Махамбеттің арғы аталарын бұл елге кірме дейді екен хан мен бектер. Соны паш қылып, Жәңгір ханның өзі де, оның төңірегіндегілер де Махамбетті «құлсың» деп кеміте береді екен.
Бір жолы Махамбеттің келе жатқанын көрген Жәңгір хан есігін бағып тұрған жалаңаш құлға:
– Ей, құл, қазір Махамбет кіргенде құшақтап алып жыла. «Ойбай, бауырым, қайда жүрсің? Жалғызсыратты ғой мыналар» деп құшақтап алып айырылма, – деп тапсырады. Соны айтып құлға бір теңге береді. Ондағы ойы Махамбеттің құлдығын бетіне баспақшы екен.
Махамбет кіріп келгендеақ құл:
– Ойбай, бауырым, – деп жармаса кетеді.
Сонда жалаңаш құлдың жауырынындағы ай таңбасын сипап тұрып Махамбет:
– Жылама, бауырым! Осынша еңіреткенде ана төрде отырғандар саған менен артық береді дейсің бе? – деп, қалтасынан бір уыс алтын теңге алып, құлға ұстата беріпті.
***
Махамбеттің үстінен тергеушіге арыз түседі. «Айыпкерді тексеруге кісі шығыпты, бүгін келеді» дегенді естіп, Махамбет атына мініп қалаға аттаныпты. Қаладан шыққан тергеуші қарсы кездеседі. Тергеуші жөн сұрап:
– Қайдан келесіз? – десе:
– Шыққан жерім артымда қалды, – депті Махамбет.
– Қайда бара жатырсыз?
– Баратын жерім алдымда.
– Деніңіз сау ма? – деп тергеуші ыза бола сөйлепті.
– Ауру болсам, атқа мініп осылай жүрер ме едім?
Тергеуші жөнді жауап ала алмаған соң өз жолымен жүріп кетіпті. Содан алдындағы ауылға келіп:
– Махамбет деген кісінің қайда екенін білесіздер ме? – депті.
– Сізге жолда көзі қысыңқы, қара шоқша сақалы бар кісі жолыққан жоқ па? – депті ауыл адамдары.
– Иә, жолықты.
– Ендеше, сол кісі Махамбет болатын.
– Махамбет ол болса, одан мен жауап ала алмаспын. Одан да әуре болмай, жөніме кетейін, – деп тергеуші қайтып кетіпті.
«Сөз тапқанға қолқа жоқ» кітабынан, Алматы, «Жазушы»баспасы, 1988-ж.
ПІКІРЛЕР