Соңғы уақыттары көптеген ірі державалардың орташа дамыған, шағын елдерге тізесін батыруы қайта жалғасуда. Бұл тарапта әлемдік деңгейдегі іргелі ұйымдар тоқтамға шақырып, дипломатиялық жолдарды ұсынып жатса да, құлақасар емес. Әлдебір асығыс… Бейнебір жаңа әдіспен іргелі мемлекеттер әлсіздеу, ортакеуде елдерді өзара бөлісуге кірісіп кеткендей. Ойы «бұзық» қандай мемлекетті болмасын тәртіптеп алуға тиіс БҰҰ-ның тарихи реттеушілік күші, ықпалы да сондай сын сәттерде айқындалады. Осы орайда БҰҰ Бас хатшысының қоғамдық ақпарат және байланыс істері бойынша орынбасары Кристина Галлахпен сұхбаттасудың сәті түсіп еді. Назарларыңызға ұсынамыз.
– Кристина ханым, БҰҰ-ның қазіргі әлемдік деңгейдегі орнына тоқталсаңыз…
– Біріккен ұлттар ұйымының басты үш қызметі, міндеті бар. Бірінші тарихи міндеті – әлем елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосу. Бейбітшілікті қорғау. Екінші – БҰҰ-ға мүше елдердің өзара байланысын дамыту. Ынтымағын арттыру. Үшінші қызметі – жалпы адамзаттың, жекелеген елдердегі азаматтардың құқықтарының бұзылмауын қадағалау болып табылады.
Осы бағыттарда қарқынды қызмет жасауда.
– Дегенмен, Украина-Ресей арасындағы жанжалдарды, Таяу Шығыс елдеріндегі соғыстарды және басқа да осындай үлкен-үлкен мәселелерді бейбіт реттеуде БҰҰ қауқарсызданып бара жатқаны аңғарылады. Неліктен?..
Әрине, қазіргі уақытта Жер жүзі бойынша жанжалдар мен келіспеушіліктер көп. Кей дауларға, жанжалдарға жарты ғасырдан асып барады. Оларды шешу өте қиын. Десек те, екіжақты келіссөздер, халықаралық жиындар өткізу арқылы шешуге болады.
Өкінішке қарай, келісімге шақырумен шешілмейтін, ушығып кеткен дау-жанжалдар да кездеседі. Лапылдап жанған оттай әсер ететін оқиғалардың ортасында БҰҰ мүшелері қарап отыр деп айта алмаймыз. Оның Бас хатшысы да әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешуде аянбай еңбек етуде. Әрекетсіз емеспіз. (сұрақ ішінде аталған Украина-Ресей мәселесін қозғамады – Н.Қ.)
– Кейбір ірі елдердің (мысалы, Ресей, АҚШ және т.б.) тарапынан халықаралық шарттарды аяқасты ету қайта көрініс табуда. Бұның аяғы неге апарып соқтыруы мүмкін?
– Сізбен толығымен келісемін. Шынымен де ондай жағдайлар бар. Осы мәселенің басты негіздерінің бірі – халықаралық қарарларды, шарттарды кей елдер қабылдамағандығынан да туып отыр. Мемлекеттік заңдарында жоқ. Қалай дегенмен сондай ірі мемлекеттердің халықаралық шарттарға құлақ аспауына немқұрайлы қарауға болмайды. Сондықтан әлемдік қауымдастық елдері біріге отырып, оларға қысым жасауы қажет деп есептеймін. Біріксе, тыңдатуға әбден болады.
Сонымен қатар, саяси дау, жанжалдар ашық түрде талқылануы тиіс. Мәселені шешуде әлем елдерінің барлығының мүдделері тоғысқаны жөн.
– Кей мәселелерді әскери күш қолдану арқылы ғана шешу керек болар?..
– Күш қолдану – ең соңғы шара болып саналады. Барынша дипломатиялық әдістерді қолдануымыз қажет. Дипломатиялық жолдар түгесіліп, іс насырға шапқанда ғана, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелері мәселені әскери күшпен шешуге бел байлайды. Бірақ, күш қолданбас бұрын, саяси дау, әскери жанжал тудырған мәселе егжей-тегжейлі зерттелетінін еске саламын.
– Халықаралық шарттардың бұзылуы жалғасып жатқан тұста, болашақта орта деңгейде дамыған елдер, экономикасы кенже қалған шағын мемлекеттер өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін не істеуі қажет? БҰҰ мұндай жағдайда қандай көмек бере алады?
– Мен сізбен тағы келісемін. Әрбір сондай ел өз тәуелсіздігін берік те баянды етуі үшін биліктері –Парламенті, Соты, Үкіметі кәсіби, әрі демократиялық негізде дамуы тиіс. Бұны бір дейік. Екіншіден, мемлекет ішінде демократиялық құрылымдарды қалыптастыру, яғни құқықтық сананы кеңейтіп, заң үстемдік құрған қоғам тұрғызған дұрыс. Мемлекеттік мәселелерге сергек, әрі дер кезінде жауап бере алатын қоғам – шешуші күшке ие екенін ұмытпайық. Үшіншіден, алыс-жақын елдермен жақсы қарым-қатынаста болуы қажет.
Егер, мемлекет өзінің тәуелсіздігін қорғай алмайтындай сыңай байқатса, БҰҰ арнайы жиын өткізіп, мәселе көтереді. Араласа бастайды.
– Мазмұнды сұхбатыңызға үлкен рахмет!
Сұхбаттасқан: Құрманғали Нұрғалиев
ПІКІРЛЕР