Әлемдік саяси сахнада «қырық өтірікке» сұраныс жоғары…

Әлемдік саяси сахнада «қырық өтірікке» сұраныс жоғары…

Құрманғали Нұрғалиев

Саяси алдау, саяси сенімсіздік, саяси өтірік, саяси сауда – бұлардың түбірі неде? Адамның ішкі болмысымен байланысты ма?.. Әлде, саяси қажеттілік тудыра ма? Қай кезде қауіпті? Саяси өтіріктің шегі қайда?

АҚШ­тың өткен ғасырдағы президенті Франклин Рузвельт: «терісің мүйізтұмсықтыкынан сәл жұқа болса, саясатқа барма» деген екен. Егер айтқаны рас болса, бет қалыңдығы саясаттта жүргенде де «пайдалы». Қалай дегенмен, басқа кезді қайдам, қазіргі кезге жарап тұр. Саяси алдау, саяси өтірік, саяси сауда – қазіргі әлемдік саясаттан бастап, жекелеген елдердің де «әдетіне» айналып барады. «Өтіріктің құйрығы бір­ақ тұтам», «Өтірік өрге бастырмайды» деген қанатты сөздер әзірге оларға жүрмей тұрғандай. Әрине, олардың түсінігі үшін жүрмей тұр…

Мәселен, үш жылдай бұрын Ресей президенті В.Путин Валдай халықаралық пікірталас клубында айтқан сөзінде КСРО тұсында барлық ұлттардың өз тілдерін, әдебиетін сақтауға ерекше қолдау көрсетілді деген пікір айтты. Бірақ, тарих мұны теріске шығарғаны көзіқарақты баршаға айқын ғой. Ресей құрамындағы автономиялық елдерді айтпағанда, «жеке» Қазақ елінің өзін ұлттық сана­сезімнен ажыратуға (ана тілінен, мәдениетінен және т.б. бездіруге күш салу арқылы) саналы түрде кіріспеп пе еді?!

Путин билігі ағайын ұлты – Украинада Еуромайдан қызып тұрғанда, экономикалық көмек ретінде, «ешқандай артық ауыз шарттарсыз» 15 млрд. еуро кредит береміз, оған қоса газға да 30% жеңілдік жасалатынын айтқан еді… Тағы да сол Путин Украинаға қатысты: Еуропаны не Еуразиялық одақты таңдау – украин халқының жеке таңдауы деп мәлімдегені белгілі. Дегенмен, Украинаның тақтан күштеп тайдырылған қашқын президенті В.Януковичтен қалай саяси салмақ кетіп еді, жағдай басқаша болды. Қайда көмек ақшалар?.. Арзан бағадағы газ ше?!. Демек, орындалған жоқ… Орындалмақ түгілі, Будапешт келісімін бұзып, Қырымға баса көктеп, қойынға алып, Украинаның шығысына да тыныштық бермей, енді барып бетінің бері қарап отырғанын көріп отырмыз ғой.

Мұндай саяси алдаудан АҚШ та кенде емес. Соңғы онжылдықта өзіне ұнамаған Ауғанстанда, Иракта, Ливияда да «әлемдік қауіпсіздікті» ойлап, саяси өтірікті соққанын білеміз. Бірі уақытында, кейбірі соңынан ашылып жатты…

Бүгінгі күні сол үрдіс тым жылдам, әрі ашықтан­ашық жайылып барады. Қысқа да, ұзақ мерзімді де мүдде үшін саяси алдау, өтірік айту саясаттың үлкен бір мәні болып отыр.

«Мені мемлекет басшыларының ақыл-­парасат деңгейінің төмендігі қатты мазалайды. Маңызы орасан шешімді қабылдайтын олардың, сол шешім не туралы екенін ұқпайтындықтарын, білмейтіндіктерін өз көзіммен бірнеше рет көрдім. Қазіргі таңда билікке келгендердің барлығының ой­өресі тар, қысқамерзімді тарихи шекте ойлап, әрекет етеді. Бұл дұрыс емес», – деген еді, Еуропарламенттің экс-­депутаты, италиялық журналист, әрі саяси қайраткер Джульетто Кьеза. Мұның бір себебін ақпараттар тасқынымен де байланыстырады.  Десек те…

Басқа себеп неде? Мүмкін, әлемдік саяси жүйенің тозығы жеткен болар?.. Бұл да мүмкін… Әйтеуір, реактивті ұшақтың соңынан қалатын түтіні секілді, саяси сенімсіздікке бастайтын саяси өтіріктер, саяси алдаулар көптеген мемлекеттердің (бұл жерде негізінен ірі және саяси ықпалды  мемлекеттерге қатысты айтылып отыр) арам ойын іске асырып өтуге жарап тұр. «Түтін жолақтың» артына жасырынған жымысқы ойлардың сыры қашан ашылары белгісіз… Ал, салдары қандай болмақ?!. Оны елестетудің өзі ауыр. Себебі, көптеген халықаралық шиеліністер, аймақтық жанжалдар, тіпті дүниежүзілік соғыстардың үлкен бір түбірі саяси сенімсіздіктің өршуімен байланысты болғаны анық.

Демек, саяси алдау­арбауға, өтірікке құрылған мемлекеттердің «достығынан» келер пайда жоқ. Одан қаруды дос еткен нығырақ. Әлбетте, мемлекетаралық шынайы достықтың маңызы зор. Одан халықтың көрер пайдасы көп. Бірақ, оның өзі белгілі бір сенімнен бастау алуы керек қой. Мәселен, біздің елімізден ресейлік билік өткен ғасырдағы қолдан ұйымдастырған, ұлтымызды жойып жібере жаздаған ашаршылығы мен зиялыларымызды қынадай қырған зобалаң жасағаны үшін кешірім сұраса, қандай жарасымды! В.Жириновский секілді «тұлғаларын» «бұғаулап» ұстаса және т.б. жасаса, қандай сенімді әрі өркениетті қадам болар еді! АҚШ та біраз елдердегі бұғатты алса, болмағанда соңғы онжылдықтағы саяси кемшіліктерін мойындаса әлемдік саясаттың өркениеттенгенін көрсетеді. Тиісінше, мемлекеттер арасындағы саяси сенім де артқан болар еді. Ал, қазіргі әлемдік саясаттағы, елбасы Н.Назарбаев айтқандай, сенімнің төмендеуі – «қауіпті үрдіс».

Біз бұл жерде өз еліне қатысты саясатта, яғни өз халқына өтірік айтуға әдеттенген «саяси қайраткерлер» – үлкен­кіші шенеуніктер туралы сөз қозғап отырған жоқпыз. Оны да қоссаң, әлемдік те жергілікті де саяси сахнада «қырық өтірік» «қойылымынан» басқа дүние қалмаған ба деген ойға қаласың. Олардың «репертуары» қашан жаңаланатынын және оның «премьерасы» қашан болатынын уақыт афишасы көрсетер, бәлкім…

Алдан Смайыл, қоғам қайраткері, жазушы:

«Нағыз демократия осы болар еді ғой»

Кез­келген елдердің халықаралық шарттары, қол қойған келісімдері бар: саяси, экономикалық, әлеуметтік бағыттарда. Менің ойымша, халықаралық шарттарды бірнеше рет бұзған елдерге БҰҰ­ның ұйғарымымен тиісті шаралар қолдану керек. Ал, егер ол орындалмаса, саяси сенімсіздік пайда болады.

Бұрыннан және қазіргі кезде туындаған дау­дамай мен жанжалдарды жөнімен шешу үшін халықаралық ұйымдар – БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және т.б. белсенді және әділ жұмыс істеуі тиіс. Бірақ, қазір халықаралық дау­дамайды шешетін тетіктер әлі толық ойластырылмағандай көрінеді де тұрады.

Саяси элитаның ең үлкен гуманизмі ұлттардың намысына тимей, өзінің ұлтын көтеру. Ешкімді алаламай, өзінің ұлтының мүддесін түгендеу керек.

Адамзаттық жоғары деңгейге көтерілсек, өздерінің белгілі бір территориясы бар ұлттарға неге Тәуелсіздік бермейміз? Нағыз демократия осы болар еді ғой. Демек, адамзат өркениеті керемет деңгейге көтеріле қойған жоқ.

Сондықтан алып мемлекеттердің арасында тұрған біз де, маңайда болып жатқан оқиғалардан дұрыс қорытынды шығаруымыз керек. Кейде даурығып кетеміз. Сол дұрыс емес. Сыртқы және ішкі саясатта да қазаққа керек нәрсені айғайлатпай, шулатпай шешуіміз қажет.

Нұрлан Ерімбетов, белгілі саясаттанушы:

«…мемлекетаралық қатынастарға тек шенеуніктерді ғана емес, халықты да жиі қосу қажет»

Мемлекетаралық саяси сенім болу үшін ашық саясат жүруі керек. Бұл бір. Екіншіден, мемлекетаралық қатынастарға тек шенеуніктерді ғана емес, халықты да жиі қосу қажет: мәдени, спорттық, халықаралық фестивальдар және т.б. арқылы. Бұл жекелеген ел басшыларының арасындағы қарым-­қатынас нашарлағанда, халық жапа шегетіндей жағдай орын алмауына негіз болады. Кім келсе де, қарым­-қатынас тұрақты сақталмақ.

Бізге бірігіп жүретін елдер керек. Тарихтан сабақ алуымыз тиіс. Талай мемлекеттер пайда болды, бірталайы жоқ болды. Бұл қайталана береді. XXI-­ғасырда да… Өз­өзімізді алдамаумыз қажет. Біз де барлық қиын жағдайларға дайын болуымыз тиіс.

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0