Астанада 4-халықаралық форум мен Орталық Азия жылу энергетика көрмесі өтті. Айтулы халықаралық іс-шарада электр энергиясы, жылу энергетикасы өндірісінің бүгінгі даму бағыттары, саланың мамандармен қамтамасыз етілуі және т.б. тақырыптар қозғалды.
Соңғы жылдары көршілер – Қытай, Ресейден бастап Орталық Азия елдеріне дейін энергетикалық қауіпсіздікке баса мән беріп жатқаны байқалады. Мәселен, Қытай энергетикалық өндіріс техникалары мен технологияда әлемдік деңгейде алға шығып кетсе, Ресейдің ескі базасының өзі әлі де өз-өзін қамтамасыз ететіндей. Орталық Азия бойынша алсақ, аймақтағы экономикасы ең үлкен мемлекет – Қазақстан да энергетикалық дағдарысқа ұшырамау үшін қамдануда.
Өндіріс өскенде – электр қуатына да сұраныс артады
Шағын да орта бизнес артып, үлкен өндіріс орындары салынған сайын электр қуатына деген сұраныс арта түсетіні белгілі. Мысалы, өндірісі көбірек Шығыс Қазақстан облысында пайдаланылған электр қуатының 70%-ы өндіріс орындарына тиесілі болған. Сонымен қатар, аймақтардағы жылу-энергетика орталықтары да техникалық жаңартуды немесе жаңадан салуды қажет етеді.
Десек те, соңғы жылдары орны толатын энергия көздері арқылы мәселені шешу де тәуір қолға алынып келеді. Конференция спикері А. Қаратайқызының сөзінше, бүгінгі күні елімізде 169 орны толатын энергия қуатын өндіретін өндіріс орындары бар. Былтыр солардың барлығы 8,6 млрд. кВт/сағ тоқ өндірген немесе бір жылда 7%-ға артқан. Мұның ішінде Күн, жел электр станциялары, биогаздың да үлесі жыл өткен сайын артып келеді.
Энергетикада да маман тапшы…
Өкінішке қарай, энергетика саласында да мамандар тапшылығы байқалады. Бұл туралы НИКА өндірістік компаниясының бас директоры А. Жанисов айтты. Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі энергетиктердің орташа жасы 53,5 екен. Демек, бір буын аталған мамандыққа тиісті межеде оқуға түспеген. Үкімет жұрттың қызығушылығын тудырып, бейімі бар адамдарды тартып, қажетті мамандық екенін түйдіріп, энергетика саласына тарта алмаған. Бұл бүгінгі үкіметтің ғана емес, кешеге дейін басқарған талай тиісті басшылардың жіберген қателігі, немқұрайлылықтарының салдары. Форумда бұл мәселені шешу қиын емес деп те айтты. Мәселен, екінші бір ардагер энергетик Ж. Оспанов, өткен ғасырдың 90жж. көшедегі кім көрінгенді 2 ай оқытып, энергетикке айналдырғанын, сондықтан алып бара жатқан мәселе емес дегенге келтірді…
Жастардың арасында аға буынның орнын басуға, яғни энергетика маманына құлшына қоймауының себебі неде?.. Стратегиялық маңызы бар мамандыққа қызықтыра, тарта білу керек еді…
Форумнан тағы бір аңғарылғаны,
энергетика саласына банк те, инвестор да онша қызыға қоймайды екен. Әрине, қазіргі сипатында, мазмұнында. Бәлкім, уақыт өте келе өзгерер. Демек, бұл саланың қалың бөлігі әлі де, мемлекеттің мойында жүре тұрады…
Халықаралық іс-шараны ұйымдастырған – Vostockcapital. Компания ширек ғасырға жуық уақытта жүздеген форум, конференция, көрме өткізген. Соған әлемнің әр түкпірінен 82 000 адам қатысқан. 12 мыңнан аса баяндама жасалған. Көбісі үкіметте, ірілі-ұсақты компанияларда жауапты қызмет атқаратындар…
Құрманғали Нұрғали



























ПІКІРЛЕР