Астанада туризмге арналған халықаралық форум өтті. Бүгінгі күні Қазақстан үшін де бұл саланың маңызы артып келеді. Сондықтан мұндай іс-шараны ұйымдастыру – салмағы бар дүние.
Өткен жылы әлемдік туризм табысы $12 триллионға таяды. Осылайша, жаһандық экономиканың 10%-ынан асты. Қазақстан осының 0,1%-ына жетсе де, әзірге бөтен көрсеткіш болмас еді.
Дүние жүзі бойынша алсақ, Испания, АҚШ, Франция, Италия, Түркие және т.б. елдердің әлемдік туризмдегі орны зор екенін байқау қиындық тудырмайды. Ондықтағы мемлекеттерге жылына жүздеген миллион турист барады. Бұл дегеніміз жүздеген миллиард АҚШ долларын қамтитын экономиканың ірі бір саласы.
Әлем бойынша туристердің жартысынан астамы былтыр Еуропаны көздеген. 800 миллионды жуықтап қалады. Демек, әр еуропалыққа шамамен екі туристен келеді. Осыны шартты түрде алсақ, еуропалық деңгейге жету үшін Қазақстанға жылына 35-40 млн турист келуі тиіс, дұрысы олар ағылып келетіндей барынша жақсы жағдай жасалуы қажет.
Өкінішке қарай, осындай айтулы іс-шараға кей облыстардың қатыспағаны нені білдіреді?.. Берісі Қытай, Ресей, Өзбекстан, әрісі Монтевидео, Индонезия және т.б. елдердің туризм бойынша өкілдері туристер тартамын деп келген…
Жә, сонымен форумға қатысқан облыстардағы туризмнің ахуалы туралы, сол өңірлердің ресми өкілдерінен сұрадық. Павлодар аймағы былтыр 300 мың сыртқы және ішкі туристерді қабылдапты. Солтүстіктегі аталған облысқа ағылған шетелдік туристердің көбісі Ресейден, Қытайдан және Өзбекстаннан екен. Ал, Солтүстік Қазақстан облысы үш айда 50 мың адам қабылдаған. Ақтөбе облысын болса, бір жылда 230 мың турист шарлаған. Атырау, Қарағанды облыстарының туризм өкілдері мардымды жауап бере алмады…
Қазақстанның туризм бойынша да әлеуеті зор. Әттең, соның экономикадағы үлесі, шикізаттай артсашы…
Құрманғали Нұрғали




























ПІКІРЛЕР