«Араб көктемінің» экономикалық шығыны – $614 млрд!

«Араб көктемінің» экономикалық шығыны – $614 млрд!

 «Араб көктемі» жылытты ма, әлде, суық болып қарыды ма әзірге толық жауап айту қиын. Себебі, Сирия билігі үшін тартыс аяқталмай отыр. Төңкеріс жайлаған елдердің соңғысы Сирия секілді болғасын жауап та нақты емес. Бірақ, белгілісі шығын аз болмады. Биылғы көктемде 500 мыңдай адамның қазаға ұшырағаны мәлім етілді. Экономикалық шығын да орасан. БҰҰ сарапшыларының ақпаратына қарағанда, 2011­-жылдан бері аймақ экономикасы 614 млрд. АҚШ долларындай зардап шеккен! Тіпті кей ақпарат құралы мұнан да көп қаржы көлемін жазды. Сирияның шығыны тіптен төбе шашыңды тік тұрғызатындай: 259 млрд. АҚШ доллары! Мұны аз деп ешкім айта алмаса керек.

Кімнің кесірі? Батысты кінәлайды. Ресейлік тарап. Ал, батыс елдері болса, сондай саяси жүйені құрған басшылар мен соған дем беруші мемлекеттерді сынайды. Сынай отырып, авторитарлық саяси жүйедегілермен күресті ашық та, басқалай да қолдап келеді. Бірақ, негізгі кінә сондай саяси жүйені құрған ел басшыларынан болса керек. Соның құрылуына жол беріп алған қоғамның да қатесі бар. Егер, басшысы дұрыс болып, қоғамы да түзу қалыптасып, халқы мен билігі өзара берік бірлікте болса, сырттан жаудың ашық енуі мүмкін де емес сияқты. Қазіргі кезде. Ашықтан­-ашық кірсе, бөтен елді басып алу, бейбіт мемлекеттің тыныштығын бұзу болып саналады. Сондықтан арампиғылды күштердің ашық енуіне жол жабылған болар еді. Демек, негізгі тарихи қателік те, жауапкершілік те сондай лас саяси жүйені құрғандардың мойнына жүктелсе, әділдеуі сол болатындай. Өйткені, қарапайым азаматтармен салыстырғанда қолында көбірек мүмкіндік болды ғой.

Керісінше, олар халқын тонау жөнінен бірімен-бірі жарысқандай. Мысалы, кезінде Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрәктың $40 миллиардтай ақшасы болғандығы, ал марқұм Муаммар Каддафиде де миллиардтаған АҚШ доллары бар деген ақпарат жарияланды. Ондайдан Тунистің қашқын президенті Зин эль-Абидин Бен Али де сау емес. $23 миллиардтай байлыққа өзі, жан-жағы иелік еткені жазылды.

Ел байлығын халқымен бөліспей, азаматтық қоғам, сауаттылығы басым мемлекет құрмай, керісінше, езу мен тонау жолынан таймағандардың тағдырының соңы қандай болғаны көзі ашық баршаға белгілі.

Әйтеуір, «көктемінен» жөнді көк шықпай отыр (бірақ, Тунисте демократиялық үрдіс қалыптасып келеді мұны атап өткен жөн). «Көпжылдық арам шөп» секілді көрінген ел басшыларын орындарынан жұлып алса да…

Құрманғали Нұрғалиев
Фотода солдан оңға қарай: 1. Тунистің қашқын президенті Зин эль-Абидин Бен Али; 2. Египеттің қазірде тұтқында отырған экс-президенті Х.Мүбәрәк; 3. Ливия басшысы болған, өз елі тұрғындарының қолынан азапталып дүниеден өткен М. Каддафи; 4. Сирия президенті, мемлекетіндегі азамат соғысына бірден-бір жауапты Б.Асад; 5. Қалың жұртының қысымымен биліктен кетуге мәжбүр болған Йеменнің бұрынғы президенті Али Абдалла Салех

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0