«Ұлы шахмат тақтасындағы» Украина

«Ұлы шахмат тақтасындағы» Украина

Үш жылдай бұрын сол кездегі Украина президенті В.Янукович билігін тастап, Ресей асты. Әрине, халқына қарсы оқ ату, езу, жаныштау әрекеттері одан сайын қарсылық тудырғасын, билігінен төңкеріп түсіруге жеткесін барып, еліне желкесін көрсетті. Қысқасы, бас амандығын, жан жайлылығын ел мүддесінен жоғары қойған күйде қашты. Ресей болса, өз адамы биліктен кеткесін, уыстан шығуға ұмтылған Украинадан Қырымды тартып алып, қыр көрсетті. Ресей тек сонымен қоя салмады. Украинаның шығысында соғыс өрті лап етіп…әлі де тоқтайтын түрі жоқ. Экономика, әрине, әбден дерлік құлдырады.

Ресейдің отарлық саясатын кейін серпіген, Батысқа, саяси еркіндікке, демократияға қайта ұмтылған Украинада содан бері не өзгерді, өзгерсе, қай бағытта деген секілді сұрақтарды салмақтап көрсек. Соған сәйкес, бір, екі, үш…деп түйіп, әрі қарай екі жыл бұрын немесе 2015-жылы жарияланған «Украинадан көздеріңді құртыңдар!» немесе «Ұлы шахмат тақтасындағы» славян елі» атты мақаламды салыстыруға, ой қорытуға бір сеп болар деп қайта ұсындым.

  1. Украинада әлі де соғыс тоқтаған жоқ. Демек, әрине, адам шығыны сөзсіз артуда. Өткен жылдың аяғындағы мәліметке қарағанда, Украинаның шығыс бөлігінде жүріп жатқан соғыстан 10 000-дай адам қаза тапқан!
  2. Ресейшіл саясаткердің Украинада билікке келуі енді тіпті қиын. Әрине, бұл тұтастай Украинаға ресейлік отарлық саясатты кіргізбеу үшін жақсы.

Екі елдің арасында жылы саяси қарым­қатынас орнай қалғанның өзінде, екі туысқан ұлттың арасындағы араздық, қанды қақтығыс бірден ұмытылмасы анық…демек, Украинаға жасаған, жасап отырған Ресей билігінің түрлі саяси­экономикалық, әскери қысымдары т.б. алысты көздеген саясат болмай шығады.

Бұған негізгі жауаптылар, әзірге байқалғанындай, ресейлік және В.Янукович билігі.

  1. Ұлттық валютасы майданнан бері шамамен 3 еседей құнсызданып, 1 АҚШ долларына шаққанда 27 гривнаны төңіректеп тұр.
  2. Қазіргі Украина экономикалық жағынан сәл болсын жақсарып келеді. Мысалы, былтыр ЖІӨ-і шамамен 2%­ға өскен. Бұл жақсы көрсеткіш. Бізден жоғары. 2016-жылы Қазақстанның ЖІӨ-нің өсімі шамамен 1% болған.
  3. АҚШ бастаған батыс елдері де Украинаны жарты жолда қалдыра қоймайтындай саясат байқатады. Соңғы уақыттағы жағдайға қарасақ, Еуроодаққа кіруіне бір қадам қалғандай. Мысалы, Еуроодаққа Украинаның мүше болуына Нидерланды алдында қарсылық білдірген еді… Енді Нидерланды билігінің елеулі бөлігі оң қарауда.
  4. Бастысы, Украина халқы билігін билейтін, өзімен санастыратын мүмкіндік алды. Әрі қарай қоғамының осы мүмкіндіктен айырылып қалмауы, керісінше, сақтап қалуы, дамытуы – бүкіл Украина үшін маңызды.

Дегенмен, саяси жүйесінде демократиялық негіздердің әбден орнығуына, азаматтық қоғамының берік қалыптасуына, территориялық тұтастығын қалпына келтіруге әлі де кедергілер әжептәуір…

 «Украинадан көздеріңді құртыңдар!» немесе «Ұлы шахмат тақтасындағы» славян елі

«Украинадан көздеріңді құртыңдар!». Бұл әйгілі боксшы Майк Тайсонның өткен жылдың көктемінде АҚШ­-қа барған ресейлік журналистке айтқан сөзі. Бірақ, саяси рингтегі «чемпиондарға» «тот басқан» Тайсонның емес, өздеріндей «саяси чемпиондардың» күші керек. Оның өзінде де жәй «чемпион» емес, ядролық жойқын қаруымен қоса, сондай қарудан кем соқпайтын экономикалық қуаты бар мемлекеттер болмаса, тыңдата алмасы анық. Әйтпесе, осыған ұқсас сөзді өткен жылдың аяғында «G-20» саммитінде Канада премьер-министрі Стивен Харпер де Ресей президенті В.Путинмен амандасып тұрып: «Менің түсінуімше, сіздің қолыңызды қысуым керекпін, бірақ, осылай етіп тұрып, бір ғана нәрсені айтқым келеді: Украинадан кетіңдер» деген еді. Бірақ, кетер түрі жоқ… Неге кетпей жатыр?..

Алдымен сәл шегініс жасайық. Украинада ішкі қоғамдық, сыртқы геосаяси мүдделер қақтығысынан болған саяси дағдарыс шамамен бір жарым жылдан аса уақыт бұрын басталғаны мәлім. Сол уақытта Батыс державалары мен Ресей сыртқы бақылаушы ретінде сыңай байқатты. Екі жақ та: Еуропаға не Ресейге қарай бұрылу – украиндықтардың «демократиялық таңдауы» дегенді мәлімдеумен жүрді. Қос тараптың тартысқа түскен кезі, бетпе­-бет келуі – Украина президенті В.Януковичті күштеп биліктен кетіргеннен кейін басталды. Өз ықпалының кепілдігі ретінде болған В.Янукович тақтан құлағасын, ресейлік тарап іле­-шала Қырым мен Севастопольға ауыз салды. Батыс болса, Ресейді тұсаулаудың, тоқтатудың бір жолы – санкция деп, әлі күнге дейін жазалап келеді…

Әрине, АҚШ бастаған Батыс мемлекеттері мен Ресей бірінің сөзін бірі теріске шығарып жатса да, басы қылтиған бір шындық – Украинаның әлемдік геосаяси ойындардың нысаны ретінде ұсталып қалғаны… «Ұсталып» дегенге басымдық беру себебіміз, егер Украинада өз еліне шын берілген саяси билік, жүйе (оппозициясымен қоса) қалыптасқанында, билігі мен қарапайым халық өзара сенім мен түсіністікте болғанында, сыртқы саяси күштерге арқа сүйемегенде, осыншалықты шығын болмас па еді, кім біледі?..

Украина президенті П.Порошенконың айтуына қарағанда, Янукович билігі тұсындағы қорғаныс министрінің бұйрығымен 2012-жылы әскерге шақырылғандардың электрондық базасы жойылған! Ешқандай түсіндірусіз. Тіпті қағаздық нұсқасын да құртқысы келген екен! П.Порошенко Янукович билігі кезіндегі осы бір қауіпті әрекет – Украинаны мемлекет ретінде жоюдың жоспарына енгізілгенін атады! Ол үш бағыттан тұрған екен. Біріншісі, әскери жағынан қамсыз қалған елге шабуыл жасау, екінші – экономикалық тұсаулау, үшіншісі, қандай да бір саяси өзгеріске жол бермей, мемлекетті ыдыратып үлгіру! Масқара ғой! Елі сенген билігі осындай жоспармен әлек болса…

Ресей «қатардағы» Азия державасы болғысы келмейтіндей…

Украина кезінде ядролық қарудан бас тартқаны мәлім. Сол үшін территориялық тұтастығына, егемендігіне  ядролық қаруы бар державалар кепілдік беріп, Будапештте (Венгрия) арнайы келісімге қол қойғаны тағы белгілі. Бірақ, тұтастығына кепіл болған мемлекеттердің бірі – Ресей, Украина территориясын бұзды. Дегенмен, Ресей президенті В.Путин мұны жоққа шығарады. Батыс елдерінің сөздерін іліп алып, өңін айналдырған күйде өз тарапының әрекетін ақтап алып отыр. Сонымен Путин не дейді? Ол: «…бұл билікті қарумен басып алу емес, төңкеріс деп айтады (Батыс елдеріне қарата, Януковичтен кейінгі билікті айтып отыр – Қ.Н.). Ал, төңкеріс делік. Сонда бұл нені білдіреді? Мұндай жағдайда сол территорияда (төңкеріс болған – Қ.Н.) жаңа мемлекет пайда болады деп санайтын сарапшылармен келіспеу қиын. Ал, ол мемлекетпен және осы елге (В.Янукович билігін құлатқаннан кейінгі Украинаны айтып отыр – Қ.Н.) қатысты алғанда біз мойнымызға міндет алатын ешқандай да құжатқа қол қойған жоқпыз», – дейді. Бұл сөзді ТМД елдері институтының директоры, ресейлік саясаткер Константин Затулин де қуаттап, Будапешт меморандумы Украинаның қауіпсіздігіне, территориялық тұтастығына кепіл болса да, оның «тым еркіндігіне» кепілдік берілмегенін еске салды. Бұл жерде Константин Украинаның өз жерінде мемлекеттік тіл ретінде украин тіліне басымдық беруін, Еуропаға қарай бұрылуын шектен шығу ретінде меңзеп отыр…

Ал, мұндай саясат жүріп тұрғанда Украина мен Ресей арасы жақын арада тыныштала қояды деп айту қиын. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» дейміз бе немесе әлемдік қауымдастық ішіне әлдебір ашық та қауіпті саясат орныға бастады деп санаймыз ба?.. Әйтеуір, наполеонша айтқанда, «Әркімнің өз дұрысы бар» деген ұстаным халықаралық саясаттың «көркін» кіргізіп тұр. Қауіптісі, оның әлемдік қауіпсіздікке кепіл болады деген елдердің өзіндік саясат ретінде қабылдауы. Бұл енді көптеген ТМД мүшелері мен басқа да іргелі елге сүйеніп қалған немесе жақындағанды «сүйетін» мемлекеттердің «құлағына алтын сырға» болса, қанеки…

Украинаны жоғалту Ресей тарапының геостратегиялық ұтылысы болатынын белгілі АҚШ саясаттанушысы Збигнев Бжезинский «Ұлы шахмат тақтасы» атты шығармасында атап өткен еді. Онда Балтық жағалауы мемлекеттерінен, Польшадан айырылған Ресей үшін, енді Украинаны уыстан шығарып алу – еуразиялық империялық мәртебеден де қағылу деп түйген. Ал, 50 миллиондық (шартты түрде алғанда) славян елін қол астында ұстау, әрі қарай империялық қадамға жол ашатынын меңзейді.

Демек, Қырым мен Севастопольды тартып алған Ресейдің, оған да қанағаттанбай, Украинаның Донецк секілді «жаңа мемлекеттерін» ресми қолдамаса да, сырттай дем беру әрекеті түсінікті жайт болып шығады. Тағы бір «түсінікті» тұсы Украинаның оңтүстік-­шығыс, шығыс аймақтары – Украинаның халқы ең тығыз орналасқан, өнеркәсібі дамыған аймағы. Қаншама металл мен көмір кендері да сонда жатыр және сол аймақ бүкіл елді дерлік жарық, жылумен қамтамасыз ететін. Сонымен қатар, ел бюджетіне экспорттан түсетін валютаның үштен бірі аталған аймаққа тиесілі екен, яғни Украинаның стратегиялық жанды тұсы. Егер, одан айырылса, Батыстың алдында Украинаның да сүйкімі кетпек. Қарызға батқан, маңызды бөлігі жоқ, проблемаға толы мемлекетті Батыс та басынан сипап, қатарына қоса қоймас, сірә…

Сондай­-ақ, кей сарапшылар АҚШ пен Батыс: «Украина – Ресей емес, Украина – АнтиРесей» деген саясатты ұстанатынын айтады. Олардың ойынша, НАТО Украинаны қару­-жарақ қоймасы, Ресей іргесіне тыныштық бермейтін мемлекет ретінде пайдаланғысы келеді.

Жоғарыдағы себептерді сараласақ, Украинаның бейбіт қалыпқа қайта түсіп, өркениетті түрде дамуы – тікелей АҚШ, Батыс пен Ресейдің өзара келісімге келуіне тәуелді болып шығады. Егер, Ресей келісімге келіп, Еуропалық Одаққа, НАТО ұйымына Украинаның енуіне мүмкіндік берсе(!), «Азия державасы» ретінде қалуға көнсе, тыныштық та орныға түспек. Батыс әлемін қарумен оятып алған Ресей бұған келіспесе, жағдай ушыға беретіндей. Тағы бір анығы, Украинаны Батыс пен Ресей көп жылдардан бері торуылдап келгені, жіті назарда ұстап отырғаны. Мұны батысшылдар жеңіп, В.Ющенконың билікке келген кезі, бірде ресейшіл В.Януковичтың таққа отыруы, онан кейін былтыр қайтадан батысшыл П.Порошенконың президент болуы дәлелдей түседі. Демек, геосаяси таласта бірде АҚШ бастаған Батыс елдері жеңсе, бірде Ресей жеңген. Ал, қазіргі Украинаның саяси бір бейнесі итжығысқа түскен Батыс пен Ресейді көрсететіндей. Әрине, бұл жолы да Ресейдің жауырыны жер иіскеуі таңғаларлық дүние емес…

Украина не ұтты?

Бір жылдан аса уақыт өтті. «Енді Украина не ұтты?» деген сұрақтың қойылуы заңды. Бұл сұрақ та, оған айтылар жауаптар да уақыт алға жылжыған сайын сан мәрте қойылып, саралана береді.

Еуропадағы жемқорлыққа ең батқан мемлекетте белгілі бір тәртіп пен саяси мәдениеттің дамуына негіз қалануда. Демократияның үлкен бір тірегі – әділ сайлау заңдылықтары қалыптасып жатқандай. Елінде бір адамның сөзі емес, бәріне ортақ заңның «сөзі» өтетін демократиялық саяси жүйе құрып үлгірсе, тәуелсіздігін ішкі-­сыртқы жаудан қорғайтын қоғам құрса, Украинаның үлкен бір тарихи жеңісі осы болмақ. Қазіргі Украинада мұндай құндылықтарды әбден қалыптастыруға мүмкіндік бар секілді.

Дегенмен, әзірге ұтылғаны көптеу сияқты. Қоғамдық ойы тоқырап, елдік бір мақсатқа жұмылуы қиындап тұр. Бұны бір дейік. Екіншіден, БҰҰ­-ның Адам құқықтары бойынша Басқармасы таратқан мәліметтерге қарағанда, былтырғы сәуір айынан бері Украинадағы қарулы қақтығыстардан 6 000-дай адам қаза тапқан! 1,5 млн-­нан астам адам босқын кебін киген! Айналдырған бір жылдай уақыттың ішінде, КСРО-­ның Ауғанстанда он жыл жүргізген соғыстағы адам шығынының жартысынан асып кетті! Бұл да Украинаның үлкен шығыны. Үшінші. Экономикасы құлдырап, тоқырап барады. Украинаның статистикаға қатысты мемлекеттік қызметі таратқан мәліметке қарағанда, өткен жылы Украина экономикасының барлық дерлік салалары құлдырай түскен. Құрылыс саласы – 21,7%-ға, тауар және қызмет көрсету – 10,7%-ға, жүк айналымы 10,8%-ға, жолаушылар тасымалы 11,7%-ға төмендепті. Экспорты 50,1 млрд. АҚШ долларына (11,3%-ға), импорт 49,8 миллиард долларға, яғни 27,6%-ға дейін азайған! Инфляция шамамен 28%­-ға дейін жеткен! Тек ауылшаруашылығында ғана өсім болған екен: 2,8%. Оның өзі табиғаттың қолайлы жағдайының арқасында алынған астық көлемімен байланысты.

Бұған күніне 4­5 млн АҚШ долларын жұтып жатқан (80­ 100 млн грн.) Украинаның шығысындағы қақтығысты қосыңыз! Ұлттық валютасы гривнаның өзі былтырғы жылдың қаңтар айынан бері 2 еседен артық құнын жоғалтты, яғни девальвацияға ұшырады! Төртіншісі, осының бәрі әлеуметтік жағдайдың күрт құлдырауына негіз болды. Жалақы қысқаруда. Ертең осы әлеуметтік-­экономикалық мәселелер Украинада тыныштықтың болмауына мүдделі ішкі­-сыртқы күштерге тағы бір мүмкіндік беруі әбден мүмкін.

Мемлекет ретінде тізерлеп қалған, құлаудың сәл алдында тұрған Украинаны аяқтан тұрғызуға 40 млрд­-тай АҚШ доллары қажет делінген. Негізгі ұтылғандары осы секілді.

P.S. Украина үшін тыныштық пен өрлеу көпке түсетін түрі бар. Өйткені, дауға негіз болған «Дайрабай» мен «көк сиыр» анықталса да, оның айналасында туған дауды, даурығуды басатын бейтарап та еліне пайдалы әлеуетті күш әзірге байқалмауда. Демек, әзірге саяси да, әскери де қайшы түсу көбеймесе, азая қоймайтындай…

Белгілі АҚШ саясаттанушысы Збигнев Бжезинский әлемдік қауымдастық осы ауанда тұрса, Ресей тіпті Украинамен тоқтамай, Балтық жағалауы елдеріне, Польшаға енетінін ескертеді…

 Құрманғали Нұрғалиев, журналист

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0