Астанада Орталық Азия жылу энергетика көрмесі, III халықаралық форумы өтті. Айтулы іс-шараға Қазақстан, Қытай, Германия, Ресей, Австрия, Әзірбайжан т.б. мемлекеттен энергетика саласы басшылары, белгілі сарапшылар, білікті мамандар, ғалымдар қатысты. Олар өз еліндегі электр өндірісімен, заманауи технологиялармен бөлісті. Халықаралық форумда электр энергиясының өзіндік құнын төмендететін әдістер, қазіргі заманғы техникалар мен технологиялар ұсынылды.
Қазақстанда да бүгінгі күні энергия тапшылығы байқалуда. Мәселен, кей уақытта еліміз электр қуатының 30%-дан астамын шетелден импорттайды. Сонымен қатар, 2018ж. бері газ өндірісі төмендеп келеді. Ал, ел ішінде өндірілген электр энергиясының шамамен 80%-ы кмір қолданатын жылу станцияларында өндіріледі. Қазақстандағы жылу электр станцияларының, ЖЭО-тарының басым бөлігі тозған, күрделі жөндеуді, жаңартуды, жаңадан салуды керек етеді. Мұның үстіне еліміз 2060 ж. қарай, экологияны ластайтын энергия көздерінен арылуды мақсат етіп қойып отыр. Жете ала ма, тығырықтан шығатын жол бар ма? Халықаралық ісшарада заманауи өндіріс өкілдері, білікті мамандар түрлі жолдар ұсынды.
Jenbacher – шағын жылу станцияларын құратын, тиісінше, қозғалтқыштар жасап шығаратын австриялық компанияның Қазақстанға берері бар секілді көрінді. Себебі, АЭС саламын дегенше жылдар өтеді. Ал, электр тапшылығы қазірден білінуде. Аталған компанияның станциясы шағын, салу уақыты да ұзақ емес. Осындай тиімді жобалар да форум аясында ұсынылып жатты. Көрмеге қатысқан Германия компаниясының жылу қозғалтқышы да назар саларлық дүние.
Өкінішке қарай, Қазақстанда энергетик болғысы келетін оқушылар тіпті аз десек артық емес. ҰБТ дегенде физика мен математикадан алыс жүргенді қалайтындар аз кездеспейді. Қызық болғанда, Ресейде де осындай жағдай қалыптасып отырған көрінеді. Мұны осы форумға келген Иркутскідегі жоғары оқу орнының жауапты маманы атап өтті.
Халықаралық іс-шарада басқа да ауқымды тақырыптар қозғалды. ТМД төңірегіндегі энергетикалық мәселелерде ұқсастық бары байқалды.
Форумды ұйымдастырған – VstockCapital компаниясы. Осы уақытқа дейін кемі 330 форум өткізген. Бұған 80 мыңға жуық адам әлемнің әр түкпірінен келіп қатысқан. Олардың барлығы дерлік компания басшылары, білікті мамандар, сарапшылар, т.б. Сондай-ақ, ішінде үкіметтің жауапты қызметін атқарып отырғандар да бар.
Қ. Нұрғали
ПІКІРЛЕР