІРЛЕР