Астанада «Қазақстандағы электрониканың өмірлік циклінде айналымдылықты және ресурстарды тиімді пайдалануды ілгерілету» жобасын іске қосуға арналған семинар өтті. Тақырып электронды қалдықтардағы қауіпті заттардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға әсерін азайту туралы.
Семинарға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың (Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму ұйымы (UNIDO), Тұрақты дамуды үйлестіру орталығы, Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған ортаны қорғау бағдарламасымен (UNEP), Жаһандық қоршаған ортаны қорғау қоры (GEF) және т.б.), электроника өндірушілері мен импорттаушыларының, қайта өңдеушілердің, салалық қауымдастықтардың, сарапшылар қауымдастығының, қаржы институттарының және азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері қатысты.
Өзекті болғасын ба, әлде басқа ма, халықаралық іс-шара ә дегеннен пікірталасқа толы болды.
Электронды қалдықтың керегін алғанмен, қалғаны…
Семинарда сөз алған электронды қалдықтармен айналысатын компания басшысы А. Рахымның сөзіне қарағанда, салада мәселе қалың. Мысалы, ол бір компаниядан істен шыққан 7000 планшет алып, ішіндегі керек-жарағын алып, енді пластмассасын қабылдайтын жер таппай әлек болған. Тегін апарып беремін десе де, алатын жан адам жоқ көінеді. Елестетіңіз, бір ғана компаниядан 7000 шықса, ірі компаниялардан онмыңдап шығуы мүмкін. Сонда мұны қайтеміз? Үкімет арнайы полигон аша ма? Ұлттық статистика бюросындағы департамент директорының жасаған баяндамада, 2050ж. қарай әр қазақстандыққа 18 кг электрондық қалдық келетіні болжаныпты. Global electronics management долбарына қарасақ, сол уақытқа қарай, 9 млн тоннаға таяйды. Электрондық қалдық дәуірі деп аталмасын, әйтеуір…
А. Рахымның сөзінше, фандомат қойып, пластмасса қалдықтарын жинау экологиялық жағынан тиімді болғанымен, бизнес үшін мүлде тиімсіз жоба. Мәселен, бір сондай құрылғы 5000-6000 АҚШ доллары тұрады екен. Мұндайдың мыңын қою үшін миллиондаған ақша қажет.
Меніңше, жұртты ынталандыру үшін алған сусынның қалбырын, бөтелкесін қайта өткізгенде, бірден сол адамға ақша түсетіндей ету керек. Ұпай жинау арқылы да болады. Бірақ, бұл ұзақ уақыт алып, адамдардың назарын төмендетуі мүмкін.
Бүгінгі күні электрондық қалдықтарды қабылдайтын және жиналған көлемін, салмағын нақты уақытпен бақылап отыру тетіктері жоқ. Осы орайда, А. Рахымның ұсынған мобильді қосымшасы қолдауға тұрарлық секілді…
“Жасыл даму” масыл даму болмасын десек…
Қазақстандағы Samsung өкілінің көтерген мәселесі де орынды болды. Мәселен, аталған компания жылына 400 млн тг ақша төлейді екен. “Жасыл дамуға”. Түсінгеніміз, сөйте тұра, бұзылған не ақауы бар техникасына тағы экоақы төлеуі тиіс. Өкілдің ой қисынына салсақ, тауарды импорттағанда, экологиялық шығынына сонша ақша алып отырған “Жасыл дамудың” не керегі бар?.. Сонша ақшаның сұрауы қайда?.. Бұрынғы “түсінікті” еді: Н. Назарбаевтың кіші қызының қазанына түсетін. Ендігісі биліктегі әлдекімдердің “схемасына” түсіп кеткен жоқ па?.. Мысалы, анау 400 миллионнан электрондық қалдықтарды терумен, қайта өңдеумен айналысатын компаниялар неге өз үлестерін ала алмайды?
Электрондық қалдықтардағы қауіпті заттардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған мұндай іс-шаралар өтіп отырғаны жөн. Әрі әрекетке айналдыру тетіктері де жоғары болса, құба-құп. Семинарды ұйымдастырған – Тұрақты дамуды үйлестіру орталығы.
Қ. Нұрғали



























ПІКІРЛЕР