Әділдіктің әлін, махаббаттың мәнін, жігерліліктің жырын, достықтың сырын т.б. құндылықтардың құнын білгісі келгендерге Мұқағали Мақатаевтың шығармалары таптырмайтын дүние екені уақыт өткен сайын байқалуда. Мұқағали ағамыз соншалықты таланты бола тұра, тебірене терең мәнді өлеңдер жазса да, “Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын” деп ізет танытып, қарапайымдылықтан аспады. Дінсіздіктің ділсіздікке апаратынын, тілсіздіктің тексіздікке тірейтінін нәзік те кең жүрегі сезді.
Олай болса, Мұқағали ағамыздың туған күніне сәйкес, өлеңдерінің кей тұстарынан ұсынғанды жөн көрдім.
Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!
Құбылаға бет бұрып, қол қусырып,
Сәждеге бас қоятын, қайда күнім?!.
***
Жол қайда ақиқатқа апаратын?
Ел қайда Ақиқат деп аталатын?
Айлакер, арамзалар, алаяқтар,
Аяғы көктен келіп маталатын?
***
Иықтасып тұрсын деп елдерменен,
Қазаққа молшылықты кем бермеген,
Алайда Ата-қазақ мақтануды,
Әлімсақтан бер қарай жөн көрмеген.
***
…Өмір, өмір!
Болмайды түңілуге,
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге
***
Досым, саған сенемін. Сеніп өтем!
Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.
Достық деген – адамның көрігі екен,
Достық деген ақылдың серігі екен.
***
Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен,
Сынауға тіптен құмар кім көрінген.
Бірақ та,
Білесің бе, ей, кім көрінген,
Айтсын деп ақиқатты тіл берілген!!!
***
Тіршілікте көрінеміз өлместей,
Тұра алмаймыз ерегеспей, белдеспей.
Өтейікші бірімізді-біріміз –
Өшіктірмей, өкпелетпей, сен деспей!
***
Бақыт іздеп, мал бақ, мейлің, тас қала,
Бірақ, балам, мынаны естен тастама:
Бақыттысың бақыт іздеп сорласаң,
Бақытты боп сорлап жүрсең масқара!
Инш АЛЛА, Қазақ елі барда Мұқағали мұқалмайды! Аман болайық…
Құрманғали Нұрғалиев, журналист
Фото balapan.kaztrk.kz-тен алынды
ПІКІРЛЕР